Үкімет Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту үшін республикалық резервтен 1,8 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлді. Бұл қаржы тазарту жүйесінің екінші кезеңін іске асыруға бағытталған. Жоба аясында тәулігіне 124 мың текше метрге дейін су тазартуға мүмкіндік беретін заманауи мембраналық жабдық орнатылып, қолданыстағы нысандар толық реконструкциядан өтеді.
Қаланың негізгі су көзі — Кеңгір су қоймасы. Су тазарту нысандары 1966 жылы пайдалануға берілген, ал бүгінде олардың жабдықтары мен технологияларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен.
Ресми мәлімет бойынша, жоба Жезқазғанның 98,6 мың тұрғыны үшін санитарлық-гигиеналық өмір сапасын арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.