Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкері мемлекет меншігіндегі жер телімдерін алаяқтық жолмен иемденгені үшін сотталды.
Аталған қылмыстық істі Қаржы мониторингі агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізді.
Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен уақытша пайдалану құқығы негізінде "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына Жуков көшесіндегі 2,3 га және Жамакаев көшесіндегі 6,3 га жер телімдері 5 жыл мерзімге берілген.
“Бұрын "Азаматтарға арналған үкімет" коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкері болып жұмыс істеген Әбдіжапаров жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесінің қалай жұмыс істейтінін біле отырып, уәкілетті органдарға жер телімдерін уақытша пайдаланудан бас тарту туралы жалған келісімдер мен жер телімдері жеке меншікке берілді деген жалған әкімдік қаулыларын тапсырған. Алайда іс жүзінде мұндай қаулылар әкімдік тарапынан шығарылмаған”, – делінген хабарламада.
Осының нәтижесінде ол аталған жер телімдерін заңсыз түрде өзінің "Айша Групп" ЖШС-нің атына қайта тіркеген. Кейін бұл жер телімдерін үшінші тұлғаларға 1,3 миллиард теңгеге сатып жіберген.
Соттың санкциясымен нарықтық құны13,6 миллиард теңге жер телімдеріне тыйым салынды.
Сот үкімімен Әбдіжаппаров Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы “Ірі мөлшердегі алаяқтық” бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, олардың аумағында инновациялық хаб салу жоспарланып жатыр.