Американың Бас консулымен жүздесті
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының басшысы Бағдат Қарасаев Америка Құрама Штатының Бас консулы Марк МУДИМЕН кездесті. Мәртебелі жүздесудің негізгі мақсаты – Алматы облысын қоса алғандағы еліміздің экономикасын өркендету барысында қос мемлекет арасында білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары бойынша өзара ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру.
Жер ұйығы Жетісуға арнайы ат арылтып келген қонақтардың облыс аумағына басқан қадамдарына құтты болсын айтқан Алматы облысының әкімі өзі басқаратын өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен мол мүмкіндіктерін, жеткен жетістіктері, әсем табиғаты мен тарихи құндылықтары жайлы жан-жақты әңгімеледі.
– Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Өйткені бұл жүздесудің екі мемлекет үшін де маңызы аса зор деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, Алматы облысы аграрлы аймақ, ауыл шаруашылығын, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді өркендетуге өте қолайлы. Мыңғырған мал бар, көкөніс пен жеміс-жидектің небір түрі өсіріледі. Қызылша, жүгері, картоп, арпа-бидай өсіріп, өңдеуден өзге өңірлердің алдындамыз. Облыста екі миллион халық тұрады. Жалпы, қазақ халқы қашанда көршісін сыйлайтын, бейбіт өмірді қалайтын қонақжай ел ғой. Оған жүзден аса ұлт өкілдерінің ауызбірлікті тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандығы дәлел.
Тазалығымен ерекшеленетін шағын қаламыз Талдықорған да жыл өткен сайын көркейіп, гүлденіп келеді. Тарихы тереңнен тамыр тартқан аймақтың табиғаты тіптен тамаша. Бізде тау, өзен, су, көл, орман бар. Бір сөзбен айтқанда, табиғат-ананың барлық белдеуін осыдан табасыз және бұл жағдай осы облыста туризмді дамытуға үлкен қолайлылық туғызады. Өздеріңізге белгілі, Ұлы Жібек жолы да облыс аумағын басып өтеді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінде осы сауда жолы қайта жаңғыртылуда. Қазіргі кезде инфрақұрылымды дамытуға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Соның арқасында облыс экономикасы қарқынды өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Алматы – Талдықорған бағытындағы тас жолға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заман талабына сай лайықталып, қайта салынып жатыр. Кәсіпкерлік пен өндіріс саласы да жоғары деңгейде өсіп-өркендеп келеді, – деген облыс басшысы Талдықорған қаласының АҚШ-тағы шаһарлардың бірімен бауырласқаны қос тарапты бүгінгіден де жақындастыра түсетіні туралы ойын да ортаға салды.
Қазақстан, соның ішінде Жетісу жері туралы өзінің білетіндерімен, жағымды ойларымен бөліскен Марк Муди өз кезегінде ұйымдастырылып отырған бұл екіжақты кездесудің ерекшелігі, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге себеп болатындығына тоқталды. Болашақта білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын өрістетуде өзара тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеудің айрықша маңызға ие екендігін тілге тиек етті. Талдықорғанмен бауырласатын қала туралы ұсынысқа құптау білдірді. Әкімдіктегі әдемі әңгімеден кейін Бас консул Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары және білімгерлерімен кездесіп, білім саласына қатысты АҚШ-тағы белді университеттермен өзара тәжірибе алмасып, әріптестікті одан әрі күшейту жөнінде ұсыныс-пікірлерді тыңдап, өзінің ойын да білдірді.
Мемлекеттік кірістер басқармасының жаңа мекені
Алматы облысы орталығының халқы саны алға жылжыған жылдармен бірге артып келеді. Соған сай қалада мемлекетке салық төлейтін заңды тұлғалар – шағын және орта кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар саны да көбейген. Өндіріс орындары да көптеп іске қосылуда. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Талдықорғанның тізгінін ұстағанына бір апта да болмаған су жаңа әкім Бағдат Қарасаев бірер күннің ішінде бірнеше қуанышты жаңалыққа жаршы болды.
Халық игілігіне жұмсалатын қазынаның бүйірі ортаймауы жолында мақсатты жұмыс жүргізетін Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бұған дейін облыстық салық департаментінің ғимаратында отыратын. Күні кеше басқарма күрделі жөндеуден өткізілген жаңа ғимаратқа кіріп, қоныстойын жасады. Алдағы кезде Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жаңа жүйемен жұмыс істей бастайды. Ол – кедергісіз жүйе деп аталады. Салықшылардың қуанышына ортақтасуға уақыт тауып, арнайы келген қала әкімі өзінің құттықтауында мемлекеттік кірістер басқармасы мен ондағы қызметкерлердің жемісті еңбегі облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына оң ықпал етіп, үлкен үлес қосатынын айрықша атап өтті. «Қызмет қыл да міндет ет» демекші, бюджеттің берекелі болуын қамтамасыз ететін саладағылардың қызметтік жағдайын жасау көптен айтылып келе жатқан еді. Ақыры шешімін тапты. Заманауи техникалармен жабдықталған су жаңа ғимаратта халыққа «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі.
Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мейрам Мұсаевтың айтуына қарағанда, дәл қазіргі кезде облыс орталығында 146 мыңнан астам салық төлеуші тіркелген. Олардың 3621-і заңды тұлға болса, 12 мыңға жуығы – жеке кәсіпкерлер, тағы 130 мыңы – жеке тұлғалар. Үстіміздегі жылдың 10 айында талдықорғандық салықшылар мемлекет қазынасына 14 миллиард теңгеден астам-қаржы түсіріпті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 17 миллиард теңгеден асып-жығылады деген батыл болжам бар.
Жаңа ғимараттың ішін аралап, озық техникалық мүмкіндіктің шамасын байқап көрген қала басшысы ұйымдастырушылық жұмысқа жоғары баға беріп, алдағы кезде халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы барынша жақсаратындығына сенім білдірді.
Алматы мен Астана Талдықорғанға жақындай түсті
«Qazaq Air» әуе компаниясы Алматы – Талдықорған – Астана және Астана – Талдықорған – Алматы бағыттары бойынша жаңа әуе қатынасын іске қосты.
Естеріңізге салар болсақ, бұған дейін Талдықорғаннан Астанаға жергілікті «Жетісу» әуе компаниясының Кеңес Одағынан мұра болып қалған «ЯК-40» ұшақтары қатынайтын. Заманның бүгінгі даму қарқынына қарап отырып, қай кезде заманауи әуе лайнері арқылы қалықтайтын боламыз деп армандайтын талдықорғандықтардың тілегі орындалды. Облыстық, әкімдіктің қолдауының арқасында Талдықорған әуежайының ұшу және қону жолдары, жолаушыларды шығарып салып, тосып алатын алаңы толығымен жаңартылды. Әуежайда барлық арнайы теxникалар ауыстырылып, жаңадан әуенавигациялық жабдықтар орнатылды. Осылайша, Талдықорған әуежайы қазіргі заманғы әуе кемелерін қабылдап, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге кірісті. Бұдан былай Талдықорған өңірінің тұрғындары Астана мен Алматы қаласына барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған жаңа ұшақпен қатынайтын болады. «Qazaq Air» әуекомпаниясының 78 орынды «Bombardier Q 400» ұшағы Алматы мен Астананы Талдықорғанға жақындата түсті. Өткен аптаның сәрсенбісінде елордадан осы ұшақпен жеткен жолаушыларды талдықорғандықтар салтанатпен қарсы алды. Астанадан қонған ұшақтағы жолаушылар арасында болған «Qazaq Air» әуекомпаниясының президенті Полок Блэр жетісулықтардың қонақжай көңілі мен достық пейіліне ризашылық білдірді. Оның сөзіне қарағанда, Жетісу жері әуе тасымалына өте ыңғайлы. Әзірше әуе компаниясы аптасына үш рейс жасаса, таяу келешекте ұшу бағытының санын арттыру жоспарлануда. Өйткені жыл өткен сайын бір қаладан екіншісіне жылдам жетуді талап еткен туристердің, кәсіпкерлердің, шенеуніктердің қатары көбейіп келеді. Сол себепті, әуекомпаниясы тек жаңа әрі қауіпсіз ұшақтарды сатып алуды ойластыруда.
Жаңа әуе бағытының ұшу кестесі төмендегідей:
Ұшақ Алматы – Талдықорған – Астана, Астана – Талдықорған – Алматы бағыттары бойынша аптаның 1,3,5 күндері (дүйсенбі, сәрсенбі, жұмада) қатынайды.
Алматы қаласынан сағат 9:10-да ұшып, Талдықорғанға сағат 10:05-те қонады, сондай-ақ Талдықорғаннан сағат 10:55-те ұшып, Астанаға сағат 13:00-де барады. Кері бағытта Астанадан ұшу уақыты сағат 14:10-да, Талдықорғанға қону уақыты сағат 16:15-те, сондай-ақ Талдықорғаннан сағат 17:05-те ұшқан ұшақ Алматы қаласына сағат 18:00-де қонады.
