Астанада Есіл өзенінің жағасындағы Кенесары ханның ескерткіші жөндеуден өткізіліп, бастапқы орнына қайта қойылды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.
— Ескерткіш уақытша алынып тасталған кезде әлеуметтік желіде әртүрлі алыпқашпа әңгімелер тарады. Түсініктеме берілгеніне қарамастан, кейбір азаматтар "Кенесары ханның ескерткіші мүлде алынған, қайта орнатылмайды" деген жалған ақпарат таратты. Шын мәнінде, ескерткішке жөндеу қажет болды. Ол қайта қалпына келтіріліп, биіктеу тұғырға орнатылды. Қазір айналасында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр, — деді Ерлан Қарин.
Еске сала кетейік, Кенесары ханның ескерткіші 2023 жылғы қараша айында бөлшектелген болатын. Астана қалалық мәдениет басқармасының мәліметінше, ескерткіштің іргетасы қисайып, құрылымдық тұрғыдан қауіпті болып танылған. Сондықтан мүсін арнайы жөндеу жұмыстарына жіберілген еді.