Бұл шаһарда қазір 2 млн 205,9 мыңнан астам адам тұрады. Бұл ресми тіркеуде тұрғандар. Тіркеусіз, жосықсыз ағылып жатқандар қаншама? Рас, келіп жатқан халықтың санында есеп жоқ. Құмырсқадай құжынадық.
Алматыға Қазақстанның түкпір-түкпірінен білім іздеген жастар, жұмыс іздеген мамандар ағылып келеді. Күнкөріске қаражат керек. Стипендия мен жалақыны жеткізе алмай, қосымша жұмыстармен жосуға мәжбүр. Бірақ мегаполиске ұмтылған халықтың бәріне жағдай жасауға инфрақұрылымның мүмкіндігі жете ме? Күн сайын кеңейіп келе жатқан шаһардың құрылыстары сейсмикалық қауіпті аймақтардан да ары асып кетті. Қала сыртын қаптаған ауылдар басты. Олардың барлығы дерлік шаһарда жұмыс істейді.
Полиция департаментінің мәліметінше, облыстан Алматыға жұмыс күндері 700 мыңнан астам машина кіреді. Қалаға сырттан 2 миллион адам күн сайын келіп-кетеді.
Алматыға жұмыс күндері келетін жеке көліктің санын бүкіл елдің автопаркімен салыстыруға болады. Алматының өзінде 617 мыңға жуық автомобиль тіркелген. Бұған облыстан келетін 400 мыңнан астам көлікті қосқанда, мегаполис көшелерінде 1 млн 100 мыңнан астам машина жүреді. Онсыз да күннің атысы мен батысына дейін толассыз көлік, қалада кептеліс.
Бұл мәселелерді қалай шешу керек? Өмір сапасын қиындатпай, жақсарта аламыз ба?
"Тұрғынның бәрін сыйдыру үшін қаланы кеңейту керек пе, әлде тығыздай береміз бе", деген сұраққа бір урбанист былай деді:
– Әр қаланы, әр бөлігін жеке алып қарастыру керек. Тоқтаусыз көлемін ұлғайта беруге болмайды. Қаланың аты қала, тұрғын саны өскен сайын тығыздала береді. Мысалы, бір саябақты алайық. Егер одан күнделікті көп адам өтсе, саябақта 24/7 адамдар жүрсе, халық тарапынан бақылау мықты болады. Бейнекамералар тек оқиғаны түсіріп алады, ал адамдар қылмыс орын алған жағдайда көмекке келе алады.
Бірақ баланс болуы тиіс. Шексіз тығыздай беруге болмайды. Ал қала аумағын кеңейту көптеген қиындықтарға әкеледі: жол салу керек, көлікпен қамтамасыз ету керек. Тұрғын үйлер салу қажет. Қала аумағын қанша ұлғайтсақ та, көпшілік бәрібір орталықта тұрғысы келеді. Сондықтан қала сыртындағы жерлердің, ондағы өмірдің сапасын жақсарту қажет, – дейді урбанист Гульмира Байгабулова.
Мақсат Халық, экономист:
– Қазақстан бойынша халық ең көп қоныстанған қала – Алматы. Еуропада үлкен мегаполистер көп. Бірақ біздің Алматы Нью-Йоркқа емес, Үндістанның Мумбайына ұқсап бара жатқан сияқты. Адам санын шектеу керек пе әлде мегаполиске ұмтылғандардың бәріне жағдай жасауға тырысу қажет пе?
– Алматыны Нью-Йорк сияқты қылудың қажеті жоқ. Өзім барған, көзбен көрген жерім болған соң айтарым, маған қала ретінде ұнаған жоқ. Алматының ондай болғанын қаламаймын. Оның үстіне, бұл таулы аймақ. Жер сілкіну қаупі бар. Биік ғимараттар қауіпсіздік жағынан сәйкес келмейді, сол үшін қаланы тығыздай берген дұрыс емес.
– Кеңес кезінде салынған үйлер көп, соларды бұзып, орнына биік тұрғын үйлерді салу қала өмірін жақсарта ма, әлде халықтың әл-ауқатына теріс әсер ете ме? Ескі үйден гөрі жаңа баспананы алу қиын, қолжетімсіз боп барады. Сапасына да сұрақ көп.
– Ескі үйлердің өзін екіге бөліп қарастырамыз. Тарихи сипатта салынған ғимараттарды сақтап қалу қажет, тарихтан айшықты болуы үшін. Ал енді тұруға жарамсыздарын бұзып, жаңа тұрғын үй салса болады. Басты шарты өте биік болмауы тиіс. Сапаға байланысты дұрыс айтып отырсыз, шыны керек, шет елдердегі жер сілкінісінен кейін бұл басты орынға шықты. Табиғи апатқа төтеп бере алатындай құрылыс салған абзал. Осыны қадағалайтын органдар көбіне бақылап, таза жүргізудің орнына, жемқорлыққа бой алдырып кететіндей көрінеді. Енді бұл 100% деп кінәлаудан аулақпыз. Бірақ қазіргі құрылыстан сондай олқылықты байқап жатырмыз. Сол үшін мәселе өзекті, кезекті жоспармен өз ретін табуы керек.
– Жастар ғана емес, халық жаппай ауылдан қалаға көшіп жатыр. Сонда ауылда кім тұрады?
– Мегаполиске ауыл адамдарды жұмыс табылар деген үмітпен келеді. Ауылда күнкөрісі жақсы болса, келмес те ме еді. Сол үшін ауылды аймақтың жағдайын жақсарту қажет. Моно қалалар идеясы дұрыс іске асырылса, сапалы білім мен медициналық көмек, табысты жұмыс орындары болса, өңір де дамиды. Американы аралағанымда Мичиган штатындағы кішігірім қалалар ұнады. Тұрғыны аз, жанға жайлы тыныштық, барлық жағдайы жасалған. Бізге осындай сипаттағы даму керек сияқты. Германия елінің қалаларында да сондай. Адам санын 300 мыңнан асырмайды, есесіне мемлекет тұрғындардың бар қажеттіліктерін қамтамасыз етуге тырысады. Сырттан адам көп тартылып, қала кеңейген сайын жол салу, коммуналдық және басқа да тұрмысқа керек қызметтерді жасау үкіметке қосымша шығын әкеледі. Бұл жерде эгоистік көзқарас қалыптасуы мүмкін: сырттан келгендерді кіргізбеу деген. Мұндайға өз басым қарсымын. Жоғарыда атап өткенімдей, өңірлерде жағдай жасалғанда, жұрт жаппай Алматыға қарай ағылмас еді.
Оставить комментарий