Ресейдің мемлекеттік пропагандасын жүргізетін кезекті бір журналистің байбаламы бүгін басты тақырыпқа шығыпты.
Бұл әңгімені бықсытқан Тина Канделаки дейтін өзінің ұлты грузин әйел. Қазақстандағы теміржол бекеттерінің атауы қазақшаланғанына күйіп-піскен екен. Қазақстан "Уральск" деген атауды "Орал" деп, "Сай-Утес" атауын "Сайөтес" деп, "Узень" деген атауды "Өзен" деп өзгерткелі жатыр, бұлар орыс тіліне тыйым салып, орыс мектептерін жауып жатыр деп...
Путин билігінің пропагандисі деп танылған медиа тұлғаның айдалада отырып, отқа май құймақ болған түрі. Қазақстандағы атаулар қазақ тіліне көшіп жатқанымен, Қазақстанның өзі біртіндеп орыс тілінің екінші отанына айналып бара жатқанын Тина тәтем қайдан білсін?!
Оның осы жазбасына Қазақстан қоғамының елең етуінің өзі біздің елдің ақпараттық кеңістігі орыс тілінде сайрап тұрғанын айдан анық білдіріп тұр емес пе?
Тина тәтеге Қазақстанға келу керек. Біздің қоғам туралы сыртымыздан тон пішпей. Әуежайдан түсе сала көрсін, қуана күтіп келген қанша журналист өзін танитынын, олар қай тілде сөйлейтінін. Кез-келген ресторанымызға келіп, ас мәзірін оқысын. Еліміздің ең ірі екі қаласы – Алматы мен Астанадағы аулаларда, мектептен шыққан балалардың қай тілде шүйіркелесіп жүргенін, алдыңнан шыққан күзетші, таксист, полицей, қонақ үй қызметкері қай тілде амандасатынын, метро мен автобуста қай тілдің шынымен басым екенін көрсін. Қазіргі Қазақстан деген ауылды жерлерін айтпағанда негізінен орыстілді қоғам екеніне көзі тез-ақ жетер еді ғой...
Тәуелсіздік алғалы талай жыл өтсе де орыс тілінен ажырамақ түгілі, оған одан сайын жармасып қалған Қазақстандай елден айналып кетпей ме, Ресейдің шын пропагандисі болса.
Әрине, қазіргі екіжүзді заманда әркім өзінің көргісі келетін "шындығын" ғана көреді. Қазақтың да осындай "өз шындығы" бар енді, кешірерсіз...
Канделакиге ақыл айтпаймыз ғой. Өзінің кіндік қаны тамған туған елінің, тарихы тым тереңнен келе жатқан туған ұлтының тағдыры бәрінен де маңызды екенін түсінетін кезі келер.
Оставить комментарий