Межелі уақыттан бір жеті кейін жарияланған Жолдау жұртшылықтың қызу талқысында. Желіде желдей ескен әңгіме қызып тұр. Бір-біріне ұқсайтын сүйкімді тезистер түрлі парақшаларға жарияланып жатыр. Кейін көңілден шықпайтын шешім қабылданса, тағы да дәл осы жұрт жаппай негативке ере жөнеледі. Қоғамдық пікірі қағаз қайық секілді тұрақсыз болса, оның дамуы қаншалықты жүйелі болмақ?!
Жолдаудың өзі емес, Жолдаудың жаңғырығы құлақ тұндырып тұр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы бүгін ҚР Парламенті қос палатасының бірлескен отырысында жарияланды. Президент Жолдауы әлеуметтік-экономикалық даму және заңнамалық базаны жетілдіру, инвестиция тарту, инвесторларды қорғау тақырыптарына негізделе отырып әзірленіпті. Құп аларлық мәселелер. Тек Жолдаудың негізгі мәтіні аяқталған соң ғана бірқатар саяси мәселелер қозғалды. Ең ауқымдысы – бірпалаталы Парламент құру, соған байланысты 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізу. Кейінгісі ұсақтала келе «балағат сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдерге» тіреледі.
Жолдау мәтінін көзі ашық, құлқы бар қазақ оқып үлгерген болар. Оны тәпсірлеу міндет емес. Сауатты, жүйелі әрі мемлекеттік органдар ұсынған ақпарат негізінде белгілі бір реттілікпен жазылған мәтін. Негізгі екі блокқа бөлінеді: экономикалық саясат және әлеуметтік саясат. Осы блоктар бойынша мәселе инвестициялық ахуалдан басталып, елдегі мәдени саясатпен аяқталады.
Мемлекет басшысының жасанды интеллект жөніндегі бастамалары – қолдауға тұрарлық дүние. Әлем көшіне ілесу, тіпті, көш бастау қазақтың бойына жараспайтын дүние емес.
Ғасырдың жүзін көріп, алпауыт мемлекеттердің басшыларымен ұдайы тең пікір алмасқан, саясат дейтұғын құбылыстың қыр-сырын жастайынан меңгерген Генри Киссинджердің тұжырымы тағы да бағыт көрсетеді. Жаһандық қайта бөлу, құндылықтарды қайта қарау дәуірі басталды. Негізгі ойыншылар қатары да толықты: АҚШ пен Ресей өз алдына, бұл қатарға Қытай мен Үндістан қосылды. Ал Қазақстан осы жаһандық тәртіпті айқындайтын алпауыттардың арасында алтын көпір болып, халықаралық саясаттағы беделін көтеріп келеді. Президенттің БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясында оқитын баяндамасының мазмұны ғалам жұрты үшін белгілі бір деңгейде маңызға ие болмақ. Бір-бірімен аңдысқан державалардың халықаралық ұйымды реформалау туралы ұсыныстары қолдау таба қоюы қиын.
Бүгін Жолдау мәтінінің басым көпшілігін қазақ тілінде оқылды. Бұдан бөлек, Президент Қытаймен сауда-экономикалық, су технологияларын сатып алу, жол салу, теміржол құрылысы және инвестиция бағыттарындағы қарым-қатынасқа баса назар аударды. Ресей тек атом электр станциясының құрылысына байланысты ғана аталды. Бұл нені білдіреді? Бұл, біздіңше, ұзақ жылдар бойы сыртқы күштер теңгерімінің теңі Ресей жаққа ауып келгенін, кейінгі кездері ғана Қытайдың ықпалы өсуі арқылы теңшелгенін көрсетеді. Ал сыртқы күштер ықпалының өзара теңгерімі – елдің қауіпсіздік кепілдігі.
Біз ерекше тоқталатын мәселе – қазақстандық саяси технологтардың жұмыс тиімділігі. Әлеуметтік желідегі блогердің сылдыр-сорпа жазбалары Президенттің саясатына, Үкіметтің жұмысына қатысты қоғамдық пікірді қалыптастыруға қауқарсыз. Өкінішке қарай, Жолдаудан кейін құлақ жаңғыртатын жазбалар өріп кетті. Бұл жұмысты ұйымдастыру қыруар ресурсты (уақыт, бақылау, бәлкім, қаражат) талап ететінін ескерсек, есіл еңбек ішті ашытады.
