Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қате табылды. Аида Балаева кітаптарды кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарын ұсынды. Қазақстандағы кейбір мектеп кітаптарының жаңартылмағанына 9 жылға жуықтаған. Осыған байланысты Аида Балаева оқулықтарда қандай қателіктер кеткенін жіпке тізіп, қай сыныптардың құралдары бірінші кезекте қайта басылатынын жеткізді.
Мәдениет және ақпарат министрі мектептерге арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдарды заман талабына сай өзгерту мәселесін қозғап, қазіргі кітаптардан 700-ден аса ескерту мен шикілік табылғанын алға тартты.
Министрдің сөзінше, соңғы уақытта баспагерлер мен тұрғындар тарапынан бұл реформаның мән-жайын түсіндіруді сұраған өтініштер жиілеген.
Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында былай деп жазды:
«Бүгінде қолданыстағы оқулықтар бойынша әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қате анықталды. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар».

Министр отандық құндылықтарға сай келмейтін тақырыптардың кездесуіне, математикадағы қате ережелер мен есептердің шешілу жолдарына, бағдарламадан тыс шығармалардың жүруіне және тарихи фактілердің бұрмалануына қатты алаңдаушылық білдірді.
Сонымен қатар, Балаева бірқатар кітаптың бекітілген мерзімнен тыс, яғни тоғыз жыл бойы ешқандай түзетусіз қолданыста жүргенін сынға алды.
«Мұндай жағдайда оқулықтарды уақытылы жаңарту – оқушыларды сапалы, өзекті әрі мемлекеттік білім беру стандарттарына сай оқу материалдарымен қамтамасыз етудің кезек күттірмейтін қажеттілігі».
Оқулық сапасы тек баспалардың ғана шаруасы емес екенін айтқан министр, бұл мәселенің балалардың болашағы мен білім деңгейіне тікелей әсер ететінін ескертті.
«Бұл елдегі білім сапасына, демек балаларымыздың келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды мәселе. Оқулық сараптаманың формалды талаптарына ғана сай болып қоймай, мемлекеттің, қоғамның және білім беру жүйесінің бүгінгі сұранысына толық жауап беруі тиіс».
Ол бұған дейін мақұлдаудан өткен кітаптарға қатысты Пәндік сараптама комиссиясы шығарған шешімдердің күшінде қалатынын нақтылады.
«Әңгіме түпкі нәтиже үшін ортақ жауапкершілік туралы болып отыр. Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек».
Оқулықтарды жаңарту кестесі
Оқу-ағарту министрлігі бұл реформаны бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асыруды көздеп отыр:
- 2026 жылғы 30 тамызға дейін – 3 және 7-сынып оқулықтары;
- 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін – 4 және 9-сынып оқулықтары;
- 2027 жылғы 1 сәуірге дейін – 8-сынып оқулықтары толық жаңартылады.
Ресми мәліметке сүйенсек, негізгі мақсат – еліміздегі мектептерді заманауи, мазмұны тексерілген, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделген сапалы кітаптармен қамту.
«Ата-аналар да, ұстаздар қауымы да, жалпы қоғам да бізден осы жауапты жұмысты сапалы әрі жүйелі атқаруды күтеді». – деді Аида Балаева.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да биыл қай сыныптардың басылымдары өзгеретінін хабарлаған болатын.