Экономика жаңа жағдайда жұмыс істеуге бейімделуі тиіс

/uploads/thumbnail/20170708204152079_small.jpg

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кеңейтілген отырысы болып өтті. Отырыста еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы жылдың 10 айындағы қорытындысы, индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру жайы, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ты трансформациялау жөніндегі тапсырманың орындалу барысы қаралды.

Елбасы отырысты ашардағы сөзінде дағдарыс толқыны белең ала бастаған қазіргі шақтың еліміз үшін оңай болып отырмағанын айта келе, бүгінгі отырыста Үкіметтің осыған сәйкес жүргізіп жатқан жұмыстарының барысы қаралатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы қалып­тасқан экономикалық жағдайда оған бейімделуге және әрі қарай дамуға қажетті мүмкіндіктерді табу маңызды екенін атап өтті. Бүгінде мемлекеттік шығыстар 1,5 триллион теңгеге қысқарды және ол ауыртпалықсыз жасалды. Бюджеттің кіріс бөлігіндегі қиындықтарға қарамастан, мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер уақтылы орындалуда. Бұл өте маңызды, деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Парламент «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында бірлескен ауқымды жұмыс ат­қар­ғанын, нәтижесінде 2016 жыл­дың 1 қаңтарына дейін барлық инс­титуттық реформаларды жүзеге асы­ру­дың заңнамалық негізі қамта­масыз етілетінін айтты. Мемле­кет басшысы әлемдік экономи­ка өсімінің баяулауы негізгі шикізат тауарларына сұраныс пен бағаның төмендеуі жағдайында, сондай-ақ, теңгенің еркін айналым бағамына көшуге байланысты дағдарысқа қарсы жүйелі және жедел шаралар қабылдау қажеттігі туындайтынына назар аударды.

Атап айтқанда, Қазақстан Президенті дағдарыс өзінің теріс салдарларымен бірге отандық экономиканы қайта құрылымдау үшін, оның бәсекелік қабілетін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер беретініне тоқталды. Өзінің бәсекеге қабілетін көрсеткен күшті компаниялар ғана қалатын уақыт келді. Қалғандары кетуі тиіс, олардың орнына заманауи менедж­мент, жаңа маркетингтік стратегия, жаңа мамандар әкелетін жаңа басқарушылар келеді. Бұл үдерістердің айқын регламенттелуі және ашық заңнамалық негізі болуы тиіс, деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Пар­ла­мент оңалту және банкроттық туралы заңнамаға меншік иесін ауыстыру және кредитордан қорғау тетіктерін жақсартатын түзетулер қабылдағанын айтты. Осы құжат арқылы кәсіпорынды қаржылық сауықтыру мақсатында қарызды қайта құрылымдау мәселесін қарызгер мен қарыз беруші бірлесіп шешетін, төлем қабілетсіздігін реттеудің жаңа жүйесі қаланады. Банкроттық үдерісі – күйреп қалу емес, кәсіпорынды дамудың жаңа деңгейіне шығару ғана. Бұл ретте осы үдерістің артық-кемін егжей-тегжейлі түсіндіретін, ойланып істейтін қажырлы еңбек қажет, деді Қазақстан Президенті.

