«Пәленше номерлі А қаладан Б қаласына қатынайтын ұшақ бортына отырғызу басталды»... Әлқисса, жұрт құлағына жатық болған осы сөз айтылған соң бірнеше минуттардан соң жолаушы мен тексеруші арасында тартыс басталады. Сенімді айтатын себебіміз – кейінгі кездерде әлеуметтік желіде жолынан жаңылмайтын жаттанды сценарийге негізделген шу жиілеп кетті. Бір ғана мәселе – екі түрлі ұстаным. Мәселеміз – қазақтың қасиетті мәдени жәдігері саналатын домбыраның қол жүгі ретінде ұшақ бортына жіберілмеуі. Жолаушы сұраққа моральдық тұрғыдан қарайды, әуе компаниясы өкілдері қауіпсіздік һәм тәртіп ракурсынан баға береді. Бітті! Бірақ бітпейтін дау, шешілмейтін түйін!
«Қилы замандардан жанкештілікпен өтіп, азат еліңнің азаматы ретінде ОТАНДЫҚ әуе компаниясының меншігіндегі әуе лайнеріне ұлттық валюта – теңгеге билет алып, көк паспорт не төлқұжатты тексертіп, ұлан-ғайыр атамекеннің бір бұрышына аттанғанда сол ұлттың қайғысы мен мұңын, тарихы мен мәдениетін шанағында сақтаған қасиетті қара домбыраның шетқақпай көре беретініне күйеміз. Ұлттық мұрасына құрмет танытпаған талағынан безген безбүйрек тәртіпшілдердің ісіне налимыз. Ішіміз бүлініп, ниетіміз бұзылды». Әлгі айтқан қос тараптың жолаушы жағындағы жұртшылықтың риторикасы – осы. Расында, жылдар бойы екінші сортты ел деген сөзге қалып, билігі ұзын отарлаушылардан қорлық көрген халықтың бүгінгі ұрпағы мұндай риторикада тыныш қала алмайды. Делебесі қозып, екпіндей түсіп, әуе компаниясына түрлі аргументпен, небір моральдық принциптерді алға тарта отырып пікірді қарша боратады.
Қоғамдық пікір дегеніңіз құдірет қой: әуе компаниясының ірілі-ұсақты өкілдері баспасөзде де, әлеуметтік желіде де ақталып, қазақтың қасиетті жәдігері – домбыраға шексіз құрметін дәлелдеп әлек болады. О-о, сайын даланың төсін еркін мекендеген арда жұрттың мерейі тасып, шарт қояды, талапты үдетеді. Қос тараптың шиеленіскен қатынасын біржақты шешу уақыты әлдеқашан жеткен. Қазір әлеуметтік толқын кешіктірілген кредиттің (қазақстандық банктердің ставкасы деп біліңіз) айыппұлындай өсіп барады.
«Қамшы» редакциясы тәртіп пен тұрақтылық жағында, шанағынан төгілген күйдің құдіреті жеті қат көкке жететін домбыраның әуе жолында «қолжүкке» неге айнала алмайтыны туралы әрі қарай оқыңыз.
Кеше ғана 180 жылдық мерейтойы дүркіреп өткен хакім Абайдың ескірмейтін, тіпті, мағынасы тереңдей түскен бір сөзі – «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел». Заман өзгерді, біздің қоғамда ғана емес, әлемде алмағайып кезең туды. Заң мен тәртіп – ең басты құндылық. Егер ел боламыз десек. Әуе жолы – әрбір үтір-нүктеге дейін назардан тыс қалмайтын, бекітілген стандарттар мен тәртіп негізінде жұмыс істейтін сала. Құдайға тәубе, Қазақстанның ұшақтары штаттық режимде ұшып-қонып, жолаушыларды межелі жерге жеткізіп жатыр. Нәсіліне, руына, саяси ұстанымына қарап ұшақ бортына жібермесе, бұл – дискриминация.
