Арнайы тапсырманың астары: «Лентасы қиылған жоба» әлі сарапталып жатыр ма?

/uploads/thumbnail/20251003162834943_big.webp

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Торғай, Арқалық өңірлері арқылы өтіп, Астана мен батыс аймақтардың арасындағы жол уақытын қысқартуды көздейтін стратегиялық маңызы бар жобаны тікелей бақылауға алғаны, сөз жоқ, қолдайтын бастама. Торғай өңіріндегі үш аудан, Арқалық қаласы даму көшінен кейін қалмасын десек, үлкен жолдың түсуі – бірінші кезектегі міндет.

 

Осы Торғай өңірін түлете отырып, Астана мен батыс аймақтарды тікелей байланыстырып, нәтижесінде 700 шақырымға дейін жол қысқартатын жобаның бағыттары ел арасында дау туғызды.

 

Бурабайда өткен төртінші Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күрежол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба», – деп арнайы тапсырма берген болатын.

 

Артынша Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен сол кездегі Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын «Орталық-Батыс» автожолының Астана-Егіндікөл-Бауманское-Сочинское-Шалғай Шойындыкөл-Арқалық-Жалдама-Амангелді-Торғай-Ақшығанақ-Ырғыз бағыты құрылысының басталғанын хабарлап, лентасын қиған. Бірақ Көлік министрлігі тарапынан комиссия құрылып, жол жобасының сараптама деңгейінде екенін, бағыттарды айқындау үшін халықпен кездесулер өткізіліп жатқаны туралы ақпарат тарады.

 

«Айқын» газетінде осы мәселе көтерілгенде Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Мемлекет басшысының тапсырмасы бөлек орындалатынын, сондай-ақ бұл автожол Ұлытау облысына бұрмаланбайтынын, «Астана – Ұлытау» бағыты бойынша дербес жоба әзірленіп жатқанын айтқан-ды.

 

Бүгін ҚР Президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының Үкіметке дәл осы «Торғай – Ырғыз» автожолының құрылысын жеделдетуді тапсырғанын жариялады.

 

Игі жобаны жүзеге асыратын аса маңызды Президент бастамасының орындалуына қандай кедергілер бар? Жобалау-сметалық құжаттама бекітілген жоба бойынша ғана әзірленбеуші ме еді? Қаржыландыру көзі қандай және жоба мерзімі қандай? Ұлы істің айналасындағы ақпарат жұртқа қолжетімді болса, ешкім сырттан тон пішпей, тілеулестік танытар еді-ау...

 

Связанные Статьи