Премьер-министр Әлихан Смайылов елге келіп жатқан ресейліктерге жұмыс тауып беру керек деген сөзі әлеуметтік желіде жұртшылық наразылығын тудырған соң ақталуға мәжбүр болды.
Үкімет басшысы кеше көші-қон мәселелері жөніндегі кеңес өткізіп, ресейліктерді құтты қонақтай қарсы алуға, жағдайын жасауға бағытталған бірқатар тапсырма берген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновға мигранттарды өңірлер бойынша орналастыру, жұмысқа тұру ықтималдығын қарастыру және кеңес беру мәселелерімен шұғылдануға тапсырды.
"Елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ келіп жатқан ресейліктерге жәрдем көрсету керек: ЕАЭО заңнамасына сәйкес оларды уақытылы тіркеп, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру қажет. Бұл орайда жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды" деген Әлихан Смайылов.
Смайылов артынша facebook парақшасында жазба жариялап, берген тапсырмаларын қайталап өтті. Сол-ақ екен премьер-министр жазбасы азаматтардың наразы пікіріне толып кетті. Көпшілік наразылығы үкімет басшысы өз азаматтарын жарыта алмай жүріп, өзгені жұмыспен қамту керек дегені қай сасқаны деген сарында. Смайыловтың отставкасын талап еткендер де аз болмады.
Енді бүгін Смайылов айтқан сөздерінің өңін өзгертіп, ақталып жатыр.
Смайылов дау тудырған кешегі жазбасын да өзгертіп, ресейліктерге жәрдем көрсету, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру қажеттігі туралы айтқандарын алып тастаған.
Оставить комментарий