Талибан ұйымының әскері Ауғанстанның солтүстігіндегі Баглан провинциясына жанармай мен азық-түлік жеткізуге кедергі келтіріп, жергілікті тұрғындарды ұрлаумен айналысып отыр. Бұл туралы Ауғанстанды тәліптер басып алғанға дейін вице-президент қызметін атқарған Амрулла Салех мәлімдеді.
– Тәліптер Андараб елдімекеніне жанармай мен азық-түлік жеткізуге тосқауыл қойып отыр. Гуманитарлық ахуал өте нашар. Мыңдаған әйел мен бала-шаға тауға босып кетуге мәжбүр болды. Соңғы екі күнде тәліптер балалар мен егде жастағы адамдарды ұрлап, оларды қозғалыс кезінде, болмаса үйлерді тінтуде тірі қалқан ретінде қолданып отыр" деп жазды ол Twitter-де.
Ол бұған дейін Талибан билігін мойындамайтынын, Ауғанстанда екенін айтып, өзін мемлекет басшысының міндетін атқарушы ретінде жариялаған. Өзге мемлекет басшыларынан келісім мен қолдау күтетінін мәлімдеген.
Талибан ұйымы 15 тамызда Кабулды басып алып, бірнеше сағатта Ауғастан астанасына толық бақылау орнатқан. Ел президенті Ашраф Ғани елден кетіп қалған. Қазіргі уақытта көптеген елдер өз азаматтары мен Ауғанстанның кей санаттағы бейбіт тұрғындарын елден шығарып жатыр. АҚҚ президенті 14 тамыздан бері Кабулдан 28 мың адам эвакуацияланғанын айтқан. Ұлыбританияның қорғаныс министрлігі 13 тамыздан бері 6 мыңға жуық адаимды елден шығарғанын мәлімдеген. Германия 3600 адамды Ауғанстаннан алып кеткен. Сондай-ақ Италия, Франция, Дания секілді елдер де эвакуациялау бойынша арнайы операцияларды жүргізіп жатыр.
18 тамызда тамызда Қазақстанға Ауғанстаннан 42 адам жеткізілгеніә хабарланған. Оның ішінде 25 адам Қазақстан азаматы.
Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан америкалықтарды, қауіп төнуі ықтимал ауғандарды эвакуациялау қарқыны жылдамдағанын, адамдарды елден шығару мерзімін ұзарту бойынша Талибан ұйымымен келіссөз жүріп жатқанын айтқан. Тараптар арасындағы келісім бойынша эвакуацияның соңғы күні 31 тамызға сәйкес келеді.
Алайда кеше Талибан ұйымының өкілі Сухейль Шахин Дохада Sky News басылымына сұхбаттасып, әңгіме барысында АҚШ пен Ұлыбритания әскерін Ауғанстаннан белгіленген мерзімде шығармаса, салдары ауыр болатынын айтты.
Ол Байденнің әскерін елден 31 тамызда шығаратыны туралы айтқанын еске алып, мерзімді ұзартқысы келсе, оны басып алуды жалғастыру деп бағалайтынын, мұның еш қажеті жоғын жеткізген.
Оставить комментарий