"АрселорМиттал Теміртауға" қарасты Абай шахтасындағы метан газы атылғаннан кейін жансақтау бөліміне түскен екі кеншінің беті бері қарады. Бір ажалдан аман қалған олар жарылыстың қалай болғанын айтып берді.
Жарылыс болған сәтте жер астында 8 кенші жұмыс істеп жатқан.
– Әрқайсымыз өз жұмысымызды істеп жатқанбыз. Тарс ете қалды, сосын түтін басып кетті, бітті. Шамдар сөнді, газдың иісі жоқ. Арғы жағын білмеймін, – деді кенші Жеңіс Маралбаев.
Элайдын Зейналов пен Жеңіс Маралбаевтың жансақтау бөлімінен шыққанына екінші күн. Есін жиып алған соң, алты әріптесінен айырылғандарын естігенде қатты қайғырған. Ал өздері бір ажалдан аман қалған. Қазір ем-дом алып жатқан кеншілер жұмысқа жарамдылығы жөнінде медициналық комиссиядан өтеді. Жарамды деп танылсақ, тіршілік қамымен шахтаға қайта түсуден өзге амал жоқ дейді.
Еске салайық, 7 қараша күні таңғы сағат 08:30 да Абай шахтасында жарылыс салдарынан 6 адам қаза болып, 2 адам жарақат алған.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қайтыс болғандардың отбасына 10 жылдық жалақы есебінде ақшалай көмек берілетінін мәлім етті. Оқыс оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Оставить комментарий