Қызылорда облысы Арал ауданында қатты ыстық пен жауын-шашын мөлшерінің аз болуы себепті орнаған қуаңшылық жағдайға байналысты өңірде төтенше жағдай режимін жариялау жоспарланып отыр.
Ресми мәліметтер бойынша бүгінде Аралда 500-ден астам мал қырылған.
– Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда Арал ауданында төтенше жағдай жариялауға байланысты құжаттар дайындалып жатыр. Осы режимнің енгізілуін негіздеу үшін қажет кейбір зерттеулерді аяқтау ғана қалды, – деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.
Әбішевтың айтуынша, мамандар шөптің биылғы шығымдылығына байланысты ауданды шартты түрде үш санатқа бөлген. Олар қызыл, жасыл және сары.
Қызыл аймаққа 13 елдімекен енген. Өйткені жайылымдық жерлері 90 пайызға құрғап кеткен.
Ал сары аймақтағы елді мекендерде 30-40 пайызды құрайтын шөп бар.
Жасыл түспен белгіленген елді мекендерде шөптің шығымдылығы жақсы.
Гүлшара Әбдіқалықованың тікелей нұсқауы бойынша бүгінде өңірге 51880 жоңышқа және 2000 қап жем жеткізілген.
Бұған дейін Еділ Жаңбыршин бастаған бір топ нұротандық депутаттар өзендердің тартылуы, жауын-шашынның нормадан аз түсуі Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының халқына қиын туып жатқанын айтып, үкіметті шұғыл шара қабылдауға, қажет болса, төтенше жағдай жариялауға шақырған болатын.
Оставить комментарий