Қазақстанда алғаш рет Astana AI Film Festival өтіп, бірден әлемдік ауқымдағы шараға айналды. 125 елден түскен 8 067 өтінім оны жасанды интеллект көмегімен жасалған кино туындылары арасындағы ең ірі халықаралық байқауға айналдырды.
Бүгін елордада жеңімпаздар жарияланды.
Гран-при мен $450 мыңды Латвиядан келген Nikolay Shestak «The First Honest Day» фильмі үшін иеленді. Іс-әрекеттеріңіз сыртқы келбетіңізді тікелей өзгертетін әлемді елестетіп көріңіз: жамандық жасасаңыз – ажарсызданасыз, жақсылық жасасаңыз – құлпыра түсесіз. Жеңімпаз мұндай марапатты күтпегенін, ал жүлде қаржысын жаңа фильмдер түсіруге жұмсамақ екенін айтты.
Қазақстандық Мырзахан Жұмахан «Үздік кейіпкер» номинациясында жеңіске жетті. Оның «It Was Just a Joke» комедиясында ит пен оның иесінің ағасы бір әзілдің кесірінен жанжалдасып қалады. Оқиғаның ары қарайғы өрбуі нағыз блокбастерден кем емес. Автордың өзі пранк пен көңілді жақсы көретінін, сондықтан осындай оқиғаны түсіргенін айтады.
Екінші орын және $200 мың – Үндістанның «SITARA» фильміне бұйырды. Үшінші орын мен $100 мыңды испаниялық «Looking For Perseida» иеленді.
Мыңдаған өтінімнің ішінен финалға небәрі 25 жұмыс өтті. Оларды халықаралық қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында ЮНЕСКО-ның бұрынғы басшысы Одри Азуле және инвестор Баладжи Сринивасан болды.
Фестивальдің жалпы жүлде қоры – $2 млн: оның жартысы жүлделерге, қалған жартысы перспективалы AI-командаларды қолдауға және Қазақстандағы өндірісті дамытуға бағытталады.
ЖИ көмегімен жасалған фильмдер бүгінде үлкен экранда көрсетіліп, жүздеген мың доллар көлеміндегі жүлделерге ие болып жатыр. Астана мұндай фестивальді алғаш рет қабылдап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік жұмыстар таңдалатын алаңға айналды.