Жылыту маусымы ойдағыдай өтуге тиісті
Талдықорғандағы Журналистер үйінің мәжіліс залына БАҚ өкілдерін жинаған ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Алматы облыстық бөлімшесі бұл жолы журналистерді Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қанағатовпен және «Талдықорғанжылусервис» коммуналдық кәсіпорнының директоры Манархан Ахымбековпен жолықтырды. Екі тарап облыс пен облыс орталығының қысқы жылыту маусымына дайындығын талқылап, өздерін ғана емес жұртшылықты да толғандырып жүрген сауалдарға жауап тапқандай болды.
Алматы облысы қысқы жылыту маусымын тыңғылықты дайындықпен бастапты. Бұл мақсатқа бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлініп, қазандықтар, жылу, су мен кәріз жүйелері қысқа сақадай-сай етілген көрінеді. Өңірдегі 2243 әлеуметтік нысан мен 1424 тұрғын үйге жылу уақытында берілген.
Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Алматы облысында инфрақұрылымды дамытуда құны 1,74 млн болатын 6 жоба жүзеге асырылуда. Оның бесеуі Қапшағай қаласына тиесілі болса, біреуі Талдықорған қаласының үлесінде. Аталған жобалар «ТҮКШ жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» АҚ-тың несиелендіру желісі арқылы атқарылуда. Қапшағай қаласында 25,2 шақырым жылу жүйесіне жаңғырту мен Заречный ауылында орталық қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге аталған
6 жобаның ішінде Қапшағай қаласындағы жылу жүйесіне қатысты 3 жоба толығымен аяқталды. Алдағы 2016 жылға «Нұрлы жол» бағдарламасына ауызсу мен жылыту жүйелеріне қатысты 45 жобаны енгізу көзделіп отыр.
Отын қорына келетін болсақ, барлығы ойдағыдай. Облысты пеллетпен (егіннен қалған сабаннан, қамыс-құрақтан дайындалатын отын) жылыту жүйесіне көшкен 35 нысан бар. Дизель отынына қарағанда, үш есе арзанға түсетін бұл жаңа биоотын түрін облыста Қаратал, Көксу, Кербұлақ аудандарындағы 3 зауыт шығарады. Қаратал ауданында күріштің, ал қалған екі ауданда майбұршақтың сабаны пайдаланылады. Аталған жасыл энергетика жылыту жүйесіне жаңадан енгізіліп жатқандықтан, биылғы жылы жергілікті бюджеттен 1 айлық дизель отынына жұмсалатын 15 млн теңге көлемінде артық қор қарастырылыпты. Ә.Қанағатовтың айтуынша, бюджеттік ұйымдар үшін 2,2, млрд теңгеге 20,6 млн литр дизель отыны сатып алынған, ал тұрғындардың тұтыну қажеттілігін құрайтын 1 430,8 мың тонна көмірдің 1 207,9 мың тоннасы бүгінгі күні облыстағы қоймаларға жеткізілген. Қысқы маусымда жылумен және энергиямен қамтушы кәсіпорындар да отын жағынан дер кезінде қамтамасыз етіліп, мазут пен қатты отынның тиісті мөлшері алынған.
Бұрындары қыс ортасында жылуға қатысты проблемаларымен жиі мазалайтын шағын қалалардағы мәселе де біртіндеп реттелуде. Сарқан қаласында құны 1,1 млдр теңге болатын орталық қазандық пен жылу жүйесінің құрылысы аяқталды. «Сарқан жылу» МҚК-ның жарғылық капиталын қалыптастыру мақсатында арнайы техника сатып алу үшін облыстық бюджеттен 100 млн теңге, көмір алуға 67,97 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде Сарқандағы бюджеттік саланың 14 нысаны орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылыпты. Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласындағы «Жылыту орталығы» ЖШС-ның қазандығына 746,2 млн теңгеге жаңғырту жұмыстары жасалыпты. Ал Текелі қаласының «Алатау» және «Достық» шағын аудандарында жалпы ұзындығы 12,5 шақырым болатын магистральды жылу жүйесі төселуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілу деңгейін 19%-дан 26%-ға дейін жеткізуге, тозығы жеткен жылу жүйелерін 58%-дан 50%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Жүйесіз жұмысымен талайлардың ұйқысын қашырып жүретін «Талдықорғанжылусервис» мекемесінің директоры Манархан Ахымбеков бұл жолы да жақсы жаңалыққа жарытпады. Оның айтуынша, жаппай қымбатшылық кезеңі табалдырықтан аттапты. Желтоқсанда жылудың, ыстық судың бағасы біршама қымбаттайтыны осы басқосуда мәлім болды. Сондықтан қарапайым халықты «есептегіш» құрал орнату ғана коммуналдық қызметтің қымбатшылығынан аздап болса да құтқарады. Әзірге Талдықорған қаласындағы бюджеттік мекемелер түгелімен «есептегіш» орнатып алса, кәсіпорындардың 62 пайызы, тұрғындардың 48 пайызы ғана тиімді жабдықты жабылып жүріп қойғызыпты.
