Президенттің айтуынша осы қағидатты іс жүзінде орындау үшін маңызды шаралар қабылданды. Ата-ана, мектеп және мемлекет күш жұмылдырып, бала тәрбиесіне баса мән бергені жөн. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің айтуынша мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие жұмысын күшейту қажет.
"Балаларға заңдарды қарапайым тілмен түсіндірген абзал. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы тиісті жұмыс жүргізілуі керек. Жастардың құқықтық санасына отбасындағы тәрбие де зор ықпал етеді. Мұны ешқашан ұмытпауымыз керек", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша ата-ана, мектеп және мемлекет күш жұмылдырып, бала тәрбиесіне баса мән бергені жөн. Сонда ғана заңға бағынатын, өзінің де, өзгенің де құқығына құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз. Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанды құрудың басты алғышарты.
"Жалпы айтқанда, біз мемлекеттік саясатта терең өзгеріс жасадық. Конституциялық реформа осы ауқымды жұмыстың берік құқықтық арқауы болды. Сол арқылы саясатта, экономикада, әлеуметтік салада, сот жүйесінде "Әділетті мемлекет" қағидатын жүзеге асыруға жол ашылды", - дейді мемлекет басшысы.
Тоқаев Конституцияда жер және барлық табиғи ресурс халыққа тиесілі екені айқын көрсетілгенін атап өтті.
"Осы қағидатты іс жүзінде орындау үшін маңызды шаралар қабылданды. Менің тапсырмаммен "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы әзірленді. Қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балалардың арнайы есепшотына жіберілетін болды", - деді президент.