AMANAT партиясының төрағасы – ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов алдағы президент сайлауына қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үміткерлігін қолдау жөніндегі халықтық коалиция құрылатынын хабарлады. Бұл туралы ол партия съезінде айтты.
"Өздеріңізге белгілі, бізден басқа да бірқатар партиялар мен саяси бірлестіктер президенттікке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отыр. Осы орайда біз сол саяси ұйымдармен бірлесіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құру жөнінде келісімге келдік" деді ол.
Мәжіліс спикерінің айтуынша, бүгін түстен кейін президенттің қатысуымен форум өтпек.
AMANAT партиясы съезде Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынған. Бұдан бөлек "Қазақстан Халық партиясы", мәслихаттар депутаттарының республикалық қоғамдық бірлестігі, "Қазақстан спортшылар одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі, "Qazaqstan Team" қоғамдық бірлестігі, Ұлттық волонтерлік желісі қазіргі президент үміткерлігін ұсынатынын мәлім еткен.
Кеше президент Павлодар облысына жасаған сапарында алдағы сайлауға қоғамдық-саяси күштер коалициясының атынан қатысқанды жөн көріп отырғанын жеткізген.
Оставить комментарий