Облыс орталығы басқаларға үлгі болуы керек
алдықорған қаласының әкімі алғашқы жұмыс аптасын ұйқысыз өткізді десек, артық айтқандық бола қоймас. Күн сайын таң атысымен қаланың тазалығы мен тәртібіне, коммуналдық қызметіне жауаптыларды жанына ертіп, елден бұрын тұрып, облыс орталығының көшелері мен шағын аудандарын аралап шығады. «Көркем Талдықорған» МҚКК жұмысының басталуын өз көзімен көріп, олардың таңертеңгі дайындығына көңіл аударған шаһар басшысы «тазалықшылардың» материалдық-техникалық базасымен танысып, ненің бар, ненің жоқ екеніне назар салды. Қазан айының ортасында мекемеге жеткізілген жаңа жабдықтар мен техникаларды көріп, болашақта олардың қатарын нығайтуды ойластыру қажеттігін қасындағылардың есіне салды.
Арнайы техникалармен жабдықталу жағынан және адам күшімен толық қамтылып отырған мекеменің жұмысына көңілі толмайтынын да жасырған жоқ. «Басты назарларыңды онсыз да ретті әрі таза орталық пен негізгі көшелерге аударып, қаланың басқа қалтарыс-бұлтарыстарын, шағын аудандардың ішкі жағдайын көзге ілмейсіңдер. Қала тұрғындарының негізгі бөлігі тұратын шағын аудандардың аулаларында заңсыз қоқыс үйінділері пайда болған. Жекеменшік жеке үйлер секторларындағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Сондықтан тез арада көшелер мен орамдарды тазартудың жаңа жұмыс схемасын жасау керек. Тазалық пен тәртіпке бағынғысы келмейтіндермен күрестің тың тәсілдерін ойлап табыңдар» деген қала әкімі өзінің бірінші орынбасарын біраз терлетіп алды.
Осылайша, алдағы кезде жоғарыда аталған «Көркем Талдықорған» МҚКК мен «Жигули» ЖШС сынды қаланың тазалығына жауапты мекемелердің жұмыс жоспары қайта қаралып, оларды заманауи техникалармен жабдықтау жалғасын табатын болды. Сонымен бірге коммуналдық қызмет саласындағылар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтып, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында қалалықтардың арыз-шағымдарына тез арада назар аударып, нақты әрекет ететін шұғыл топ құрылады. Жақын күндері Талдықорған қаласы әкімдігінде «WhatsApp» жедел желісі жұмысқа кіріседі. Кез келген қала тұрғыны коммуналдық салаға қатысты өтініштері және қаладағы заңсыз күл-қоқыс үйінділері мен тағы басқа келеңсіздіктерді дәлелдейтін фотосуреттерді «WhatsApp» арқылы хабарласып, жөнелте алады.
Қала әкімі бірер күн ішінде қаланың тазалығын көңіл таразысынан өткізіп қана қоймай, облыс орталығын ауызсумен қамтамасыз ететін «Жетісусуқұбыры» МКК кәсіпорнының жұмысымен, талдықорғандықтардың қыста тоңып қалмауы және ыстық судан тапшылық көрмеуіне жауапты «Талдықорғанжылусервис» МҚКК қысқа дайындығымен жете танысып, басшыларымен әңгімелесіп, оларды толғандыратын мәселелерді тыңдады. Талдықорғандағы жылыту маусымының талапқа сай өтуіне тікелей қызмет көрсететін негізгі қазандық «Басқуаттың» қаншалықты қуатты екендігін өз көзімен көрген қала басшысы одан кейін облыс орталығындағы тұрғындар көптеп шоғырланған орамдардағы шағын қазандықтардың отынмен қамтамасыз етілуі мен техникалық жабдықталуына назар салды. Сенбі мен жексенбіде облыс орталығындағы жұртты негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ететін базарлардың жай-күйін аралап көрді. Тұрғындар көп келетін «Жерұйық» коммуналдық базарының қызметін жетілдіру, мұндағы бағаның қарапайым халық үшін қолжетімді болуын қалыптастыру жөнінде ойларын ортаға салып, сауда саласының мамандарымен ақылдасты.
Дереккөз: Айқын-ақпарат