Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Жолдаудың негізгі бөлігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналады" делінген ақпараттық хабарламада.
Бұл жолдау президенттің осы жылғы екінші жолдауы болмақ. Тоқаев алғашқы жолдауын 16 наурызда жариялаған. Құжат негізінен суперпрезденттік жүйеден бас тартуға арналған бастамалардан тұрды. Атап айтқанда президенттің партияға мүше болуына заң жүзінде тыйым салу, орталық сайлау комиссиясы төрағасы мен мүшелері, есеп комитеті, конституциялық кеңес мүшелерін партия құрамынан шығару, әкімдерге партия филиалдарын басқаруға тыйым салу, президенттің жақын туыстарына саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік құрылымдарды басқаруға тыйым салу, мәжілістің 70 пайызын пропорционалдық (партиялық тізім), 30 пайызын мажоритарлық жүйе (өзін-өзі ұсыну) бойынша жасақтау сияқты мәселелер көтерілген. Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында жалпыхалықтық референдум өтіп, оның қорытындысы бойынша Конституциясының 33-бабына 56 өзгеріс енгізу мақұлданған.
Билік өзгерістер пакетіне "Жаңа Қазақстанды" құруға бағытталған саяси реформа, президенттің құзыретін шектеп, парламентті күшейтетін қадам деген мазмұнда баға берген. Алайда мұндай мәлімдемелерге қарсы уәж айтқан сарапшылар да аз емес. Тіпті қабылданған өзгерістерде президент құзыретін шектейтін баптар көп еместігін, басым функциясы өзгеріссіз қалып, тіпті кей тұста күшейетінін аңғаруға болады.
Мәселен, 44-баптың 4-тармағына сай, президент сенат келісімін алып, Конституциялық соттың төрағасын, Ұлттық банк, Жоғары сот кеңесінің төрағаларын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындау, орнынан алу құзыретін иеленеді. Аталған тармақтың бұрынғы редакциясында президентте Конституциялық сот (бұрынғы кеңес - ред) пен Жоғары сот кеңесінің төрағасын тағайындау, орнынан алу құзыреті болмаған.
Оставить комментарий