6 маусым күні Қазақстан мен Ұлыбритания арасында 2025–2026 жылдарға арналған әскери ынтымақтастық жоспары бекітілді. Бұл келісім көпшілікке жария етілгенімен, Ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки бұл жаңалыққа күмәнмен қарап, Қазақстан билігін ақпаратты әдейі жасырды деп айыптады.
Канделаки Telegram-арнасында:
«Жаңалықты ешкім байқамасын десең, оны жұма күні кешке жарияла. Біріншіден, бәрінің ойы демалыста, екіншіден — дүйсенбіге дейін ұмытылып кетуі мүмкін, әсіресе демалыс күндері қызықты бірдеңе болып жатса» деп жазды Канделаки.
Оның айтуынша, бұл келісімді халықтың назарынан тыс қалдыру үшін билік жексенбі күні Қорғаныс министрін қызметінен босату туралы жарлық жариялаған.
Сондай-ақ Канделаки:
«Айта кетейік, Қазақстан — ҰҚШҰ-ның мүшесі. Ал бұл әскери ұйым 2021 жылдың қаңтарында Тоқаев мырзаны және оның айналасындағы адамдарды әскери төңкерістен аман алып қалған еді. Венгрия немесе Словакия Еуроодақ саясатына қаншалықты наразы болса да Ресеймен әскери келісім жасаспайтыны түсінікті. Ал Ресеймен достығын жиі айтып жүрген Қазақстан Ұлыбританиямен ынтымақтастық орнатып отыр» деп жазды Канделаки.
Ол Қазақстанның әрекетін Венгрия немесе Словакияның Ресейге көзқарасымен салыстырып, бұл елдер Еуроодақтан ренжісе де, Мәскеумен әскери келісімге бармайтынын мысал етті.
Канделакидің ең өткір сөзі:
"Бәрі осылай бастаған. Соңында қиналып қалған. Бірақ Қазақстанда тарих оқылмайды-ау деймін. Бәлкім, жай ғана ойдан шығарылады»"
Айта кетейік, Тина Канделаки бұған дейін де Қазақстандағы орыс тілінің шеттетілуі туралы сыни пікір білдірген. Ол бірнеше теміржол бекеттерінің қазақшалануына қарсы шыққан болатын.
Осыған жауап ретінде сатиралық Qaznews24 парақшасы «Эй, Йоу, Орыстар» әнін қойып пост жариялаған еді. Парақша авторы Темірлан Еңсебекке 17 қаңтарда ұлтаралық араздық қоздырды деген айып тағылған.