"Талибан" террористік ұйымының ресми өкілі үкіметке жаңа министрлерді тағайындады. Бұл туралы The Khaama Press News Agency басылымы хабарлады.
Қозғалыс өкілінің айтуынша, министрлер кабинетін құру бойынша арнайы консультациялар аяқталған, нәтижесі жақын арада жарияланады.
Басылым мәліметінше, Ауғанстанның сыртқы істер министрі болып "Талибан" саяси қанатының жетекшісі – Мулла Абдул Ғани Барадар тағайындалған. Қорғаныс министр қызметін қозғалыс жетекшісі Мулла Омардың ұлы мулла Якуб атқарады. Ішкі істер министрі болып радикалдардың аға басшыларының бірі Джалалуддин Хакканидің ұлы Халифа Хаккани тағайындалды.
Талибандар Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай мен бейбіт келіссөздердің бұрынғы қатысушысы Абдулла Абдулланы Ауғанстанды өтпелі кезеңде басқаратын 12 адамнан тұратын кеңес құрамына енгізді.
Агенттік жақын арада Ауғанстан үкіметінің толық құрамы белгілі болатынын айтты.
– Үкімет алдағы бірнеше күнде құрылады. Біз бұл процесті 90-95 пайызға аяқтадық және соңғы күндері соңғы нәтижені жариялаймыз, – деді Талибан өкілі Анас Хаккани.
Бұған дейін "Талибан" қозғалысы Ауғанстанды алғаннан бері бірінші рет өз көшбасшысының суретін көрсеткен.
17 тамызда Талибан содырлары Ауғанстан астанасы Кабулға кіріп, президент сарайын басып алған. Олар сол сәттен бастап іс жүзінде Ауғанстан Ислам Әмірлігінің құрылғанын жариялаған.
Оставить комментарий