Айша Қабылқожаның «Қапшағай» өлеңіне шағын әдеби талдау

/uploads/thumbnail/20250311202550267_big.webp

      Айша Қабылқожаның «Қапшағай» өлеңі – тек табиғатты сипаттаған қарапайым жыр емес, уақыт пен тағдырдың, әділетсіздік пен арманның, рух пен мәңгіліктің құрыштай қортылылған қортынды жыры. Бұл туынды адам мен табиғаттың, тарих пен болмыстың, рух пен уақыттың біртұтас үндестігін көркемдік әлемнің сұлулығына суарып бейнелеген бейіш жыр. Ақын Қапшағай арқылы қазақ даласының, халқымыздың күреске толы өмірін, тіршілік тынысы пен тағдырдың тартысын алты таспа бұзаутіс қамшы өріміндей жымдастырып суреттейді.

             Қапшағай – үнсіздікке тұнған 
                         мәңгілік куәгер

      Өлеңнің алғашқы жолдары-ақ Қапшағайдың бейнесін тірі кейіпкер ретінде сөйлетеді: «Әй, Қапшағай, Қапшағай,
Кеудең кеңіш ақ сарай.» Қапшағай – жай ғана су емес. Ол – кең сарайдай кеңістік, сансыз сырды бойына жиған алып жұмбақ дүние. Ақын оған жан бітіріп, тағдыр бергендей.
        Ол бірде арқыраған, бірде тынышталған. Ол барлық зұлматты көріп, қаншама тарихты үнсіз жұтып жатыр. Ол бір кездері асау өзен болса, бүгінде тоқталып қалған, бірақ бойында сансыз сыр сақтаған мәңгі жұмбақ куәгер.
«Қан сасыған ғасырдың.
Қаншамұңың жасырдың?»
       Бұл жолдар – Қапшағайдың бойына жасырылған сансыз қасіреттің күрделі күресінің көрінісі. Қапшағай – тарихтың, зұлмат жылдардың, әділетсіздіктің үнсіз куәгері. Ол барлығын көрді, бірақ ешкімге тіс жарып айтпады, үндемейді, уілдеген желмен жиректеліп, білгісіз алыс жаққа тіл ұзатады. Алпат ой тудырады.

              Табиғат пен адам тағдырының 
                                   үйлесімі

       «Сабылтатын сенді ұрып,
         Жарысатын жел мініп.»
         Бұл жолдарда Қапшағайдың тағдыры мен адамның өмірі егіз қатар параллель салыстырылады. Ойды обыразбен сапырады. Қапшағай бірде асау, бірде тыныш. Адам өмірі де бірде тулайды, бірде басылады Ақын табиғат пен адам болмысын біріктіреді, бұл – қазақ поэзиясындағы ең мықты көркемдік тәсілдердің бірі.
«Қиянатпен қорлыққа.
Тек сен ғана куәгер.»
      Қапшағай – заманның, әділетсіздіктің, қуғын-сүргіннің куәгері. Ол әділетсіздікті көрді, бірақ қарсы тұра алмады. Ол халқымен бірге жылады, бірақ дауыс шығара алмады. Бұл жерде Қапшағай қазақтың тарихын бейнелейтін образға айналған.

                 Рух пен мәңгіліктің ұштасуы

        Өлеңнің ең терең түйіні – рухтың мәңгілігі.«Мен жыр болып көкке ұштым!»
Бұл – жай ғана поэтикалық жол емес. Бұл – рухтың жеңісі, бұл – өнердің мәңгілігі, бұл – тарихтың шынайылығы!
      Қапшағай су болып аспанға көтерілді.
      Ақынның рухы жыр болып ұшты.
      Бұл екі құбылыс адамның тәні өшкенімен, рухы өлмейтінін көрсетеді.
Ақын уақытша ғана өмір сүреді. Бірақ оның жыры, оның ойы, оның жүрек түбінен шыққан сөздері мәңгі жасайды.

                    Өлеңнің көркемдік құдіреті

      Айша Қабылқожаның «Қапшағай» өлеңі көркемдік құралдарға өте бай.
      1. Дыбыстық үйлесімдер (аллитерация, ассонанс) «Күншілдердің күйігі, Мені көрге тастамақ…» Бұл жолдарда «к» және «ү» дыбыстары қайталанып, поэтикалық әуезділік тудырады. «Қара таулар тұр қарап…» Бұл жерде «Қара таулар» – әділдік пен үнсіздік символы.
      2. Метафоралар (көркем ауыстырулар)
«Мен жыр болып көкке ұштым!» – ақын рухының мәңгілігі. «Тасты егілтіп толқының…» – су да жылайды, табиғаттың да жаны бар. «Қапшағай – үнсіз куәгер.» – су – тарихтың ақиқатшысы
      3. Қайталану тәсілі (анафора, эпифора)«Қапшағай, Қапшағай…» Бұл өлеңнің басында және соңында қайталанып, ақынның эмоционалдық тебіренісін күшейтеді.

                   Өлеңнің түпкі мәні

        Айша Қабылқожаның «Қапшағай» өлеңі – қазақ поэзиясының інжу-маржаны.
       Бұл өлең тек табиғат туралы емес. Бұл – адам рухы, тарихтың күрделі кезеңдері, әділетсіздік, философиялық ойлар мен поэзияның шексіз мүмкіндіктері туралы жыр.

                   Өлеңнің негізгі түйіні

     Қапшағай – тарихты сақтаушы.
     Қапшағай – әділетсіздік пен қасіреттің үнсіз куәгері.
     Қапшағай – адамның өмірін бейнелейтін құбылыс.
     Қапшағай – рухтың мәңгілігін паш ететін символ. «Мен жыр болып көкке ұштым!»
Бұл жолдар – ақынның өмірлік кредосы. Адам тәні өледі – бірақ жыры қалады.
Уақыт өтеді – бірақ рух пен өнер өлмейді.
Қапшағай судың үстінде қалқиды – ал ақын жыр болып мәңгілікке айналады.
Бұл – поэзияның жеңісі, бұл – рухтың күші, бұл – мәңгіліктің бейнесі! Қапшағай – тарих пен рухтың айнасы
  Айша Қабылқожаның бұл өлеңі қазақтың табиғатпен, тарихпен, уақытпен үндесуін бейнелейтін асыл туынды. Ақын жырды жай ғана табиғатты сипаттау үшін емес, адамзат болмысының тереңдігін ашу үшін қолданған. «Қапшағай» – қазақ даласының өткенін, бүгінін және болашағын қамтитын тұтас философиялық ой ағымы.

 Мақала авторы: Болат Бопайұлы

Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи