Соңғы төрт жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Министр президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға жасалған қастандық үшін жазаны күшейту мәселесін үнемі көтеріп келе жатқанын атап өтті.
"Бүгінгі статистика көңіл көншітпейді. Соңғы төрт жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу біздің жіті назарымызда", - деді Балаева үкімет отырысында.
Айтуынша, отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді.
"Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар. Жәрдемге мұқтаж азаматтарға "бір терезе" қағидаты бойынша көмек көрсетілуде. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды", - деді министр.
Оставить комментарий