ЕРТЕҢ ӨЛІП КЕТЕРМІН КІМ БІЛЕДІ?
Ертең өліп кетермін кім біледі,
Көңіл сезсе ішімді мың бүреді.
Біздің тағдыр тез сөнер әйтеу бір күн,
Жанып тұрған тегінде сүмбіле еді.
Өмірзая болармын кім біледі,
Таң атады, күн шығып түн кіреді.
Өзімнің де сол жаққа кеткім кеп жүр,
Тағдыр құрғыр тәнімді тілгіледі.
Кім біледі өлген соң келген бар ма?!
Кеткенді де, келгенді көрген де Алла!
Жемтік болып құзғынға арам қатқан,
Бала күннен есімде өлген қарға.
Сол қарғадай бір күні қалам мен де,
Құзғындарды түсіріп арам терге.
Өлмей жатып «өлем» деп өлең жазсам,
Табалайды біреулер сараң дер ме.
Біреулер де өледі кім біледі,
Олардың да ертеңі күңгір еді.
Тәтті өмірді аңсауға зауқым да жоқ,
Көктегілер бір күні бүлдіреді.
Тамағыма түйіліп түйін мұңдар,
Өңешіме қан болып құйылдыңдар.
Тәнім-тобыр, топалаң жаным жалғыз,
Жалғыздықтан жапанда қиын кім бар?!
Тірі жүрсең тірлікте кекшеңдеген,
Түбіме көп хайуандар жетсем деген.
Жанарларды толтырып жасқа мәңгі,
Бүгін өліп өзім-ақ кетсем бе екен...?!
Таба алмадық
Бір бақытты іздедік таба алмадық,
«Таптық» дедік!
тағдырды тағы алдадық.
Біз іздеген бір бақыт бақида екен,
Қайта алмадық ол жаққа бара алмадық.
Бір қуаныш іздедік қуансақ деп,
Кетсек дедік өмірге бір ән сап кеп.
Жылап келіп кетеміз жылап тағы,
Қуанамыз жымиып туалсақ тек.
Бір махаббат іздедік таба алмадық,
«Таптық» дедік!
жүректі тағы алдадық.
Біз іздеген махаббат көкте дейді,
Періште боп көруге жаралмадық.
Бір асылды іздедік алып күшті,
«Таптық» дедік!
жұлдыз ол жарық құшты.
Жұлдыз екеш жұлдыз да мәңгі еместі,
Қара жерге қамығып ағып түсті.
Бір нәрсені іздеуге асығамыз,
Таппасақ та таптық деп асырамыз.
Шындық іздеп таба алмай ақырында,
Өтіріктің дарына асыламыз.
Бір адамды іздедік кезіп көптен,
Қара жерден таба алмай кезіп көктен.
Мәңгі өлмейтін адамды көрдік бірақ,
Тәңір берген тағдырдан безіп кеткен.
Бір өлеңді іздедік таба алмадық,
«Таптық» дедік!
Ақынды тағы алдадық.
Өлең таптық өлмейтін иесі оның,
Тәңір екен... Тәңір боп жаралмадық!
Қара түн
Мен сендікпін құшағыңды аш қара түн,
Қиял құсым саған жайып қанатын.
Самғай ұшты сан арманды арқалап,
Шоғырына жұлдыздардың ағатын.
Сені күтем күн батқан соң қара түн,
Шымшылайды шыдамсыздау тағатым.
Бес күн жалған жарығынан жалығып,
Менің жаным сенен ләззат табатын.
Қап-қараңғы қара түнек қара түн,
Мен бір бейбақ есігіңді қағатын.
Бәлкім сенде тоқтап қалар уақыт а...
Мына жақта сырғып жатыр сағатым.
Шексіз-шексіз көрінбейтін қара түн,
Жанарымның нұры жетпей талатын.
Түнегіңе сіңіп кетсем адасып,
Бәз біреудің көзінен жас таматын...
Ол да мендей бір бейбақ-ау қара түн,
Мені күтіп келгенімді бағатын.
Бейтаныс ол... маған жақын әйтеуір
Бізге ортақ бір шырпыны жағатын...
Қара түн!
Тауда өстім. Тауда тудым. Тауға барам
Арысы тау аңызы – Әмірсана,
Тегінде жоңғар жатқан әмір сала.
Берісі сай-салалы қарт төбелер,
Арасы шатқал-шатқал қоңыр сала.
Таулары қолтықтасып Жыландымен,
Жазығын жайлап жатқан құлан кілең.
Қарағай қаулап өскен, таудан жеткен,
Салайын жаңғырықтан бір әнді мен.
Көктоғай!
Көп тоғайдың ортасында,
Бабамның таңбасы бар жартасында.
Қара Ертіс малта тасы малтып жүрер,
Томпайып әр түйнектің қалтасында.
Мен де сол түйнектермен тел өскенмін,
Туғаннан жоталармен тең өскенмін.
Шілдеде Қара Ертіске бой сүңгітіп,
Қақаған ақпанында сең ескенмін.
Жанарға шағып алса жас толатын,
Қалақай, бар балаға қас болатын.
Аңғал жұрт жота кезіп, тезек теріп,
Аршаның иісіне мас болатын.
Таулықпыз. Тау кіретін түсімізге,
Қайнайтын жеміс біткен ішімізде.
Шайырын қарағайдың шайнаушы едік,
Тісіміз сірескенше тісімізге.
Тастары етегінен саумалаған,
Дәретсіз аң-құсы да аунамаған.
Жанымның киесі де иесі сол,
Тауда өстім. Тауда тудым. Тауға барам.
Алматыға тағы келді түн ауып...
Не спится мне. Такая лунность!
Еще как будто берегу
В душе утраченную юность.
(Есенин)
Алматыға тағы келді түн ауып,
«У» алып...
Мен отырмын сыр шертісіп баяғы,
Көңілшектеу бұйра бұлтпен жылауық.
Жасын төгіп жанарынан жасқана,
Ренжітті ме тас қала...
Түн ауғанда түртіп мені оятқан,
Мазасыз ой сен де мені тастама.
Көшеді бұлт, жұлдыз сөніп айсыз түн...
Түнек басты. Жайсызбын...
Бәрі ұйқыда. Терезенің алдында,
Мен ояумын, бүгін тағы ой сүздім.
Бәлкім бәрі өзгеретін шығар а...?!
Көктөбе де... Мұнара...
Мен аңсаған арман алдан күтеді,
Арманшылмын шыда жүрек, жылама!
Біреу есік қағып келер «бақыт» боп,
Еріп кетем уақыт жоқ...
Шимай-шимай ойлар осы миымда,
тағдыр жолың қиын ба?!
Тыныштық бер! Тілемеймін өзге мұң,
өзге бақыт. Керек емес сыйың да.
Мені түнім ұйықтатуға келмеген,
Мазасыз ой тергеген.
Сағат тілі артқа айналып кетсе ғой,
Бесігіме қайта жатсам тербеген!
...Тырмалап жыр жазудамын өзімше,
Біреу оны сезінсе...
Құдай сенің көзіңше!
Марғұлан АҚАН
Оставить комментарий