АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы тур-2015» халықаралық веложарысының деңгейі жылдан жылға жоғарылап келеді. Мен жарыс өтетін жолды өзім тексеріп шықтым.
Трасса жарыс өткізуге сақадай сай. Бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихаты барысында «Алматы тур-2015» халықаралық веложарысының директоры, Халықаралық велосипедшілер одағының комиссары Джек Ватсон осылай мәлім етті.
«Мен веложарыстың ұйымдастыру комитетінде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келемін. «Алматы тур» веложарысының деңгейі жылдан жылға жоғарылап келеді. Мен бұған өте ризамын. Мен жақында Алматыға келіп кеткен едім. Ұйымдастыру комтеті қыруар жұмыстар атқарды. Мұнда Халықаралық велосипедшілер одағының барлық талаптары орындалып жатыр. Мен жарыс жолын өзім тексеріп шықтым. Трасса халықаралық деңгейде жарыс өткізуге сақадай сай», - деді Джек Ватсон.
Биыл осымен үшінші рет өткізілейін деп отырған халықаралық веложарысқа Еуропа мен Азия елдерінен 20 команда қатысады. Жарыс жолына барлығы 150 велошабандоз шығады. Олардың ішінде екі кәсіпқой - «PRO Team Astana» және ресейлік «Katusha» командалары бар. Сонымен қатар «Rusvelo» проконтиненттік командасы, 14 құрлық және Қазақстан, Өзбекстан және Моңғолияның ұлттық құрама командалары қатысады.
Өз сөзінде «Қазақстанның спорт технологиялары» компаниясының бас директоры Арнұр Ыбыраев жүлделік қордың биыл да өзгеріссіз қалатындығын жеткізді.
«Жүлделік қор өткен жылдардағыдай болып қалады. Яғни, бірінші орын алған келошабандозға 15 мың еуро, екінші орын алғанға 10 мың және үшінші орын алған велошабандозға 5 мың еуро төленеді. Бұл басқа халықаралық деңгейдегі велождарыстарға қарағанда қомақты сома. Өйткені бұл біркүндік веложарыс. Соған бола шет елдерден, басқа құрлықтан ұшып келу оңай емес, яғни тиімді бола бермейді. Сондықтан біз қомақты жүлделік қормен қатар, велосипедшілердің ұшу билеті мен жүктері бойынша шығындарды өз мойнымызға алып отырмыз. Сонымен қатар, жарысқа қатысқаны үшін велошабандоздарға белгілі мөлшерде өтемақы төленеді», - деді А. Ыбыраев.
Айта кетелік, биыл «Алматы тур-2015» халықаралық веложарысын 4 қазан күні тікелей эфирде күндізгі сағат 13:00-ден 14:00-ге дейін «Еуроспорт-2» телеарнасы көрсетеді. Ал елімізде «Қазақстан», «Алматы» және «Қазспорт» арналары толық көлемде көрсетеді.
Жарыс үстіміздегі жылы 4 қазан күні Алматы қаласында таңғы сағат 09:00-де басталып, шамамен сағат 14:00-де аяқталады. Марапаттау рәсімі осы уақытта.
Велошабандоздар әл-Фараби даңғылы бойымен 31 шақырымнан тұратын алты айналымды басып өтеді, яғни жарыс жолы 186 шақырымды құрайды.
Оставить комментарий