Енді мұқият қараңыз, ұлттық болмысты айшықтайтын кез келген элементке қатысты негативті қатынас орын алса, отансүйгіш әрі жауапкершілігі бар азамат қарсы реакция білдіреді. Бұл – осы ұлт мұрасын қорғау жолында қан кешкен, өлім құшқан, атылған, айдалған қазақтың бойына сіңген мінезі. Осы мінез ешкімді өзімен санастырмай қоймайды. Бұл сөзімізді әуе компаниялары мен олардың өкілдеріне құлаққағыс ретінде айтамыз. Ұлттық мұра, ұлттық өнер, ұлттың болашағы деп аюмен де алысқан, айдаһармен де шайқасқан өр рухты жұрттың мінезімен ойнамаған абзал. Алайда, біздің мінезімізден, пікірімізден азат және біздің қауіпсіздігіміз үшін қалыптасқан (қаншама апаттан, қырылған жолаушылардың тағдырынан, қателіктерден сабақ ала отырып қалыптасқан деп түсініңіз) тәртіп бар. Ол – барлық әуе компанияларына ортақ шарт, ортақ талап.
Қазақстанда жолаушылар тасымалымен айналысатын әуе компаниясы бар: Air Astana және оның еншілес компаниясы FlyArystan, SCAT, QazaqAir (вьетнамдық компаниямен еншілес). Осы төртеуінде де домбыраға (кез келген көлемді музыкалық аспапқа қатысты) талаптар ұқсас. Әрине, арнайы домбыра үшін бекітілген шарт жоқ, алайда қолжүкке байланысты талаптар төмендегідей:
- Air Astana – 56х45х25 см., салмағы – 8-10 кг.;
- FlyArystan – 56х23х36 см., салмағы – 5 кг.;
- SCAT – 55х40х20 см., салмағы – 5 кг.;
- QazaqAir – 120х50х30 см., салмағы – 10 кг., Musical Instrument ұсынысының құны – 8 000 (бұл ұсыныс домбыра мөлшеріндегі аспаптарға қатысты).
Негізгі тасымалдаушылар болып саналатын алдыңғы үш әуе компаниясы халықаралық стандарттарға бағынады, ал QazaqAir ұшақтары шағын (жолаушылар легі салыстырмалы түрде аздау) болғандықтан, жолаушылар алдын-ала хабарласқан жағдайда, домбыра және мөлшері жағынан домбыраға шамалас аспаптарды арнайы тариф арқылы немесе қолжүк ретінде тіркеу мүмкіндігін ұсынады.
Халықаралық стандарт пен әлемдік тәжірибені шолып шығайық. АҚШ, ЕуроОдақ, ҚХР және Жапония тәжірибелеріне, аталған елдердегі әуе компанияларының саясатына, тиісті органдардың ережелеріне назар аудардық.
2012 жылы АҚШ Конгресі арнайы заң қабылдап, ондағы 49 U.S.C. 41724 бөлімінде әуе компанияларына музыкалық аспаптарды тасымалдауды жеңілдету талаптары қойылды. Сол заңның негізінде 2014 жылдың соңында АҚШ Көлік министрлігі барлық отандық авиакомпанияларға міндетті ереже енгізді. Бұл ереже бойынша, егер музыкалық аспап гитара, скрипка секілді шағын болып, әуе кемесінің салон ішіндегі сөресіне немесе орын астына сыйып кетсе, оны жолаушыға тегін алып кіруге рұқсат берілуі тиіс. Яғни, аспапты қолжүк ретінде қабылдамауға компанияның қақысы жоқ, тек жолаушы ұшаққа ең алғашқы лекте мініп, аспабын бос тұрған багаж бөлігіне орналастырып үлгеруі керек. Нәтижесінде бүгінгі күні АҚШ-тың American Airlines, Delta, United, Southwest секілді барлық негізгі компаниялары домбыра және мөлшері жағынан домбыраға ұқсас бортқа алуға міндетті.
Еуропалық Одақ 2013 жылы жолаушылар құқықтары регламентіне музыкалық аспаптар туралы тармақ қосуды ұсынып еді, бірақ ол әлі толық бекітілмеген. Соған қарамастан, көптеген еуропалық әуе тасымалдаушылардың тәжірибесінде АҚШ-тағыдай оң өзгерістер бар. Мысалы, Ұлыбританияның British Airways компаниясы скрипка сияқты аспаптарды қол жүгі ретінде тегін алып кіруге рұқсат етеді. Ал гитара тәрізді аспаптар стандартты қолжүк өлшемінен үлкен болғандықтан, British Airways оларды тек қосымша орын сатып алғанда ғана салонға орналастыруға мүмкіндік береді. Air France, Lufthansa секілді толық сервисті еуропалық компанияларда да ұқсас қағида, яғни, шағын аспапқа рұқсат, үлкеніне арнайы орын алу керек. LOT Polish Airlines скрипка, укулеле секілді аспаптарды тегін қолжүкке санайды. Air Europa (Испания) да музыкалық аспапты қолжүк орнына алмастыруға рұқсат береді, тек оның өлшемі 55х35х25 см, салмағы 8 кг шектен аспауы тиіс. Finnair, SAS, Alitalia сияқты тасымалдаушылар музыкалық аспап багаж сөресіне сиып тұрса, жолаушыдан қосымша ақы алмайды.
Қытай мен өзге де Азия елдерінде (Жапония, Оңтүстік Корея) музыкалық аспаптарды ұшақта тасымалдау ережелері компанияның ішкі тәртібімен шешіледі. Мысалы, Қытайдың ірі тасымалдаушысы China Southern Airlines жалпы ережеге сай «қосымша орын сатып алынып тасымалданатын заттар» санатына музыкалық аспаптарды да қосады. Яғни сіз домбыра немесе эрху сияқты аспапты алып жүргіңіз келсе, олар қосымша орын брондауды сұрайды. Ал China Airlines (Тайвань) өз сайтында аспаптарға нақты өлшем шегін белгілеген: көлемі 100х36х23 см және салмағы 7 кг аспауы керек.
Жапонияда ұлттық дәстүрлі аспап саналатын үш ішекті шамисэн немесе үлкен котоны тасымалдау да жиі мәселе туғызады. Жапонияның ең ірі әуе компаниясы JAL (Japan Airlines) ішкі рейстерде аспаптар үшін арнайы қызметтер ұсынады. JAL ережесі бойынша үш өлшемінің қосындысы (ұзындық/биіктік/ені) 115 см-ден аспайтын аспапты тегін алып кіруге болады, бірақ бір өлшемі 55 см-ден үлкен болса, тіркеу багажына өткізуге кеңес береді. Ал көлемі бұл шектен асатын кез келген аспапты салонға алу үшін арнайы ақы төленіп, жеке орын сатып алынуы керек. Компания бұны “special fee” деп атайды, іс жүзінде ол қосымша орын билеті. JAL ерекшелігі – олар кейбір аспаптар үшін тегін қорап-қап ұсыну қызметі бар. Мысалы, скрипкасы үлкен футлярға сыймайтын музыкантқа әуежайда арнайы шағын виолин қорабын уақытша береді; музыкант аспабын соған салып, кабинаға алып кіреді де, өз үлкен қорабын багажға өткізеді
Жалпы көптеген Азия елдерінде (Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия т.б.) музыкалық аспаптар тасымалының шарттары Еуропаға ұқсас. Аталған елдердің әуе компанияларында да бекітілген стандартқа сыйымды мөлшер қолжүк ретінде, одан жоғары заттардың бәрі багажға тіркеледі.
«Өспейтін жұрт өнбейтін дау қуады» деген даналық айтқан қазақтың түсінік-танымы түзу екеніне шүбә жоқ. Халықаралық стандарт пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әзірленген әуе компанияларының қолжүкке байланысты позициясы домбыра үшін өзгере қоюы екіталай. Өйткені, аталған ережелердің артында жолаушылардың қауіпсіздігі мен өмірі тұрады.
Жапонияда жақсы тәжірибе бар екен: ішкі рейстерде әуе компаниялары аспаптардың қауіпсіз әрі зақымданбай жеткізілуін қамтамасыз ететін арнайы қораптарды ұсынады. Біздің әуе компаниялары да мұндай тәжірибені енгізу мүмкіндігін қарастырып көрсе болады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – біздің пайымдауымызға, домбыраға, ұлттық құндылыққа қатысты қандай да бір қарсылық байқалмайды, тек бекітілген стандарттар сақталуы керек. Бұл ретте азаматтардың тәртіпке бағынуы міндет болса, әуе компаниялары өкілдері жолаушылармен коммуникациясын жақсарта түскені жөн. Заманға лайықталған футляр әзірлеуді де іскер азаматтар қолға ала жатар деп сенеміз.