Қазіргі таңда Қазақстанда COVID-19 ауруы бойынша ахуалдың жақсару серпіні байқалады. Бұл туралы премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп жазады үкіметтің баспасөз қызметі.
Министр мәліметінше, бүгінде вирустың репродуктивті индексі 0,98 құрайды. Аурухана төсектері 36%, реанимациялық төсек орындар 28% толы. 6 өңір – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары "қызыл аймақта" тұр.
– Қазіргі таңда Қазақстанда вакцинаның бірінші компоненті 1,9 млн жуық адамға, екінші компоненті шамамен 800 мың адамға салынды. Қоймалар мен медициналық мекемелерде вакциналардың жеткілікті көлемі бар. Вакциналау кесте бойынша жүргізілуде, – деді ол.
Алексей Цой "Ashyq" қосымшасы енгізілгелі 3 256 адам вирус жұқтырғаны анықталғанын, кей азаматтар ауырса да қоғамдық орындарға барып, өзге азаматтарға вирус жұқтыру қаупін тудырып отырғанын атап өтті.
Премьер-министр шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті.
– "Ashyq" қосымшасын пайдалану оң нәтижесін беріп отыр. Соның арқасында қызметтер көрсету саласындағы бизнестің жұмыс істеу мүмкіндігі жақсарды, оларға келуші адамдардың қауіпсіздігі артты. Қосымшаны пайдалану салаларын одан әрі де кеңейту қажет, – деді А. Мамин.
Оставить комментарий