2 тамызда Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Ж. Пралиеваның жаңа қаулысы күшіне енді. Құжатта елорданың бірқатар кәсіпкерлік нысандарының жұмыс тәртібі жазылған.
Жаңа қаулыға сәйкес, дәріханалардан, азық-түлік дүкендерінен, байланыссыз жолмен қызмет көрсететін нысандардан басқа "Ashyq" жобасына қатыспайтын кәсіпкерлік нысандардың көпшілігінің жұмысына тыйым салынған.
Сонымен қатар сауда ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлері мен қала орталықтарына кіру тек "Ashyq" жүйесіндегі QR-кодты сканерлеу арқылы жүзеге асырылады. Бұл нысандардың жұмыс кестесі — таңғы сағат 7-ден 20:00-ге дейін. Сенбі және жексенбі күндері нысандар жұмысына тыйым салынады.
"Фудкорттар жұмысына сенбі және жексенбі күндері тыйым салынған. Ал дүйсенбі-жұма күндері адам санын 50 орыннан асырмай сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін "Ashyq" жобасы арқылы жұмыс істей алады. Жұмыс және демалыс күндері сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін тамақ жеткізуге және өзімен алып шығуға рұқсат етіледі. Түрлі акциялар, жәрмеңкелер, шоурумдар мен ұтыс ойындарын (онлайн-форматты қоспағанда) өткізуге тыйым салынады" делінген қаулыда.
"Ashyq" жобасына қатыспайтын қоғамдық тамақтану орындары — мейрамханалар, кафелер, кофеханалар, асханалар орналасқан жеріне қарамастан тамақ жеткізу немесе алып шығу қызметтерін көрсете алады. "Ashyq" жобасына қатысушыларға тек дүйсенбі-жұма күндері сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Бұл ретте мекеменің ішінде және ашық ауада толтырылуы 50 пайыздан, орындар саны 50-ден асып кетпеуі керек.
Оставить комментарий