Елбасы жекешелендірудің екінші «толқынының» қарқыны жеткіліксіз екеніне тоқталды. Осы науқанды бастағалы бәсекелік ортаға небәрі 2013 нысан берілді. Менің тапсырмам бойынша Үкі­мет мемлекет иелігінен алу жә­не жекешелендіру амалдарын түбе­гейлі қайта қарады, олар бүгінде Парламентте қаралып жатқан жаңа заң жобасында көрініс тапты. Үкіметке ұлттық холдингтер мен республикалық меншіктегі мей­лінше ірі 65 кәсіпорынды, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» қорының 182 еншілес кәсіпорнын қамтитын жекешелендіру нысандарының басымдығы бар тізбесін бекітуді және оны дереу жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Бұл ретте нысандарды жекешелендіруге беріп қана қоймай, олардың сатылым алдындағы дайындығын қамтамасыз ету керек, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жария ету, заңдастыру аясындағы көрсеткіштің көлемі жеткіліксіз екеніне назар аударды. Науқан жарияланғалы бері небәрі 388,5 млрд. теңгенің мүлкі жария етіл­ген. Жекешелендіру мен заң­дастыру – бизнесмендердің жаңа легін қалыптастырудың жолы. Осыған байланысты ауқатты адамдарды осы науқанға қатысуға ша­қырамын. Жекешелендіруге Қа­зақстан компанияларының қатыс­қаны маңызды. Заңдастыру – мемлекеттік қызметшілерден басталып, барлық азаматтарға бір­дей міндетті болатын табыс­тар мен шығыстарды жалпыға бірдей жария ету алдындағы соңғы әрекет. Бүгінде мүлікті заңдастыру үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалған. Енді Үкімет заң аясын­дағы барлық актілерді қысқа мер­зімде қабылдауы және оларды әкімдермен бірлесіп тиімді жүзеге асыра бастауы тиіс, деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет-жекеменшік серіктестігінің түр­лі пішіндері экономиканың бар­лық саласында қолданылып, инфра­құ­рылымды, соның ішінде әлеу­меттік инфрақұрылымды дамы­тудың негізгі тетігіне айналуы тиістігін атап өтті. Бүгін­де мемлекет-жекеменшік серік­тес­тігін қолдану үшін барлық жағ­дай жасалған, тиісті құқықтық-нор­мативтік актілер қабылданған. Бірақ әлі күнге ойдағыдай тиім­ді­лігі жоқ. Мемлекеттік органдар­мен және міндетті түрде әкімдік­термен мемлекет-жекеменшік серік­тестігін енгізу мәселелері жөнінде кең ауқымды әдістемелік жұмыс жүргізу қажет, деді Қазақстан Пре­зиденті.

Мемлекет басшысы бұл орай­да халыққа мемлекет-жеке­мен­шік серіктестігінің негізгі қағидат­тарын түсіндірудің қажеттілігін және соның аясында шетелдік инвестициялар тарту жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

