Мәскеу "Талибанмен" біріге ме?
Германияның DW басылымы Ресей-Талибан арасындағы келісімдер мен саясаттар туралы қысқаша сараптама мақала жариялады. Қамшы тілшісі неміс басылымының талдауын аударып назарларыңызға ұсынады. Бұған дейін тәліптер мен Қытайдың ортақ мүддесі туралы Германиялық БАҚ-тың сараптамасын жариялаған болатынбыз.
Ресей Ауғанстандағы биліктің ауысуына жылдам дайын болды. Тәліптердің Ауғанстанды бақылауға алуына Мәскеу батыс елдерінен гөрі жақсы дайындалған. Ресей тіпті террористік топтың басшылығын мойындауы мүмкін.
"Біз алаңдамаймыз". Ресей президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Самир Кабуловтың бұл түсініктемесі Мәскеудің ондағы биліктің ауысуына реакциясын қорытындылайды. Жексенбіде Кабулов Ресей-1 мемлекеттік телеарнасында бұл ұстанымды ақтап, Ресейдің бұрынғы Ауғанстан үкіметімен де, Талибанмен де "жақсы қарым-қатынаста" екенін айтты. Бір қызығы, террористік ұйым Ресейде тыйым салынған.
Ресей елшілігі Кабулда қалады
Батыс Талибан қозғалысының жылдам қарқынына таң қалғанын жасырмады. АҚШ және еупропалық елдер мыңдаған батыс азаматтары мен ауғандық гуманитарлық қызметкерлерді Кабулдан шығарып әкетуге тырысуда, бірақ Ресей үнсіз қалды.
Ауғанстан астанасындағы Ресей елшілігі эвакуацияланбайтын өкілдіктердің бірі. Ресейдің Кабулдағы елшісі Дмитрий Жирнов "Эхо Москвы" радиостанциясына берген сұхбатында елшіліктің қауіпсіздігі мәселесі туралы келіссөздерде олардың көзқарасы "жақсы, позитивті, іскерлік" екенін айтты.
Батысқа қарағанда Мәскеу соңғы оқиғаларға жақсы бейімделген сияқты. Бұл туралы ауған сарапшысы, әйгілі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) талдау орталығының директоры Андрей Казанцев "Ресей басқаларға қарағанда жақсы дайындалды" дейді.
Казанцевтің айтуынша, Мәскеу Кеңес Одағының 1989 жылдардағы тәжірибесін ескере отырып, Ауғанстанға басып кірмейді. Дегенмен, ол Орталық Азиядағы бұрынғы кеңестік республикаларды қорғауға дайын екенін мәлімдеді.
Олардың кейбіреулері, мысалы Тәжікстан, Ресеймен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы арқылы одақтас. "Ол жерде әскери жаттығулар болды. Түрлі террористік топтардың шекараға енуіне жол бермеу үшін түрлі сценарийлер сыналды" деді Казанцев неміс басылымына берген сұхбатында.
Сейсенбіде Ресей Тәжікстанда жаңа әскери жаттығуларын бастады. Бұл бірнеше апта ішінде Ресейдің аймақта қатысқан үшінші жаттығуы. Бұрынғы барлық кеңестік республикалардың ішінде Тәжікстан Ауғанстанмен ең ұзын шекарасы бар. Шекараның ұзындығы 1300 шақырымнан астам.
Мәскеудің Ауғанстанға қатысты "екі түрлі стратегиясы"
Казанцев Ресей Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде "қару күшімен Орталық Азияны қорғаудың қажеттілігін болдырмау үшін" жұмыс жасап жатқанын, сонымен қатар "Қытай, Иран, Пәкістан және Үндістан сияқты негізгі аймақтық ойыншылармен келіссөздер жүргізіп жатқанын" айтады. Ол дипломатиялық байланыстар маңызды екенін түсіндірді, оның ойынша, жаңа азаматтық соғыс басталып, Ресей мен Орталық Азияға ұласып кету қаупі бар.
Отставкадағы полковник, Берлиндегі Халықаралық және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі неміс институтының (SWP) аға доценті Вольфганг Рихтер Ресейдің жағдайын түсіндірді. Оның пікірінше, Мәскеу Ауғанстанда әйелдер құқын қорғайтын демократиялық мемлекет құру туралы Батыстың "иллюзиясымен" ешқашан бөліспейді.
