Ақпанның 16-сы күні Алматыдағы тәуелсіздік ескерткіші тұрған орталық алаңға ұлттық валюта - теңгенің девальвациясына наразылық білдіруге келген адамдардың кейбіреуін полиция ұстап алып кетті. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, полицейлер соңғы бір сағаттың ішінде тағы да жеті адамды ұстап, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына алып кеткен. Сонымен бірге полиция қызметкерлері алаңдағы оқиғаға куә болған жас азаматтардың кейбірінің мобильді телефондарын ашып қарап, оған не түсіргендерін тексерген. Сағат он екілер шамасында тәуелсіздік ескерткішіне өтуге әрекет жасаған белсенділер Жанна Байтелова мен Евгения Плахинаны полиция қызметкерлері ұстап, алып кеткен. Сонымен бірге басына әйелдің шілтер ішкиімін киіп алған белсенді Валерия Ибраеваны да полиция ұстаған (бұған дейін Кедендік одақ аумағында «регламентке сай емес» деп танылған әлгіндей ішкиімді шығаруға, енгізуге және сатуға тыйым салынғаны туралы хабар тараған еді). Полиция қызметкерлері алаңда болып жатқан оқиғаны түсірмек болған журналистерді ол жерден ығыстырып тастаған.
Таңертеңнен қызыл жолақты лентамен қоршалып, «Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деген жазу ілінген тәуелсіздік ескерткіші орналасқан алаңда қазір тек ондаған полиция қызметкерлері мен прокуратура өкілдері жүр, бір шетте екі автобус мен бірнеше полиция көлігі тұр деп хабарлады Азаттық тілшісі. Бұған дейін билік өкілдері тәуелсіздік ескерткіші алдынан үш әйелді - Жанна Байтелова, Евгения Плахина мен Валерия Ибраеваны ұстап әкеткен еді. Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгенің девальвациясына наразы азаматтар ақпанның 16-сы күні Алматыдағы тәуелсіздік ескерткіші тұрған орталық алаңға жиналатыны туралы бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тараған болатын. Азаттық радиосы
(Тақырып өзгертіліп берілді)
Оставить комментарий