Үкімет неге қара майды байғұстың аузынан жырып, байдың аузына тықпалауға құмар?

/uploads/thumbnail/20170708194416934_small.jpg

Еліміздің Энергетика министрлігі таратқан ақпараттарға сүйенсек, Қазақстандағы мұнай-газ өндіруші 39 рентабельді компанияға мемлекет жәрдемдеспек. Дәлірек айтсақ, Қазақстан үкіметі «KazEnergy»  ассоциациясымен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бұл туралы «Қамшы» порталы Total.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Нәтижесінде мұнай бұрғылаумен айналысатын 57 компанияның 39-ы төмен рентабельді болып шыққан. Оларға ҚР Үкіметі 2015 жылдың 1-қазанына дейін пайдалы қазбаларды қазып алу  және оларды өңдеу үшін салық мөлшерін жеңілдетпек. Бұл осы саладағы жалпы компаниялар үшін салық салмағын 8 пайызға түсіруге мүмкіндік берді. Ал ақшалай есептегенде бұл сома -146 миллиард теңгені құрайды екен. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мырза мәлімдеген болатын.

Әрине бұл жерде де сұрақ туындайтыны сөзсіз: сонда мемлекеттік мәуеле көклеңкесіне қандай компаниялар кірді немесе мемлекет қаржысы кезекті рет кімдердің ауыз жеміне айналмақ? Мемлекеттің мейіріне бөленген компаниялар тізіміне: «Қаражамбасмұнай» АҚ, «ТандайПетролеум» АҚ кірген. Сондай-ақ , «Ақтөбемұнайгаз - СНПС» АҚ, «ТорғайПетролеум» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ-тан өтініш берілген.

Сонымен, үкіметтің арнайы қаржы бөліп, жарлықап отырған компаниялары кімдерге тиесілі және олардың жылдық табыстары қандай?

  1. «Қаражамбасмұнай АҚ». Маңғыстау облысында мұнай сорғылаумен айналысатын  Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі. Әзірге мемлекеттік жеңілдікті иемденіп үлгерген бірден-бір компания да осы. Жылдық есепте орташа 2 миллион тонна мұнай бұрғылайды. Қазақстандағы мұнай компанияларының ішінде ірі ондыққа, Маңғыстау облысы бойынша үштікке кіреді. Каналадық «CITIC Canada Petroleum Limited» компаниясының 100 пайыздық акционері.
  2. «Тандай Петролеум» ЖШС. Мұнай сорғылау -Атырау облысы Жолдыбай кен орны. Компания нарықта 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Отбасылық компанияның басында экс-мәжіліс депутаты Болат Қонарбай мырза тұр. Сондай-ақ, Қонарбай әулетінің жеке меншігіне «Батыс ЛТД» ЖШС, «Сәтті мекен» ЖШС, «Болсат»ЖШС тіркелген.

Ал өтініш білдірген тағы үш компанияның құжаттары үкімет қарауында екенін ескере отырып, аталмыш компаниялар туралы да деректерді назардарыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

  1. «Ақтөбемұнайгаз - СНПС» АҚ. Ресми деректерге сүйенсек, компания Ақтөбе облысына қарасты Жаңажол, Кеңқияқ, Солтүстік құбыр кен орындарын иемденген. Жылдық орташа табысы 2,5 миллион тоннадан (1997ж) 6,3 миллион тоннаға (2013ж) дейін артқан. Қазақстандағы ең ірі мұнай бұрғылайтын 5 компанияның қатарына кіреді. Аталмыш компания қоластына тағы бірнеше компания кіреді екен. Олар: «Пекин Палас басқарушы компаниясы» ЖШС. Акция үлесі 100 пайызды құрайды. «Sinooil» жанармай бекеттері. «Актөбе мұнай машкомплект» ЖШС. «Ұлы дуал» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы. «СНПС-Ақтөбе транспорт компаниясы».
  2. «ТорғайПетролеум» АҚ. Құмкөл кен орнының бірден-бір операторы. Компания Канадада тіркелген. Компания иесі – ҚХР CNPC мемлекеттік корпорациясы. Акциядағы үлесі – 67 пайызды құрайды. «ТорғайПетролеум» АҚ-тың 33%-ы «Қазмұнайгаз» ҰК-на тиесілі. Ал қалған 50 %-ы ресейлік ЛУКОЙЛ компаниясының меншігіне тиесілі.
  3. «Өзенмұнайгаз» АҚ. Компания Маңғыстау облысына қарасты Өзен, Қарамандыбас кен орындарында сорғылау-бұрғылау жұмыстарын жүргізеді. Компания «Қазмұнайгаз» АҚ-тың 100 пайызды қарамағына кіреді. Ал Қазмұнайгаз АҚ өз кезегінде «Самрұқ-Қазына» ҰҚ-на тиесілі болып табылады.

Ал, министрдің мемлекет қаржысын ауқатты компанияларға таратып беруінен астар іздеген мәжіліс депутаттары да өз пікірлерін білдірген екен.

Айқын Қоңыров, Мәжіліс депутаты:

-Бұл туралы ақпараттар жасырын жасалмауы тиіс. Бұл салық – халықтың салығы. Менің ойымша мұның артында коммерциялық құпиялар жатыр. Неге ол компаниялар өте әлсіз деп көрсетілген? Меніңше керісінше сияқты. Неге әлсіз? Бұл керісінше олардың репутацияларына кері әсерін тигізбей ме? Бұл ақшаны не үшін олар алулары керек? Халықтың мұны білуге толық құқылары бар. Өйткені,бұл ақшалар қайтып бюджетке келмейтінін білеміз. Меніңше олар мұны көпке дейін жасырып қала алмайды.

Түйін: ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары өзі атап өткендей 39 компания салықтан босатылатыны белгілі болса, олардың тізімі БАҚ-та жариялануы тиіс. Алғашқы бестіктің байлығы мен шайлығын біз санамалап көрдік. Бейшаралыққа душар болып тұрғаны шамалы, әзірше. Ендеше неге ол компаниялар 146 миллионды талан-таражға салулары тиіс? Әлде мұның артында сыбайлас-жемқорлықтың қандай да бір фактілері бүркеулі ме? ҚР Есеп комитеті осы мәселенің артына май шам алып түсуі тиіс емес пе? Онсыз да мемлекеттік «үнемдеу» саясаты мен қаржылық қиындық қос бүйірден қысқан алағай да, бұлағай шақта  мемлекет қазынасына қаржы бөлуге, қолдау көрсетуге тиіс компаниялардың өздері «бейшараның күйіне түсіп», үкіметтен ақша сұрағаны қайткені? Бұл да болса мұнайға тәуелділіктің дағдарыс кезеңіндегі тырбақайлығын көрсеткені ме, сонда?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Деректер - total.kz-тен алынды.

 

Связанные Статьи