Елбасы елде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық және «Нұрлы Жол» бағдарламалары өнеркәсіпті және инфрақұрылымды дамытуға зор ықпал ететінін атап өтті. «Нұр­лы Жол» аясында автокөлік магис­тральдарының құрылысына ғана 70 мыңдай адам тартылған. Сон­дай-ақ, бірқатар әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында бө­лінген қаражатты дер кезінде және тиімді игеру қажет, деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазір­гі жағдайды ескере отырып, ин­дус­трияландырудың екінші бес­жылдығын жандандыру қа­жеттігіне назар аударды. Инвес­тициялық белсенділік пен сұраныс төмендеуде, ал бәсеке тек күшейіп келеді. Сондықтан индустриялық-инновациялық бағдарламаны жандандыру барысында өнімділік пен тиімділікті арттыруға, өнімділігі аз салаларды қолдаудан бас тартып, алдымен экспортқа бағытталған перспективасы барын ғана таңдауға ден қойған жөн, деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өткен жылдары көптеген индустриялық жобалар іске қосылғанын айтты. Алайда, солардың көпшілігі қазіргі жағдайда бәсекеге қабілетсіз болып, мемлекеттік қолдаудың есебінен ғана тұр. Осының бәрі сан қуалаудың салдары. Өңір басшылары кім көп құрылыс салады деген жарыс ұйымдастырды. Енді бұл кәсіпорындар жұмыс орындарын қысқартатынын мәлімдеп, Үкіметтен көмек сұрап жүгіріп жүр. Мұның бәрі өзектілендірілген индустриялық-инновациялық бағ­дарламада ескерілуі тиіс. 2016 жыл­дың 1 сәуірінен бастап біз бағ­дарламаның жаңа пішімі бо­йынша жұмыс істеуге тиіспіз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті соң­ғы уақыттары біздің елмен ынты­мақ­тасқысы келетін әлемнің жүзден астам ірі компаниялары басшыларымен кездескенін айтты. Әлемде Қазақстанда бизнес жүргізуге деген зор қызығушылық бар. Менің жыл басынан бері мемлекет басшыларымен өткен кездесулерімнің барысында Ұлыбритания, Фран­ция, Қытай, Жапония сияқты эко­но­микалық жағынан қуатты елдердің инвесторларымен жалпы құны шамамен 46 млрд. доллар болатын 130 келісімге қол қойылды. Осы уағдаластықтарды жүзеге асыру бізге әлемдік нарықта сұра­ныс бар тауарлар өндіруге, мың­даған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сон­дықтан, Үкімет пен әкімдер осы келі­сімдерді жүзеге асыруға кірісіп, қатаң мониторинг жасауы тиіс, деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ин­вестициялық заңнаманы жетіл­діру, инвестициялық субсидиялар мен салық артықшылықтарын ен­гізу, шетелдік жұмыс күшін әке­лу үдерісін жеңілдету, визасыз кіру қарастырылған елдер тізімін ұлғайту сияқты шара­­лар қағаз жүзінде қалып қой­мауы тиістігін айтты. Біздің ведомство­ларымыздың арасында инвестиция тарту мәселесінде үйлесім жоқ. Бүгінде инвестор үшін «бір терезе» болмай тұр. Мен министрлер мен әкімдер инвестор тартуға тікелей жауапты екенін бірнеше рет айтқан болатынмын. Бұл жұмыс нақты нәтижеге – инвестициялық жобаны жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Бізге, сірә, салалық министрлер мен әкімдердің қанша инвестиция тартқаны және қанша жұмыс орнын ашқаны жөнінде рейтинг енгізу керек шығар, деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдау және бө­лін­ген қаражатты сапалы игеру жө­ніндегі жұмыстарды тиімді жүр­гізу қажеттігіне де назар аударды.

