Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылында бүгін тағы бір оқушы - Любовь Воскобой сабақ кезінде есінен танып қалды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Азаттық сайтының ақпараттарына сұйенсек, мектеп директоры оқушының талғанын видеоға түсіруге кедергі келтірген. Ата-аналар мен жергілікті дәрігерлердің сөзінше, соңғы екі аптада оқушылар арасында өзін нашар сезініп, шағымданғандар саны да артқан.
Соңғы кездері Қазақстанның ауа кеңістігінде медицина мен экологтардың дәрменсіздік танытқан «себепсіз» сырқаттар жиілеп кеткені жасырын емес. Біз бұл тақырыпты бірінше мәрте қаузап отырған жоқпыз десек те, салдары табылмаған түрлі кесапаттар тыйылар емес. Бұған аса мән беріп жүргенміз де шамалы. БАҚ біраз уақыт бажайлағанымен мәселені түбіне жеткізген ешкім жоқ екені де жасырын емес. Бұрын-соңды көз-көріп, құлақ естімеген індеттерді зерттеу үшін арнайы шетелден мамандар шақырғанымызбен, тұжырымдама көрсеткен себептерге сенгіміз жоқ. Басқасын айтпағанда, бір ғана Березовка ауылының балалары «талмадан» көз ашпауда.
Өткен жылдың қарашасында 30-дан астам бала бірінен соң бірі талып қалғандығы туралы жазған болатынбыз. Ол кезде дәрігерлер «шаршағанның әсері» деген күлкіңізді келтіретін диагноз қойған. Содан жалғасқан індет сәуірдің орта шенінде де шырғалаң салған-ды. Ол кезде балалары уланған ата-аналар «ұйқы дертінің» белгілері байқала бастағанын айтып базыналаған еді. Бұған да пысқырып қараған біреу табылмады.
Қарашығанақ кен орнынан бес шақырым жерде орналасқан Березовка ауылында 2014 жылдың қарашасында балалар жаппай улана бастаған. Ауыл тұрғындарының көбі мұның себебін Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінен шығатын зиянды қалдықтардан көреді екен. Өйткені, кеніш ауылдан бес шақырым қашықтықта ғана орналасқан. Ал консорциум басшылығы "барлық қалдықтар мен газдар экологиялық талаптарды сақтай отырып шығарылатынын" айтып ақталған.
Сәуір айының басында Қазақстанға келген БҰҰ-ның улы қалдық заттар жөніндегі арнайы өкілі Башкут Тунчак Ақмола облысындағы Калачи және Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындарын көшіру қажет деген. Алайда, бұл шешім айтылған күйінде қалғаны өтірік емес.
Күні кеше ғана мемлекет басшысымен кездескенде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мырза Елбасының алдында екі алған баладай кекештеніп тұрғаны туралы қазақстандық БАҚ жазған болатын. Иә, әкім басын көтеріп тұруға қауқары жетпеді. Өйткені, Елбасының өзі Березовка ауылының тұрғандарының жағдайын сөз еткен-ді. Осыған дейін Березовкаға қатысты өзіне шаң жуытпаған әкім ақыры бар шынын айтты. Айтпасқа шарасы қалмады.
Батыс өңірлері әкімдерін жинаған Елбасы Нұрлан Ноғаевтың басынан сипай қоймағаны рас.
Мемлекет басшысы Березовка ауылының тұрғындарының не себепті түтіннен талып қалғандарын сұрады.
«Бестау деген аудандарыңның халқы зардап шеккенін барлығы естіп қалды. Не істеп жатырсыңдар?»,-деді Президент пәрменділеу үнмен.
“Комиссияның шешімі бойынша бұл жерде көптеген факторлардың түйісуі бар. Бір шешімі мектептің сыртында котельный бар. Содан шыққан түтін әні жердегі өзінің «П» образный мектеп мына ортасында есік бар екен. Бір версиясы сол котельныйдан шыққан”, – деді БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев.
Осы жолы сөзден жаңылған Ноғаев мырза жыл аяғына дейін тұрғындардың барлығы толықтай көшіріледі деп түйін жасады. Енді күту ғана қалды. Елбасы мен әкімнің арасындағы сұхбаттың ертесі күні-ақ, Березовкада тағы да оқушылар талып қалды. Енді әкім не істейді? Жыл аяғын күте ме, әлде жылдам шара қолдана ма?
Нұргелді Әбдіғаниұлы