Қазақстанның сегіз облысына тасқын қаупі төніп тұр

/uploads/thumbnail/20250314120036587_big.webp

Наурыз бен сәуір айларында болжам бойынша, ауа райы жылынып, мол жауын-шашын түспек.  Осыған байланысты Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімдері өңірлерде елді мекендерді су басудың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлады primeminister.kz. 

13 наурыздағы жағдай бойынша еліміздің қар басып жатқан аумағы 67%-ды құрайды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қазірдің өзінде қар ери бастағанын айтты. Бұл ретте еліміздің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тоңның қалың болуы байқалып отыр. Қостанай облысында 150 см-ге дейін және одан да көп, Ақмола облысында – 139 см-ге дейін, Павлодар облысында – 159 см-ге дейін, Қарағанды облысында –132 см-ге дейін тоң бар. Болжамдарға сәйкес, наурыз және сәуір айлары жылы болады деп күтілуде, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл су тасқыны қаупін арттырады.

«Мемлекет басшысы су тасқынының алдын алу шараларына басымдық беруді тапсырды. Үкімет су тасқынының алдын алу және кері әсерін жоюға бағытталған ұйымдастырушылық-профилактикалық, инженерлік-техникалық және жедел шаралар қабылдауда. Дегенмен, аймақтардың дайындығы жоғары деңгейде болуы керек. Әкімдіктер елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдауы тиіс. Олардың айналасын топырақ үйінділерімен бекітіп, бірінші кезекте сырттан келетін суды бөгеу керек. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен тюбингтер қатып қалған мұз бен қоқыстардан тазартылып, қарғын суды өткізіп жіберуге дайын болуы тиіс. Өзен арналарын тазартып, бекіту қажет. Дала өзендерінің бітелуге айналған жерлерін кеңейту керек. Су басу қаупі жоғары елді мекендерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы дайындау қажет. Эвакуация орындарын анықтаңыздар. Олар тіршілікке қажетті барлық құралдармен жабдықталуға тиіс», — деп айтты премьер-министр.

Былтыр Қазақстанда жердің тоңы жібімей жатып күрт еріген қалың қар суы мен арнасынан асқан өзен суы елді мекендерді басып, жұрт үйінен, мал-мүлкінен айырылған. 17 облыстың онын су алып, сегіз облыста төтенше жағдай жарияланған.

2024 жылы сәуірде төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысы Құлсары қаласында тасқыннан төрт адам опат болғанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, Ақтөбе өңірінде еріген қар суына батып мерт болған екі баланың ажалына "тасқынның қатысы жоқ" деді жергілікті билік. Ал Абай облысында өзен тасып жатқанда төрт адам хабарсыз кетті.

БҰҰ былтыр көктемде Құлсарыда болған апаттың салдарын азайтуға болар еді деп жазған. Су тасқынынан кейін Құлсарыға жақын маңнан өтетін Жем өзенінің жоғарғы жағында бірде-бір гидропост жоқ екені белгілі болды.

Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи