Жолдау-2024: Президенттің экспортты дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмалары қалай орындалып жатыр

/uploads/thumbnail/20250825122130924_big.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында сауда саласын дамыту және еліміздің экспорттық әлеуетін күшейту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде аталды. Президент отандық тауар өндірушілердің позициясын нығайту, шикізаттық емес экспорт көлемін арттыру, шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасау сияқты нақты міндеттер қойды. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін бизнесті жүргізудің ашық қағидаларын әзірлеп, ішкі сауданы дамытуда және отандық тауарлардың сыртқы нарыққа шығуына қажетті инфрақұрылым қалыптастырады.

Қабылданған шаралар кешенінің нәтижесінде сала тұрақты өсуді көрсетіп отыр: 2025 жылғы қаңтар–шілде айларында сауда көлемі 8,6%-ға, ал инвестиция көлемі І жартыжылдықта 37%-ға өсіп, 438 млрд теңгеге жетті.

«Сауда саласында 800 мыңнан астам бизнес субъектісі айналысып, 1,5 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. “Айтылды-жасалды" қағидаты бойынша Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтқан тапсырмалары белсенді түрде жүзеге асырылуда», — деп атап өтті сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Нарықты қорғау және қазақстандық тауарларды ілгерілету

Үкімет ішкі нарықты қорғауға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған реттеуші шараларды әзірледі. 2025 жылдың мамыр айында тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізілді. Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалады онда өндірушілер туралы нақты деректер жинақталып, оларға мемлекеттік қолдау шараларына, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қол жеткізу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Сауданы ынталандыру және дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлар үлесін арттыру мақсатында қазақстандық өндірушілер өнімдері үшін кемінде 50% сөрелік кеңістікті көздейтін бағдарлама іске қосылды.

Сонымен қатар сапасыз әрі қауіпті өнімдердің ішкі нарыққа енуіне шектеу қою бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Барлық бақылаушы органдардың қатысуымен Ахуалдық штаб тиімді жұмыс атқаруда. 47 мыңнан астам көлік тексерілді, тауарлық салмақта бұл 600 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімдері. Оның ішінде 900-ден астам автокөлік кері қайтарылды, 1 мыңнан астам сәйкестікті растау құжаттарының күші жойылды», — деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Связанные теги :

Связанные Статьи