Батыс Ресей Талибанмен "жақын қарым -қатынаста" деген көзқарасқа келді. Ресей мен тәліптер арасында әр түрлі деңгейдегі байланыстар болды, мысалы, шілдеде Мәскеу Талибан өкілдерін қабылдады.
Соған қарамастан, Рихтер Талибанның жеңісі Мәскеуді шынымен де жайбарақат ететініне сенбейді. Ол Ауғанстанға қатысты Ресей "екі түрлі стратегия" ұстанады деп ойлайды.
Оның айтуынша, Орталық Азияда "Әл-Каиданың" іс-қимылдарының алдын алу үшін Ресей Талибанмен келісімге келуге тырысады. Ол Орталық Азия елдерінің шекарасында қақтығыстар болса, шекарлар қымтала түсетінін айтады.
Рихтердің пікірінше, Ресей үшін басты мәселе "талибандар исламдық ауғандық әмірлік құру жөніндегі ұлттық жобамен шектеліп қала ма, әлде 20 жыл бұрынғыдай исламдық жиһад күштерімен ынтымақтаса ма?" деген сұрақ болуы мүмкін.
Ресей Талибанды қашан мойындауы мүмкін?
Мәскеулік сарапшы Андрей Серенко Талибанмен келісімге келу Ресейге оңайға түспейді деп ойлайды. Оның пайымдауынша, Талибан "Әл-Каида" және ИМ құрылымдарымен күреседі, бұл туралы ресейлік дипломаттар оптимистік көзқараста. Серенко "Ауғанстандағы Талибан мен ИМ арасындағы шекара өте маңызды" дейді.
–Тағы бір мәселе Талибанның Ресейде террористік ұйым ретінде танылуы. Мәскеуге Талибанды бұдан былай неге қауіпті деп санамау керектігін түсіндіру өте қиын болады,– дейді Серенко. Ол ресейлік дипломаттардың "Талибанды" мақтауы оларды "тануға дайындық" деп санайды, бірақ Ресей мұндай шешім үшін Қытаймен келіседі және олар, мүмкін, ортақ мәлімдеме жасайды деп ойлайды.
Андрей Казанцев Талибанның Ресейдегі мәртебесін, атап айтқанда, террористік ұйымның статусын "техникалық деңгейде әлдеқашан жойылуы тиіс анахронизм" деп сипаттайды.
Алайда, ол мұны Кабулдағы жаңа үкіметті мойындаумен қатар жүзеге асатынын айтты. "Ресей бұл үшін шарттар қоюы мүмкін: мысалы, Талибан Ресейді нысанаға алған террористік топтарды қолдамайтынына кепілдік беруі мүмкін, Орталық Азия қауіпсіздігі туралы кепілдік төңірегінде шарттар болуы ықтимал" дейді Казанцев.
Вольфганг Рихтер Ресей Талибанды мойындау немесе мойындамау үшін уақыт қажет деп санайды. Оның айтуынша, мұндай кез келген қадам тәліптердің бұрынғы "қатал ортағасырлық билікке" оралуына да байланысты болуы мүмкін.
Ресей президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Самир Кабулов "Россия-24" телеарнасына берген сұхбатында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Талибанды террористік ұйымдар тізімінен алып тастаған кезде Мәскеу де солай істейтінін айтты. Талибанның қаншалықты "өркениетті" болғанына қарайтынын мәлімдеді. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та сейсенбіде сондай көзқарас білдірді.
Мәскеудің күрделі көзқарасы
Тұтастай алғанда, Талибанның жеңісі Мәскеуде әртүрлі көзқарастарды тудырды. Кеңес дәуірінен бері Мәскеудің Ауғанстан мәселесінен алған жеке жарақаты бар.
Андрей Казанцевтің айтуынша, Батыс ақпарат құралдары Батыстың жеңілісі деп бағалаған соңғы оқиғалар Мәскеуде "екінші Вьетнам" ретінде қабылдануда. Алайда ол Кремльдің алаңдаушылығын арттырады, өйткені Талибанның жеңісі бүкіл әлемдегі исламистік топтарға үлгі бола алады.
Андрей Серенко сонымен қатар тәжік немесе ресейлік талибан болуы мүмкін екенін ескертеді және жаңа мифтер ойлап табылып жатқанын ескертеді, ал бұлармен күресуге әлі ешкім дайын емес.
Оставить комментарий