Алапат ақпарат заманы біздерге аз жазуды үйретіп отыр. Тұтас кеңістік техника форматына ауысып барады. Бұрнағы газеттің етжеңді екі бетіне еңіреп мораль соғатын кеңестік кезең енді келмеске кетті. Уақыт ұсынған талап осы болғандықтан келіспеске де шараң жоқ. Көп жазсаң тағы да оқымайды. Сондықтан Абай хакім туралы алты жазбамды арнайы үш бөлімге бөліп оқырман қауымға ұсынып отырмын.
Бұл – бірінші бөлігі. Қабыл алыңыздар.
Құрметпен, Ықылас Ожайұлы
Абайға қатысты алты сөз
I
Аттап бассаң Абайға жолығасың. Қазақтың кей харекетінен Абайдың ашуы мен ызасын көресің. Әр қазақ перзенті Абай сөзінің тірі кейіпкері екендігін бағамдайсың. Сосын, Абайсыз қазақты түсінбейтіндігіңді, Абайсыз бұл халықты әмәндә дұрыс жолға сала алмасыңды аңғарасың.
Өзгермеген өмірімізден бірер мысалдар келтірейін. Жиырма үшінші ғақлиясында жарықтық : « Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар. ...Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?». Қызық. Абайға иланар болсақ, қазақ артта қалғанына да қуанатын халық екен. ОСЫ БІР ҚЫЛЫҒЫ КӨЗСІЗ ШҮКІРЛІГІ МЕН ТОБАНАЯҚ ТӘУБӘШІЛДІГІНЕН БОЛСА КЕРЕК. Содан бері аттай екі ғасыр өтсе де таптаурын түйсігімізден тағы да ТАҒДЫР жасап отырмыз. Сөзіміздің сыйқы мынау: «Тәжік пен ұйғырдан, өзбек пен қырғыздан қарағанда жағдайымыз жақсы ғой әйтеуір. Осы күнімізге де шүкіршілік дейік...» Саяси биліктің бес уақыт азаны іспетті, айтыла- айтыла тізесі шыққан осы бір сөздерді естісем болғаны кәдімгідей күйіп кетемін. Ақыры салыстырған екенбіз, ендеше алға озғандарды да мысалға алайық. ШІРКІН- АУ ДЕЙМІН, ЖАПОН МЕН КОРЕЙДЕН, АҒЫЛШЫН ӘМ НЕМІСПЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ЖАҒДАЙЫМЫЗ ҚАЛАЙ ӨЗІ ДЕП НЕГЕ АЙТПАЙМЫЗ ОСЫ?
Қазақты бұл халықтармен салыстыруға тағдыр алдында да ешқандай қақымыз жоқ па? Неге ғана артқа жалтақтаудан ақиқат жасауға бейімбіз осы? Әлде мына өмірде тек өзбек пен қырғыздан, тәжік пен ұйғырдан озсақ қана болғаны, «қалғанын қайдам» деп қалжа жескен бе едік?
Бұл, сірә ақылыңды айрандай божытатын нағыз надандыққа саяр шүкірліктің өзі. Кемеңгердің « Ашуың - ашыған у, ойың - кермек» ызытының ыстық демін енді ғана сезінгендеймін...
II
Ендігі айтпағымыз ақынның екі ауыз ғақлиясының астары хақында болмақ. Тағы да Абай айтады:
«Жақсылық жамандық пен - оған бір бәс,
Дін ісін, құдай ісін айыра алмас...»
Өлеңнің екінші жолына үңілер болсақ, дін менен құдай ұғымдары бір секілді болып сезіледі. Былай қарасақ, дін дегеніміз құдай, құдай дегеніміз дін емес пе деп ойлауыңыз да мүмкін. Міне, біздің басты қателігіміз де осы. Шама шарқымызша арасын ашалап көрсетуге тырысайық. ДІН ІСІ дегеніміз – ғасырлар қозғалысымен қылыптасқан рухани құндылықтар қабаты. Ең бастысы, бұл өзгермелі (замана талабына байланысты) ұғым. Өзгермелі екендігін 38 қара сөзінде хакім: «.... Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләм «ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» дегенде сахаба-и кәрәмлар «бұл бір жылдық бір күнде намаз нешеу болар» деп сұрағанда : оның патуасын сол заманның ғалымдары білер деген сөзінен ғибратланып қарасаң, замана өзгеруімен қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болды» дейді.
Ал абсолютті, мәңгілік , өшпейтін, өлмейтін, өзгермейтін заңдылықтарды құдіреті күшті ҚҰДАЙДЫҢ ІСІ дейміз. Абайдың жоғарыдағы ойды қайыра өлеңге сыйдырып «Қағида шариғаты өзгерсе де, тағриф Алла еш жерде өзгермеді» деп отырғаны да осы сөзімізді қуаттайды. Бізде дінтанушылардың көп болғанымен құдайтанушылардың ( бұл жерде ләддүни ілім иелерін айтып отырмыз) жоқ екендігін неме жасырайық. Жиырма жылдың бедерінде бірімізді- біріміз жамандаған жамағаттық мүгедек мүддемен тұйықталып, сақал мен шәліден аса алмаған шала сауатымыз осының көрінісі.
Қайыра айтамыз. Қазақияда дінтанушылар (моллалар десек те болады) көп, құдайтанушылар (ғалымдар мен хакімдер) дегеніңіз жоқтың қасы.
Ғалым дегеннен шығады өздерін ғаламат теолог санап жүрген «данышпандарымыздың» дені араб пен парсының яки болмаса түріктің діни еңбектерін аударумен аттарынан кәдімгідей асқар тау жасап алған.
Бұл бір ғана діннің емес, барша ғылым салаларының негізгі бас ауруына айналып отыр. Өтіміз жарылып кетсе де мойындайық. Біздің ғалымдар деп жүргеніміз ( төл түсініктен жұрдай) тек тәржімашылар ғана.
Ал нағыз ғалымға тән негізгі ұғымдар интертекст пен интерпретация герменевтика мен логика іспетті өткір зейін мен кесек ақылдың жүздерін расымен тат тұтып қалған. Содан шығар XXI ғасырдан мұқым 1400 жылға (XIV ғасыр) кешігіп жүрген архаикалық ақпарға толы мешіттің бүгінгі уағызынан шынымен-ақ шаршап кеттік...
(жалғасы бар)
Оставить комментарий