"Түніміз қорқынышпен, үреймен өтті": Түркиядағы қазақстандық қазіргі жағдай туралы айтты

/image/2023/02/07/crop-0_296_1688x3000_100836154700.jpg

Түркиядағы Афьон қаласында білім алып жатқан қазақстандық студент Тасним Нығметула жойқын жер сілкінісінен кейін жергілікті халықтың көбі қорыққаннан үйіне кіре алмай жүргенін айтты. 

"Кешегі түн біз үшін өте ауыр болды. Жер сілкінісі болуы мүмкін деген дабыл қағылды. Түніміз қорқынышпен, үреймен өтті. Бәріміз далаға шығып кеттік. Түні бойы 1 қабатты кафелерде қондық. Әзірге бәрі тыныш", дейді қазақстандық студент. 

Оның айтуынша, Түркиядағы әкімшілік қызметкерлері "түнімен ұйқтамаңыздар, сақтанып отырыңыздар" деп ескерткен. 

"Басқа қалаларда жағдай өте ауыр. Ал біз тұратын жерде зілзала болмады. Тек ескерту жасалды. Әкімшілік қызметкерлері "түнімен ұйықтамаңыздар, сақтанып отырыңыздар", деді. Өзіміз керек-жарағымызды дайындап, жинап қойдық. Кеше аяқ астынан күн суытып, боран болды. Халықтың көбі қорқып, далада жүрді", дейді Тасмин Нығметула. 

Қазақстандық студент Қазақстанға оралуды ойлап отырғанын жеткізді, алайда әзірге нақты шешім қабылдамаған. Жағдай тұрақталса оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтістігінде болған қуатты зілзала құрбандары сәт сайын артып жатыр. Соңғы дерекке сай, жер сілкінісінен Түркияда 3400-ден аса адам қаза тапқан. 20426 адам жарақат алып, 7840 адам үйінді астынан құтқарылған. Сирияда 1602 адам мерт болған. Түркияның бірнеше қалаларында жер сілкінісі қайталануы мүмкін екенін жөнінде ескерту дабылы қағылған. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. 

 
 
Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи