Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар-2 ауылының тұрғындары Арыс пен Тараз оқиғасы қайталана ма деп үрейленіп отыр. Себебі оларға жақын маңда жарылғыш заттар қоймасы орналасқан, деп хабарлады Астана арнасы.
Ақжар-2 елді мекені тұрғындары жарылғыш заттар сақтайтын қойманы құзырлы органдар тексеріп, қауіп болса, басқа жерге көшірсе екен деп отыр.
– Арыста болған нәрсе, Таразда болған нәрсе ертең тағы қайталанып жүрсе, санымызды соғып қаламыз. Мына жерде үлкен мектеп бар. Мың жарым орындық мектеп. Соның бәріне қауіп төніп тұр, – деді ауыл тұрғыны Жәрдем Қазтуғанов.
Тұрғындардың айтуынша, ауыл маңына әскери адамдар жиі келетін көрінеді. Қоймада снарядтар бар екенін естіп, ауыл адамдары үрейлене бастаған. Сондықтан құзырлы органдар келіп, қарап тексергенін қалайды.
– Жер астында тротил болуы мүмкін. Оны тек тексергеннен кейін біле аламыз. Біздің талабымыз сол – көшіре ме? Үкімет өзі қарайды. Жақын жер, тротил жарылмасын, жарылса көпке дейін жетеді, – деді Ақжар тұрғыны Ғани Дәрібаев.
Белгілі болғандай, Ақжар-2-дегі қойма "Қазөндірісгеофизика" мекемесіне тиесілі. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі өкілдері қоймадағы жарылғыш заттар тек өндірістік мақсатта –мұнай өндіру кезінде қолданылатынын айтады. Ал, қойманың орналасқан жері қауіпсіздік ережелеріне сай, қашықтық нормасы сақталған. Жылына бір рет тексерілетінін атап өтті.
– Бұл аудан жаңадан салынып жатқанда, 2000 жылдардың басында ол жерде үй тұрғызуға болмайды деп тиісті органдарға хат жаздық. Соған қарамастан, елді-мекен бой көтерді. Ол жерде бұрын 3 қойма болған. "Запказвзрывпром", "ҚазЦКубнитрохим" және "Қазөндірісгеофизика" мекемесі қоймасынан қазір тек соңғысы қалды, - дейд ҚР ТЖ Министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Самат Тәждәулетов.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары қойманы көшіру жөнінде "Қазөндірісгеофизика" мекемесі басшылығына хат жазған. Мәселе әзірге басы ашық күйде тұр.
Оставить комментарий