Енді елордалықтар үйіне көгілдір отын қосу үшін пайызсыз несие ала алады. Мұндай мүмкіндікті Halyk Bank ұсынып отыр. Жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Halyk Bank және "ECOJER" қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Оның аясында тұрғын үйлерді газдандыруға жәрдемдесу бойынша жоба іске қосылып, Halyk Bank алғашқы жүз тұрғынға үйлерін газбен жабдықтаудың орталық желілеріне қосу үшін пайызсыз кредит бермек.
Халық экологиялық таза көгілдір отынға көшуді жеделдетуі үшін қаржылық ынталандырудың қосымша шараларын енгізу аса маңызды. Осыған байланысты әлеуметтік жауапты ірі қаржы институты ретінде Halyk Bank үйлеріне газ қосқысы келетін бірінші жүз абонентке пайызсыз кредит бере отырып "ECOJER" қауымдастығының бастамасын қолдады.
Halyk Bank Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, Halyk Bank экологияны жақсартуға және ауа бассейнін тазартуға байланысты бірқатар бастамаларды қолдайды.
– Бүгінде экология мәселесі өте өзекті, әсіресе ірі отандық мегаполистер үшін. Біз Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үйлерді газдандыру жобасын қолдауға дайын екенімізді мәлімдедік. Жоба қосу жұмыстарының барлық көлеміне есептелгенін атап өткім келеді, яғни банк газды тұрғын үйге жеткізуден бастап, барлық қажетті газ коммуникацияларын қосуға және қажетті жабдықты орнатуға пайызсыз қарыз береді. Бұл – біздің елорданың әуе бассейнін сауықтыруға қосқан үлесіміз. Біз өз тарапымыздан елорданың бизнес-қоғамдастығын біздің бастамамызға қосылуға шақырамыз, – деп атап өтті Үміт Шаяхметова.
Аталмыш акция Halyk Bank-тың алғашқы экологиялық бастамасы емес. Өткен жылы қаржылық ұйым Алматы қаласының әкімдігіне оңтүстік астананы газдандыру бойынша қолдау көрсетіп, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 92 тұрғын үйді газға тегін қосқан болатын. Олардың арасында аз қамтылған отбасылар, көпбалалы және мүгедек балалары бар отбасылар, толық емес отбасылар бар.
– Бұл қысты біздің бірқатар отбасыларымыз көгілдір отынмен жылытылатын жылы үйлерде қарсы алды, – дейді Halyk Bank Басқарма төрайымы.
Нұр-Сұлтан қаласында пайызсыз кредит беру бағдарламасының шарттары бойынша тұрғындар 750 000 теңгеге дейінгі сомаға, 18 айға дейін жылдық 0 пайызбен кредит ала алады. Қарызды ұйымдастырғаны үшін ұсталынатын комиссия мөлшері алынған соманың небәрі 0,1 пайызын құрайды.
Осылайша, жүзден астам отбасы газға көшуге мүмкіндік алып, өз жағдайын едәуір жақсартады. Бұл – өз кезегінде атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға ықпал етеді.
"ECOJER" қауымдастығы Кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова әлеуметтік маңызы бар жоба мемлекет басшысының елорданы газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындауды қолдау мақсатында іске асырылып жатқанын атап өтті.
Оставить комментарий