Үнсіз ұрпақ үнін кім естиді?

/uploads/thumbnail/20250627123948106_big.webp

Есту және сөйлеу қабілетінен айырылған азаматтардың әр күні – ерлік. Әйткенмен олардың мұңын жоқтайтындар аз. Тіпті ымдау тілін білетін сурдопедагогтер жетіспейтіні, қазақ тіліндегі көрнекіліктердің аздығы секілді мәселелер олардың білім деңгейінің төмендеуіне алып келуде. Нәтижесінде жұмысқа орналайын десе, қарапайым өтінішті де сауатты жаза алмайды. Сауатсыз адамға жалақы да мардымды болмасы анық. Саусақтары арқылы жан сырын ұғындырып, жанарымен ғаламға үн қатқан есту және сөйлеу қабілетінен айырылған азаматтардың ымдау тілі туралы сұқбаттасудың сәті түскен еді. Шымкент қаласы білім басқармасының “Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты” КММ-де математика пәнінен білім беріп, табаны күректей 25 жылдан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан Жарқынбек Динара Серікқызының әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

 

- Сқйлемейтін және есту қабілеті бұзылған адамдармен жұмыс істеуге не түрткі болды? Бұл салаға қалай келдіңіз?

- 1994-1998ж. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Қолданбалы математатика мамандығын Түркістан қаласында бітіріп, Шымкент қаласына жұмыс іздеп келгенімде Байғұтов Н.Т. басқарып отырған Шымкент қаласы білім басқармасының “Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты” КММ-ге жұмысқа орналастым. Осы мекемеде жұмыс істеп жүріп ым-ишара тілін, дактильді үйрендім.

Сонымен қатар, Алматы қаласынан САТР оқу орталығының ұйымдастыруымен Дефектология-Сурдопедагогика қайта кәсіби даярлау курсын оқып алдым. Ерекше білімді қажет ететін балаларға деген қызығушылығым артты. Иә, олар сөйлей алмайды, тіпті естімейді де. Бірақ бұл үнсіздіктің артында өзге бір биік тілдің көрінісі жатыр. Олар үшін әр адамның жанары оқылуға тиіс кітап секілді. Тіпті ым тілінен бейхабар жандардың айтпақ болған ойын көзден оқып алады. Сіз бен бізге қарапайым болып көрінетін ауыз екі сөз – олардың мәңгілік арманы іспеттес. Олардың әр ым-ишарасында үміт пен ішкі үні жатыр... Сондықтан аталған саланың маңыздылығын түсініп, тұтас тағдырымды осы бағытқа арнадым.

- Есту және сөйлеу мүмкіндігі шектеулі адамдар қай тілде ойлайды деген сұрақ жиі туындайды. Осыған қатысты сіздің ғылыми не тәжірибелік көзқарасыңыз қандай?

- Бұл сұрақ күрделі, өйткені ойлау адамның тілдік және көру-кеңістік дамуына байланысты. Егер бала туғаннан естімейтін болса, ол негізінен визуалды образдар, ым тіліндегі белгілер арқылы ойлайды. Бірақ жазбаша тілді меңгерсе, ішкі ойлау сол тілмен де жүзеге аса алады. Негізінен ойлау тілі — тілдік тәжірибеге байланысты қалыптасады. Мысалы, нейровизуализациялық зерттеулер мылқау және есту қабілетінен айырылған адамдардың миында ым тілі арқылы ойлағанда мидың сол жақ бөлігіндегі Брока және Вернике аймақтары (яғни, сөйлеуге жауапты аймақтар) белсенді жұмыс істейтінін көрсетті. Бұл ым тілі де «нақты тіл» ретінде ми тарапынан өңделетінін дәлелдейді. Яғни, бұл сұраққа біржақты жауап жоқ. Әр адамның тілдік тәжірибесіне, даму тарихына және қолданатын коммуникациялық құралдарына байланысты.

- Бала туғаннан саңырау болса, оның ойлау процесі қалай дамиды? Ол алдымен қай тілді меңгереді? Ым тілін бе, визуалды символдарды ма, әлде жазбаша тілді ме?

- Бала алдымен визуалды коммуникация құралдарын меңгереді — бұл ым тілі, ым-ишара, дене қимылы. Кейін оқыту арқылы жазбаша тілді игере бастайды. Бірақ жазбаша тілді меңгеру үшін тілдік орта мен арнайы педагогикалық қолдау қажет.

- Сіздің ше, қазіргі білім беру жүйесі бұл топтағы адамдар үшін қаншалықты қолайлы?

- Қазіргі Қазақстандағы білім беру жүйесі есту қабілеті бұзылған адамдар үшін белгілі бір деңгейде қолайлы болғанымен, әлі де шешілмеген күрделі мәселелер бар. Жүйе инклюзивті бағытта дамып келе жатқаны рас, бірақ бұл аздық етеді. Толыққанды тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін бірқатар реформалар қажет.

