Мақсат Әбдіқадырұлы шығыс пен қазақ медицинасын қатар ұштастырған. Тамыр ұстап, диагноз қоюды ғылым деңгейінде меңгерген. Өзі бұл тәсілді қазақ бағзы заманнан білгенін, қазақ медицинасында тамыр ұстаудың тоғыз әдісі барын, аталарымыз тамыр ұстау арқылы түріне, өңіне, көзіне, иісіне қарап диагноз қоя білгенін айтады. Орталықта диагноз анықтауда тамыр ұстаудан бөлек, УЗИ аппараттары мен лабораториялық тексерулер қолданылады. Ол үшін сәйкес құрылғы, қондырғылар жеткілікті. Дәрі-дәрмек негізінен шөптен жасалады.
Дәрігер инемен емдеу әдісінің де терең маманы. Емдік инелерді арнайы Қытай, Ресей, Оңтүстік Кореядан алдырады. Инемен емдеу әдісін қолданарда заманауи стандарттар мен халықаралық әдістемеден ауытқымайды. Айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алтын инемен аурудың 46 түрін емдеуге рұхсат берген. Күнделікті өмірде солардың жиырмадан астам түрі кең таралған көрінеді. Атап айтқанда, жүрек жұмысынан әлсіреуі, ұйқысыздық, стрестік жағдайлар, ас қорыту жүйесінің нашарлауы, түрлі грыжалар, бедеулік пен белсіздік, иммунитеттің әлсіреуі, гармоналдық ауытқушылық, асқазан, ішек жолының бұзылуы сынды көптеген кеселдерді жеңуде инемен емдеу әдісінің пайдасы мол.
Ғалым медицина саласындағы тәжірибесі мен білімі негізінде шөп дәрілерді пайдалану мен ине салудың пайдасы туралы 2015 жылы жарыққа шыққан "Қазақ медицинасы" кітабында егжей-тегжейлі түсіндірген.
Мақсат Әбдіқадырұлы диссертациялық жұмысының нысанасы етіп алған церебральды сал ауруына шалдыққан талай бүлдіршіннің аяққа тұрып кетуіне жәрдемдескен.
Дәрігер ДЦП-мен ауыратын балалардың 70-80 пайызының ата-анасы цитомегаловирус инфекциясына шалдыққанын айтады. Сондықтан жас ата-аналарға үйленгеннен кейін міндетті түрде дәрігерге қаралып барып перзентті болуға ниеттенуге кеңес береді.
Мақсат Әбдіқадырұлы Қазақстаннан бөлек, Қытайда да кәсіби түрде мойындалған. Қытай Халық Республикасы инемен емдеу қоғамының мүшесі. Қытай, ағылшын тілдеріне жетік. Жұмысын сол жақта жалғастырса, үлкен қызмет те, қыруар қаржы да табылар еді. Алайда ол атамекенім деп, бала-шағам сол елге сіңіп кетпесін деп келді. Содан бері міне, 10 жылдан астам уақыт сапалы қоғам құру жолында қызмет етіп келеді.
Оставить комментарий