Биыл Қонаев қаласында 16 жаңа аялдама қойылды. Қазір олар цифрландырылып жатыр.
Әкім жаңа технологиялардың енгізілу жұмысымен танысты. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің сөзінше, әр аялдамада 4 бейнебақылау камералары орнатылған. Олар 30-50 метрге дейін адамның бет-әлпетін, кез келген іс-қимылды жақындатып көрсете алады.
«Вандализммен күрес үшін камераларды орнатып жатырмыз. Жақын арада оларды Жедел басқару орталығына қосамыз. Сонда мемлекет мүлкін бүлдіргендерді тез арада тауып алуға мүмкіндік туады», - деді ол.
Сонымен қатар нысанның ішінде телефонды қуаттағыштар мен автобустардың бағыттарын, қозғалысын көрсететін бағдарламасы бар монитор қойылған. Тегін Wi-Fi орнату мақсатында ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.
«Аялдамалар автобустар жүретін уақытта ғана ашық болады. Бұл - тазалықты, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жасалатын амал», - деді бөлім басшысы.