Ұлытау облысындағы Конституциялық коалицияға сын айтылды

/uploads/thumbnail/20260218180402821_big.webp автор

Ұлытау облысының «Сарыарқа» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Qamshy.kz порталының редакциясына хабарласып, өңірде құрылған Конституциялық коалиция мүшелеріне бірқатар нақты талап қойды. Қоғам белсенділері Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары формализмнен арылып, ашық әрі мазмұнды қоғамдық талқылауға ұласуы тиіс екенін атап өтті.

Ұлытау облысында құрылған Конституциялық Коалиция мүшелеріне талап!
      Ұлытау өңірінде Конституция жобасын  халыққа түсіндіру мақсатында коалиция құрылғаны жарияланды. Алайда оның шынайы нәтижесі тек ресми кездесулер  мен есеп үшін түсірілген бейнежазбалар хақында ғана шектелмеуі тиіс.
      Еңбек ұжымдарында өтетін түсіндіру жұмыстары көбіне формалды, үйреншікті сипатта өтеді және нақты қоғамдық талқылау деңгейіне жете бермейтінін бәріміз анық білеміз, оның аяғы тек әдемі суретке түсумен ғана шектеледі.
       Коалиция құрылғаннан бері оның бірде-бір мүшесінің әлеуметтік желідегі  парақшаларында Конституцияның нақты қай баптары өзгергені, олардың бұрынғы және ұсынылып отырған жаңа нұсқалары, сондай-ақ олардың артықшылықтары мен ықтимал кемшіліктері туралы толық әрі ашық ақпарат кездестірмедік. Неге?
       Қазіргі заман ақпараттық технология заманы. Халықтың басым бөлігі, әсіресе жастар, ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алады. Нақты қоғамдық пікір де сол жерде қалыптасады.
        Осыған байланысты, «Сарыарқа» қоғамдық бірлестігі Конституциялық Коалицияның әрбір мүшесіне келесі талаптарды қояды:
1. Конституция жобасының барлық 96 бабының ішінде, өзгеріске ұсынылған әрбір бабын жеке - жеке жариялау.
2. Әр баптың бұрынғы және жаңа нұсқасын салыстырмалы түрде көрсету.
3. Өзгерістердің мақсаты, артықшылықтары және ықтимал тәуекелдері туралы ашық түсіндірме беру.
4. Әлеуметтік желілерде ашық талқылау ұйымдастырып, азаматтардың пікіріне белсенділік танытып жауап беру.

        Мысалға , супер -президенттік басқару формасынан кеттік десек, нақты қай баптармен анықтауға болады,  сот өкілдерін сайлау арқылы бекітуге қандай кедергі бар,  Құрылтайға депутаттарды сайлау тек партиялық тізіммен өтсе, ол партиялар көңілден шықпаған  жағдайда халық кімге дауыс беруі керек, заң  алдында бәрі тең деген 16 баппен  48 баптың 1 тармағы қайшы келмейме  және  т.б. көптеген сұрақтар бар.
        Конституциялық өзгерістер - ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан Коалиция мүшелері ұрпақ алдындағы алып жауапкершілікті  әлбетте түсінуі  керек.  
        Сол себепті, көпшілікті референдумда дауыс беруге көндіргеннен  гөрі, сендірген дұрыс!

 Құрметпен: «Сарыарқа»  қоғамдық бірлестігі.

Связанные Статьи