Еңбек - ел дамуының қозғаушы күші

/uploads/thumbnail/20250609170927184_big.webp

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында еңбек саласы ерекше орын алады. Мемлекет жүргізіп отырған еңбек саясаты халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл тек экономикалық емес, елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды бағыт.

Бүгінде «Еңбек адамы» ұғымы жаңаша сипат алып келеді. Мемлекет еңбек адамын дәріптеуге, жұмысшы мамандықтарын танымал етуге нақты қадамдар жасап жатыр. 2025 жыл жұмысшы мамандықтары жылы ретінде белгіленді. Бұл бастама - жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, кәсіби білім алуға қызығушылықты арттыру және жұмысшы кәсіптеріне деген құрметті күшейту үшін қолға алынды. Мұндай шаралар жастар арасында еңбекке құрметпен қарауды қалыптастырып, болашақ мамандық таңдауына оң әсер етеді.

 

Халықты жұмыспен қамту - мемлекеттің басты әлеуметтік міндеттерінің бірі. Осы бағытта «Еңбек» бағдарламасы, жастар тәжірибесі, «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» секілді жобалар сәтті іске асып жатыр. Бұл бастамалар жастарға, зейнет жасына жақындаған азаматтарға және әлеуметтік осал топтарға нақты қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары өз ісін бастағысы келетін жандарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Олар кәсіби дағдыларды игеруге, бизнес-жоспар құруға және жеңілдетілген несие алуға жол ашады.

 

Көші-қон мәселесі де еңбек саласының бір маңызды бөлігі. Ішкі және сыртқы көші-қонды басқару арқылы өңірлер арасындағы тепе-теңдікті сақтау, жұмыс күші тапшы аймақтарды қолдау және заңды еңбек шарттарын қамтамасыз ету - күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында. Бұл бағытта Солтүстік өңірлерге оңтүстіктен жұмыс күші тарту жобасы іске асып жатыр, соның нәтижесінде көптеген отбасы жаңа өңірге орнығып, еңбекке араласады.

 

Еңбек қауіпсіздігі саласына да басымдық беріліп отыр. Кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын жасап, жаңа технология енгізіліп, еңбек инспекциясының жұмысы күшейіп келеді. Бұл тек жұмысшының денсаулығын қорғау ғана емес, жалпы еңбек өнімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Еңбекті қорғау саласында жұмыс берушілер мен қызметкерлердің жауапкершілігі артып келеді.

 

Әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы» қолға алынды. Бағдарлама халық табысын өсіруге, еңбек өнімділігін арттыруға және экономикалық белсенділікті көтеруге жол ашады. Бұл бағдарламаның аясында ең төменгі жалақы деңгейі көтерілді, әлеуметтік төлемдер индексацияланды, ауылдық жерлерде жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы жанданды. Осындай кешенді шаралар қоғамның барлық тобына оң әсер етіп жатыр.

Сондай-ақ, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің енгізілуі - азаматтарға өз болашағына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе ерікті түрде зейнетақы жинағын құруға бағытталған және болашақта қосымша қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашады. Мемлекет бұл бастаманы ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер мен қосымша жарналар қарастырылып жатыр. Жүйенің тиімділігі халықтың қаржылық сауатына да оң әсер етеді.

 

Кадр даярлаудың жаңа моделі де іске қосылды. Бұдан былай колледждер мен жоғары оқу орындары еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды дайындайды. Бұл тәсіл жастарды нақты жұмысқа бағыттайды, жұмыссыздық деңгейін азайтады және өндіріс орындарын білікті кадрлармен қамтамасыз етеді. Енді оқыту жүйесінде тәжірибеге басымдық беріліп, кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатылған. Жас мамандар оқуды тәмамдай сала нақты жұмыс орнына орналасуға мүмкіндік алады.

Қорыта айтқанда, еңбек саласындағы саясат тек жұмыс табуға емес, қоғамда еңбекке құрметті арттыруға, әр азаматтың әлеуетін ашуға бағытталған. Бұл саясат ел дамуының, тұрақтылық пен өсудің нақты тірегі. Еңбекке негізделген қоғам берік әрі әділетті мемлекет құрудың басты алғышарты. Әрбір еңбек адамының еңбегі еленіп, қорғалуы мемлекеттің басты бағдарына айналып отыр.

Мөлдір Түктібай

Связанные теги :

Связанные Статьи