Қанат Әбілқайыр: Біз тоқал ешкі секілдіміз. Ал, билік - мүйізді бұқа

/uploads/thumbnail/20170708151226979_small.jpg
ӨЗ СӨЗІМ ӨЗІМДІКІ немесе халық толқыса, не істейміз? Халық толқыса, не болады? Бұл сұраққа жауап бере аласыз ба? Біріншеден, шек келтірмеймін, бүкіл қазақ бір жағадан жең шығарып, күш біріктірсе, билікті төңкеріліп тастауы әбден мүмкін. Бірақ, сол төңкерілген тағыңызға кім келеді? Білмейсіз. Рухты азамат келсе, қазаққа - бақ, ал рухсыз болса - сор. "Сақал сұрап жүріп, мүйізден айрыласыз". Екіншіден, мүйіз дегеннен шығады. Сол соқталдай мүйіз бізде жоқ-ау! Біз тоқал ешкі секілдіміз. Ал, билік - мүйізді бұқа. Оны кешегі оқиғадан көріп білдіңіз. Қазақ көшеге шығып қырылып кетсе, оның обалы тек билікте ғана ма? Жоқ, сол қырғынға жол беріп отырған Сіз бен Біз де кінәлі болмақпыз. Мәселен, Жаңаөзенде қырылған қазақтың жоқтаушысы бола алып жүрміз бе, бүгін. Сол дүрбелеңде отағасы опат болып, қан жылап қалған отбасылардың жайын ойладық па? Жанары жасқа толған сансыз сәбилерге медеу бола білдік пе? Жоқ. Сол кезде саяси сахнада "герой" болғандардың дені өзі саяси ұпай жинап алған соң, табанын жалтыратты. Енді халық толқыса, сол сценарий қайталанбасына кім кепіл? Үшіншіден, біздің билік қайткен күнде де бейбіт шеруді күшпен басып тастайтынын дәлелдеп болды. Соны біле тұра отқа қарай жүгіру бізді ұшпаққа шығара ма? Мен, сен, ол және олар - халық өкілдері. Біздің сөзімізді "көтерілісқұмар" радикалдар да, билік те тыңдаған емес, тыңдамайды да... Олар қазақтың басын саудаға салып, құрбан етудің ойынын ойнай бермек. 1986 жылы да сөйткен. Сондықтан да, көшеге шыға қалсақ, яки шыққандарға сабыр, салқынқандылық һәм мәдениет қажет. Қоршауға алған жасағыңның өзі - өз қандасың, өз бауырың... Мен оң солын танымаған жастардың жастық жалынымен отқа оранғанын қаламаймын. Олар өзі аңсаған күнге бейбіт түрде еңбек етіп, жетсе екен деймін! Төртіншіден, біз мақсатымызға көтеріліс арқылы ғана жетеміз деу бекер. Бірақ, халық солай ойласа, біз бен сіздің, билік пен оппозицияның оған шектеу қоя алмасы анық. Ондай жағдайда не істемек керек? Халықтың жағына шыққан жөн. Өйткені, билік - жүзжылдық, ал қазақ - мәңгілік.

Оставить комментарий

Связанные Статьи