Астанада Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуға арналған орын таңдау бойынша бес күндік халықаралық семинар басталды. Шараға Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) өкілдерімен қатар, Энергетика министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Атом энергетикасы жөніндегі агенттік және «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мамандары қатысуда.
Семинар барысында АЭС құрылысына қолайлы орындарды анықтауда қолданылатын МАГАТЭ ұсынған халықаралық стандарттар мен әдіснамалар жан-жақты талқыланбақ.
«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Оқасовтың айтуынша, қазіргі таңда Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үлкен кентінің аумағы негізгі нұсқа ретінде қарастырылып отыр. Семинар аясында осы өңірдің нақты қай тұсы АЭС құрылысына ең қолайлы екенін ғылыми негізде талдау жоспарланған.
— Біз МАГАТЭ мамандарын Қазақстанға шақырып, жергілікті антропогендік, техногендік және табиғи факторларды ескере отырып, орын таңдауға қатысты тәжірибесімен бөлісуді сұрадық. Бұл білім АЭС құрылысына лайықты орынды нақты анықтауға көмектеседі, — деді Ринат Оқасов.
Оның сөзінше, Үлкен кент пен Курчатов қаласы бірнеше жыл бойы зерттеліп келеді. Қазір бұл зерттеулер тереңдетіліп, инженерлік-техникалық сараптамалар, сейсмикалық белсенділік, климаттық жағдай, топырақ пен су құрамының ерекшеліктері және әлеуметтік-экономикалық аспектілер егжей-тегжейлі талдануда.
Семинардың ашылуында сөз сөйлеген Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов пен МАГАТЭ сарапшылар тобының жетекшісі Ли Хен У ядролық қауіпсіздік пен ашықтықтың маңыздылығына назар аударды.
— Қазақстан ядролық қауіпсіздік, қорғаныс және ашықтық мәселелерін басты назарда ұстайды. Біз МАГАТЭ стандарттары мен үздік халықаралық тәжірибелерді толық сақтауға ниеттіміз, — деді Әсет Махамбетов.
Бұл семинар АЭС құрылысына қатысты қабылданатын шешімдердің ғылыми және халықаралық талаптарға сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып саналады.