Халық көп несие алса, бұл табысы барын көрсетеді – Серік Жұманғарин

/uploads/thumbnail/20250626152348761_big.webp

Ұлттық экономика министрі – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин тұтынушылық кредиттердің өсуі қазақстандықтардың әл-ауқатына қалай әсер ететіні туралы пікір білдірді.

Кулуарда БАҚ өкілдері министрден:
— Тұтынушылық кредиттер көлемінің артуы халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлағанын білдірмей ме? — деп сұрады.

Серік Жұманғарин бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді:

— Кредит көлемінің өсуі керісінше, халықтың белгілі бір деңгейде қаржы мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Иә, кейбір азаматтар "ертең қалай қайтарамын?" деп ойланбастан несие алып жатады. Осы себепті қаржы реттеушісі несие алмас бұрын адамға ойланып-толу үшін бір тәулік уақыт береді. Сондай-ақ "рұқсат етілген жүктеме коэффициенті" деген түсінік бар. Қазіргі таңда ол 50 пайызды құрайды. Яғни азаматтың жалпы қарызы оның табысының жартысынан аспауы керек. Егер бұл шектеуден асса, банк несие бермейді. Біздің ұсынысымыз — бұл көрсеткішті 35 пайызға дейін төмендету, — деді ол.

Министрдің айтуынша, несие алған адам өзінің қаржылық мүмкіндіктерін бағамдай біледі.

— Егер адам несие алса, бұл оның белгілі бір есеппен әрекет етіп отырғанын білдіреді. Яғни табысы қарызды қайтаруға жетеді деген сөз. Ал енді Kaspi Red арқылы дәрі-дәрмек алу мәселесіне келсек, бұл — бөлек әңгіме. Қазақстанда шамамен 12 миллион адамға тегін медициналық көмек көрсетіледі, оның ішінде тегін дәрілер де бар. Сондықтан кейбір азаматтар неге дәріні бөліп төлеуге сатып алады деген сұрақ туады. Көп жағдайда дәрігерден рецепт алу арқылы қажетті дәрілерді тегін алуға болады. Бірақ бұл жерде, бәлкім, басқа дәрі түрлері жайлы сөз болып отырған шығар, — деп түйіндеді Жұманғарин.

Связанные теги :

Связанные Статьи