Сапалы қоғам құру, азаматтардың саяси қатысым мәдениетін арттыру – Президенттің саяси реформаларының негізгі бөлігі. Осы блоктағы жұмыстарға жаңа көзқарас қажет секілді көрінеді. Ел төңірегінде блогерді пайғамбар санайтын жұртшылық қарасы әлі сейілмей тұр. Өкінішті-ақ. Мемлекет басшысының ізгі ниет-амалдары нәтижесінде туған осынау ұлы бастаманы тиімді, ойдағыдай жүзеге асыру – азаматқа сын. Саяси сауаты, саяси талабы бар сайлаушы қараңғы жұртқа қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Билік пен халық тұрмысының параллель жағдайы – кей еңбектің еш кету қаупі.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» деген кейінгі ширек ғасырдағы санаулы ұлы бастамалардың бірін жариялады Мемлекет басшысы. Аламан-дүбір басталды. Ең өкініштісі – осы бастаманы түсіндіруге, насихаттауға жұмылдырылған жауапты адамдардың кейбірі мәселенің түбін түсінбеген. Көше сыпырған, қоғамдық көлік жүргізген азаматтарға бір кесе шай тасу, оны бірнеше мобилографтың жаппай видеоға түсіріп, желіге жариялауы – насихат емес. Біз еңбекті насихаттауымыз керек еді, біз еңбек адамдарының қоғамдағы төменгі тап емес, толыққанды азамат екенін көрсетуіміз керек еді. «Таза Қазақстан» идеясы да осы төңіректе қалды. Ниет – өте түзу, әрекетіміз – шашыраңқы. Бұл-дағы бір параллель. Біз бірнеше параллель кезеңінде біртұтас қоғам құруға ұмтылудамыз...
Науқанға айналып, алақанын ысқылаған пысықтардың құралы болып кетпеуін қатаң бақылауға алатын тағы бір бастама айтылды. Ол – шетелдік кадрларды жұмысқа шақыру. Түпкі мақсат түсінікті – тәжірибесін алу, дағдысын жергілікті маман бойына сіңіру. Осы ұзақмерзімді стратегиялық жоспарды қажет ететін бастама бақылаудан шықпауы керек. Өйткені, демографиялық өсім жағдайын тұрақты ұстап отырған ел ретінде алдағы бірнеше жылда еңбек нарығында аса күрделі мәселелер кезеңі туады. Сол кезеңде шетелдіктердің басымдығы жұмыссыздық пен еңбек жағдайының теңсіздігі мәселесін туғызбауы шарт.
Инвестициялық саясатта да қырағылық керек. Бір жерде бірнеше мүдделес ұжымдардың, топтардың капиталы шоғырланбағаны абзал. Мемлекетке азу көрсетіп, шарт қоятын жағдай туғызып алудан сақ болған дұрыс. Президенттің жер қойнауы жағдайы бойынша арнайы карта әзірлеу тапсырмасы кезеңінде инвесторлардың да шоғырлану картасын қоса даярлаған дұрыс болар, бәлкім?!
Радикалды шешімдер күткен жұрт бір күпініп басылды. Біз тез өзгеруді қалаймыз. Біз «несие кешірілсін» деген ұрандар көтереміз. Несие кешірілмейді, кезіндегі осындай саяси жүрістер қаржы нарығына орасан зор қиындық туғызған. Ал несие ставкаларын түзеу – дұрыс талап. Президент бүгін екінші деңгейлі банктерге тұтынушылық қарыздарды беруден гөрі экономиканың нақты секторына ойысу туралы құлаққағыс жасады. Алда қабылданатын «Банк туралы» заң осы мәселелерді жүйелі түрде қамтиды деп сенеміз.
Менің ойымша, осы өзгерістердің барлығын жүзеге асыру кезеңінде негізге алатын құнды құжаттардың бірі – 2024 жылғы 8 мамырдағы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығы. Мемлекет басшысы осы құжат талаптарының орындалмай отырғанын айтты. Бұл – үлкен мәселе. Нарықтағы мемлекет үлесін барынша азайту – дамудың басты талабы. Бүгін айтылған жүйелі мәселелер қатарында бұл да бар.
Экономикалық мәселелер – әлем елдеріне ортақ дүние. Біздің басты мәселеміз – қоғамдық келісім, саяси мәдениеттің қалыптасуы. Біздің идеологиялық жұмыстарымыз, заңнамалық міндеттемелер мен талаптар және мемлекет тарапынан ұсынылатын мүмкіндіктер мен қолдау – біртұтас кешенді жұмысқа айналуы керек. Қазір Үкіметте әлеуметтік саясат блогына жетекшілік ететін Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа және салалық министрлерге айрықша аманат жүктеліп отыр. Ол аманат – елдің ертеңі, экономикалық саясат, заңнамалық базаны жетілдіру мен сыртқы саясаттағы орасан зор еңбектің зая кетпеуі.
Жолдау жариялануы – бір жұмыс, оның орындалуы – мол жұмыс. Үкімет бұл ретте жүйелі ақпараттық саясат, мәдени саясат және өзара қоғамдық диалог орнатудан бастау керек жұмысты. Желідегі парақша, жекелеген адамдар ешқашан «қоғамдық пікір қалыптастырушы» рөлін атқара алмайды. Жүйелі ақпараттық саясат – есіл еңбек пен қыруар қаражат жұмсалатын реформалардың тиімділігіне жауапты жұмыс.
Ортақ Отанның аманаты – абыройлы жүк. Азаматтар абыройлы болсын!