-Мұғалімдер мен тәрбиешілерге ым-ишараттық тілді үйрету, аудармашылар дайындау;

-Сурдопедагогтарды көптеп даярлау: Педагогикалық ЖОО-ларда сурдопедагогика саласын кеңейту;

-Оқу құралдарын жаңарту;

Қазақ тіліндегі бейнематериалдар, инфографика, визуалды нұсқаулықтар шығару;

-Цифрлық қолжетімділікті арттыру: Онлайн-платформаларда субтитр мен сурдоаударма қызметтерін дамыту;

-Отбасыларға арналған қолдау: Ата-аналарды ым-ишара тіліне үйрету бағдарламалары қажет.

- Қазақ тілінің жазба формасын (әріп, мәтін арқылы) меңгерген естімейтін тұлғаларда ішкі ойлау қазақ тілінде жүреді деп айта аламыз ба? Әлде визуалды-логикалық немесе ым-қимыл репрезентациясында қала ма?

- Сіздің сұрағыңыз қарапайым сұрақ емес, тіл тағдырына, болашағына, оның тіпті есту және сөйлеу қабілетінен айырылған азаматтардың жүрегінде қалай өмір сүріп жатқанына алаңдаушылықпен қойылған сұрақ. Бірақ бұл мәселе - тіл, ойлау және когниция саласындағы ең күрделілердің бірі. Адам сөйлей алмаса да, естімесе де ойлауға құқылы. Өздеріңіз көріп-біліп жүрсіздер, кейбір адамдар сөз арасын бөтен сөзбен былғап, ана тілінде сөйлеуден қиналып жатады. Ал осындай мүгедек азаматтар қазақ тілінде ойланса, бұл ұйықтап жатқан рухымызды оятатыны сөзсіз. Әйткенмен естімейтін тұлғалардың ішкі ойлау жүйесі – көптеген факторға байланысты. Және бұл мәселені біржақты «иә» не «жоқ» деп айту қиын. Егер естімейтін адам қазақ тілінің жазба формасын ерте жастан меңгерсе, таңбалық тілдік құрылымды (грамматиканы, сөз тіркестерін) түсінсе, жазбаша тілде жүйелі түрде ой бөлісіп, жаза алатын болса, онда ішкі ойлау процесі қазақ тілінің жазба формасында да жүзеге аса алады. Мұндай жағдайда адам ішкі диалогты жазба қазақ тілінде жүргізуі мүмкін. Нақтыласақ, логикалық, концептуалдық ойларын сөзбен (ішкі сөйлеммен) құра алады.

Алайда, көп жағдайда ойлау: визуалды-кеңістік формада, ым-ишара белгілерімен, бейне-суреттік немесе логикалық символдармен жүреді. Өйткені, жазбаша тілді кейінірек, яғни 6–10 жас шамасында ғана үйренеді. Есту арқылы сөйлеу тәжірибесі болмағандықтан, ішкі сөздік сөйлеу механизмі толық дамымайды.

Егер қазақ тілінде жазу мен оқу дағдылары жақсы дамыса, ойлау үдерісі қазақ тілінде де құрылуы мүмкін, бірақ бұл визуалды немесе ым тілді құрылыммен қатар жүреді. Қарапайым тілмен айтсақ, адамның қай тілде сауат ашқанына, қай тілде қарым-қатынас құратынына байланысты. Сондықтан сөйлеу қабілеті жоқ азаматтарға қазақ тілінде ойлауға мүмкіндік беру керек. Өйткені қазақ тілі үнсіздікте де тірі бола алады.

- Ым тілі арқылы ойлаудан қазақ тіліне (немесе басқа да жазба тілге) ауысу қалай жүзеге асады? Бұл процесте қандай когнитивтік немесе психолингвистикалық қиындықтар байқалады?

- Ым-ишараттық тілден жазбаша тілге ауысу кезеңінде грамматикалық құрылымдарды түсіну қиындайды. Өйткені ым-ишара тілінің синтаксисі мен жазбаша тілдің құрылымы бір-бірінен мүлде бөлек. Когнитивтік түрде бұл көп жұмыс пен жаттығуды талап етеді.

- Сіздің тәжірибеңізде қазақ тілді сөйлемейтін және естімейтін балалар мен орыс тілді балалардың ойлау тілінде айырмашылықтар байқала ма? Тілдік экспозицияның әсері қандай деңгейде?

- Қазақ тілінде оқитын естімейтін балалар мен орыс тілінде оқитын естімейтін балалардың ойлау тілінде айырмашылықтар байқалады. Тілдік ортаға қарай айырмашылық болатыны сөзсіз. Орыс тілді ортада сурдоқолдау материалдары көбірек, сол себепті кейде тілді меңгеру жылдам жүреді. Өкінішке қарай, қазақ тілді ортада контент аз болғандықтан, дамуға қосымша күш қажет. Көп жағдайда қазақ отбасынан шыққан балалар орыс тілді білім алады. Қазақстанда қолданылатын ым тілі жүйесінің көп бөлігі – орыс тіліне бағытталған. Бұл мамандыққа баратын мамандар да жоқтың қасы. Ал соңғы 10 жылда есту және сөйлеу қабілеті жоқ адамдардың саны 49 пайызға артқан.  Одан бөлек, видео-контент, түсіндіру құралдары түгел орыс тілінде. Біз сондықтан қазақша білім алған тұлғаларды қоғамға интеграциялауымыз керек. Қазақша оқытатын мектептер ашу керек. Жалпы, аталған топтағы қазақ тілді балалардың мәселесін қоғамға шығару керек.

- Ым тілі тек коммуникация құралы ма, әлде ол толыққанды мәдениет пен болмыстың бір бөлігі ретінде қарастырылуы керек пе?

- Ым-ишара тілі — тек тіл емес, ол тұтас бір мәдениет. Онда өзіне тән лингвистикалық заңдылықтар, тіпті поэзия, әзіл, символика бар. Ол — есту қабілеті шектеулі қауымдастықтың мәдени кодын сақтайтын құрал.

- Қазақстанда ым тілінің лингвистикалық мәртебесін көтеру үшін қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?

- Мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер үшін міндетті курстар енгізілуі, ым-ишара тіліндегі ақпарат қолжетімді болуы қажет.

- Қазақ тіліндегі идиомалар мен фразеологизмдер сияқты бейнелі сөз тіркестері есту қабілетін бұзылған тұлғалар тарапынан қалай ұғынылады? Бұл ұғымдар олардың ойлау жүйесіне енеді деп ойлайсыз ба?

- Қазақ тіліндегі фразеологизмдер естімейтін тұлғалар үшін түсініксіз болуы мүмкін, өйткені олар бейнелі әрі абстрактілі. Алайда дұрыс әдістеме, визуалды қолдау және контекстік түсіндіру арқылы бұл ұғымдарды ұғындыруға және олардың ойлау жүйесіне енгізуге болады.

- Егер баланың тілі ретінде тек ым тілі қалыптасса, ол кейіннен қазақ тілін үйренгенде ойлау жүйесіне қалай ықпал етеді? Қазақша ойлау дағдылары қалыптаса ма, әлде қазақ тілі тек аударма деңгейінде меңгеріле ме?

- Қазақ тілін кейіннен үйрену кезінде ойлау екі жүйелі болып қалыптасуы мүмкін. Негізгі — визуалды-ым-ишараттық тілі, қосалқы — жазбаша қазақ тілі. Қазақша ойлау дағдылары дамуы мүмкін, бірақ өте көп жағдайда ол ым-ишараттық тілінен аударма арқылы жүреді. Ал бұл жерде аударманың дұрыс еместігі деген тағы бір мәселе бар.

- Қазақ тіліне тән мәдени кодтар мен ұлттық ұғымдар (мысалы, "құт", "дәстүр", "береке") есту қабілетін бұзылған адамдардың ой жүйесінде қандай формада репрезентацияланады? Бұл ұғымдарды олар қабылдай ала ма?

- Бұл ұғымдар абстрактілі болғандықтан, оларды түсіндіру визуалды бейнелер немесе өмірлік жағдайлар арқылы жүзеге асады. Олар да осы ұғымдарды қабылдай алады, бірақ қосымша түсіндірулер қажет. Мысалы, "құт" деген ұғым – аса абстрактілі. Бірақ олар оны, мысалы, үйге қария келсе, бата берсе, ел-жұрт жамырасып қуанып қалса, сол арқылы "құт-ырыстың" не екенін сезініп, содан өзінше түсінік қалыптастырады. Яғни көрініс, эмоция, ым тілі осы қадірлі ұғымдарды түсіндіру құралы болмақ.

- Қазақ тілді ортада өскен, бірақ есту қабілетінен айырылған баланың ойлау жүйесі қазақ тіліне құрылуы үшін қандай әдістемелер ең тиімді деп есептейсіз?

- Ым тілі – есту мен сөйлеу қабілетінен айырылған адамдар үшін - ана тілі. Ал ол қазақ мәдениетіне негізделсе, бала да ерте жастан қазақша ойлап бастайды. Қазақы көрнекіліктер, ым тілінен құралған мультфильм, аңыздар көп болса дейміз... Жазбаша қазақ тілін ерте жастан үйрету керек. Ым тілін қазақ тіліндегі құрылыммен байланыстырып, визуалды құралдар, суретті мәтіндер қолдану қажет. Жалпы, мәдени элементтерді өмірмен байланыстырып түсіндіру, сурдопедагог маманымен жұмыс жүргізу нәтижесін бермек.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Ақгүл Айдарбекқызы

Связанные Статьи