Елбасы «Самұрық-Қазына» қо­ры активтерінің құрылымы оның шағын әрі тиімді басқарылуын қамтамасыз ететін межеге дейін оңтайландырылуы керектігін айтты. Қордың барлық вертикалі бойынша функциялардың оңтайлануын батыл енгізіп, тиімсіз шығыстарды қысқарту қажет. Мен сатып алудың халықаралық тәжірибеге негізделген жаңа моделі мен демеушіліктің жаңарған үлгісін қолдаймын. Қордың өзінің ғана емес, оның еншілес ұйымдарының да шетелдердегі өкілдіктерінің санын қысқарту мәселесін қарастыру керек, деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бұларды ұстап тұру үшін жыл сайын орасан қаражат жұмсалатынын, Қаржы министрлігі бюджет қаражаты шығыстарын жіті қадағалауы керектігін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы қордың қажетті мөлшерде жоғары білік­тілігі және жеткілікті тәжірибесі бар қызметкерлері болуға тиістігіне назар аударды. Қазіргі сәтте қорда «айналмалы есіктер» қағидаты бойынша мемлекеттік органдардан «Самұрық-Қазынаға» және кері бағыттағы ротация үрдісі байқалып отыр. Шетелдік тәжірибеде топ-менеджерлер жетістіктері мен бизнес құрылымдарында жұмыс машығы жеткілікті кәсіпқойлар арасынан іріктеледі. Ал бізде қорда, ұлттық компаниялардағы жоғары лауазымдарға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген адамдар қабылданады. Сосын ол адамдар активтерді, компанияларды мемлекеттік қызметте әкімдікті, департаментті немесе бөлімді басқарғандай әдістермен басқарады. Қордың 6 басқарма мүшесінің 5-еуі бұрын бизнесте бір күн де жұмыс істеп көрмеген, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ретте, Қазақстан Прези­ден­ті маңызды орындарға халық­аралық компанияларда та­бысты тәжірибелері бар кәсіп­қой­ларды тартқан жөн екенін айтты. Кеңесшілер тарту барысында олардың алдына өздерін қазақ­стандықтар арасынан алмастыратын мамандар дайындау міндетін қойған жөн. Бұл мемлекеттік органдардың барлық бірінші басшыларына да қатысты, өйткені, алмастыратын адам іздегенде көбінесе оның төңірегінде дайын кандидатуралар болмай шығады. Жоғары деңгейдегі кадрлар даярлау үшін мемлекет көп қаражат шығындайды. Меритократия нормаға айналуға тиіс. Бұл қағидат барлық салада қолданылуы керек, деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорын трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қажетті шаралар қабылдауды, 2016 жылғы 1 сәуірге дейін басқарудың жаңа моделі мен құрылымына көшуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстан Президенті, сондай-ақ, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзінің вето қойғанын, ол жетілдірілу үшін Парламентке қайтарылғанын айтты. Мемле­кеттік қызметшілердің заңда бекі­тілген зейнет жасына жеткен кезде зейнетке шығуына қатысты нақты ұстанымды айқындау қажет. Бұл Президент тағайындайтын, зейнетке шығу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейін ұзартылуы мүмкін кейбір лауазымдардан басқа саяси мемлекеттік қызметшілерге де қатысты қолданылуға тиіс, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елде қабылдануы тиіс мейлінше нақты шаралар биылғы жыл соңына дейін Қазақстан халқына арналған Жолдауда жария етілетінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев күрделі жағдайда да Үкімет пен өңірлердің әкімдері экономикалық өсімді ынталандыру, жұмыспен қамту және халықтың кірістерін қолдау үшін резервтер қарастыруы тиістігін атап өтті. Үкіметтің дағ­дарыстық құбылыстарды ең­серу жөніндегі қалыптасқан амал-әдістері мен тетіктері бар еке­нін білемін. Биылғы жылға ар­нал­ған республикалық бюджетті нақ­тылау және үш жылдық бюджет өлшемдерін өзгерту жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын мен қол­дадым. Біз бүгінде әлеуметтік маңызы бар көптеген тауар түрлері бағасының өсіп жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдер аса қажетті тауар­лар бағасының мониторингін жүр­гізу жұмысын жандандырулары тиіс, егер қажет болса, ха­лық­тың әлсіз топтарына атаулы әлеу­меттік көмек арқылы қолдау көр­сету керек, деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Пре­зиденті бағаны ұстап тұру іскер­лік ахуалды нашарлата отырып, бизнеске қысым жасау тетігіне айналмауға тиістігіне назар аударды. Бағаның дәлелді түрде артты­рылуы мен пайда табу мақса­тында өсірілуін айқын ажырату қажет. Тауардың шынайы нарық­тық бағасы болуға тиіс. Аса қа­жетті тауарларға қатысты алып­сатарлыққа жол бермеу керек. Барлық өңірдегі ахуалды қада­ғалап отыру қажет. Ең алдымен, бұл үшін жеке жауапкершілік әкім­­дер мен Үкімет мүшелерінің мой­­нында болады, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы барлық ба­ғыт бойынша нәтижелі жұмыс талап етілетінін айтты. Біздер үшін істеріміздің ар жағында нақ­ты нәтижелер, нақты пайда және қо­ғамның игіліктері тұратын жаңа кезеңі басталды. Үкіметтің әр мүшесі мен әрбір еңбеккердің қызметі осылай бағаланатын болады. Іс-қимылды, реформалардың жә­не еліміздің экономикасының жаңа пішінге көшуінің мезгілі келді, деді Қазақстан Президенті.

Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында бірқатар ведомство бас­шы­лары да сөз алды. Мәселен, Ұлт­тық экономика минис­трі Ер­болат Досаев биылғы жылғы ел экономикасының бет алу бары­сына, оның ішінде атқарыл­ған жұмыстар жайына кеңінен тоқ­тал­ды. Қазақстанның биылғы 10 айда­ғы әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның алдын ала нәтижесі жөнін­де айтқан министр: «Жаңадан қа­был­данған «Нұрлы Жол» мем­лекет­тік инфрақұрылымдық даму бағ­дар­ламасы және 2015-2016 жыл­­дарға арналған Үкіметтің шұ­ғыл ша­ралары жоспары аясында Қа­­зақ­стан экономикасының 10 айда­­ғы өсімі 1 пайызды құрады»,– деді.

Оның айтуынша, тау-кен өнер­­кәсібінде өндіріс көлемінің 2,2 пайызға төмендеуі салдары­нан өнер­кәсіптік өндіріс 1,3 пайызға азайған. Ал өңдеуші өнеркәсіп 0,5 пайыз деңгейінде тұрақты өсім­­ді көрсетіп отырған көрінеді. Со­­нымен қатар, ол мұнай өндіру көлемінің жоспарланған деңгейден 1,5 млн. тоннаға төмендеуі ІЖӨ-ге кері әсерін тигізетінін жеткізді. Ми­нистрдің сөзіне қарағанда, инвес­тициялық капитал биыл 3,8 пайызға өскен екен, ол мұндай көрсет­кішке бірінші кезекте «Нұр­лы Жол» мемлекеттік бағ­дарламасы аясындағы инвес­ти­циялық жұ­мыс­тар ықпал еткенін атап өтті.

Ол өз сөзінде, сондай-ақ, құ­ры­лыс жұмыстарының кө­лемі 3,8 пайызға, құрылыс мате­риал­­дарының өндірісі 4,2 пайызға, тұр­ғын үй құрылысына инвестиция­лар көлемі 13,4 пайызға өскенін жеткізді. Қызмет көрсету саласында тұрақты өсім байқалуда, оның ішінде көлік саласындағы қызмет көрсету 5,6 пайызға артты. Сонымен қатар, Қазақстанның биыл­­ғы тоғыз айдағы экспорты 42,5 пайызға, ал импорты 23,8 пай­ызға азайды. Ал теңгенің ер­кін бағамына көшу нәтижесінде қа­зан­да инфляция 5,2 пайызды құра­ды, осы айда, яғни қазанда жұ­мыс­сыздық деңгейі 4,9 пайыз болады, – деді Е. Досаев өзінің сөзінде.

Ұлттық бағдарлама – ин­дустриялық-инновациялық бағ­дар­ламаның орындалу барысы туралы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев айтып берді. Қазіргі таңдағы күрделі эко­номикалық жағдайға байланысты біздің ведомство екі жұ­мысты бағытты қолға алуда. Оның біріншісі – «Нұрлы Жол» бағ­дар­ламасы аясында көлік блоктарын жүзеге асыру, екіншісі – Ин­дус­триялық-инновациялық бағдар­ламаны одан әрі жалғастыру, яғни өндірістік кәсіпорындарға қол­дау көрсету. Бүгінде «Нұр­лы Жол» бағдарламасы аясын­да инфрақұрылымдық бағдарла­ма­ларды кеңінен жүзеге асыру жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, барлық жобалар алдын ала белгіленген мерзімге сәйкес жүргізілуде. Мәселен, көліктік жобаларға 100 мыңға жуық адам тартылған. Алдағы уақытта, яғни 2 жыл ішінде тек қана осы көліктік жобаларға қамтылатын азаматтар саны 200 мыңға жетеді деп отырмыз, деді министр.

Оның айтуынша, биылғы жылы автокөлік жолдарының дамуына бөлінген қаражатты толықтай игеруге барынша назар аударылатын болады. Сонымен қатар, ол 2016 жылдан бастап халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен жалпы ұзындығы 3 мың шақырым болатын «Орталық – Оңтүстік» және «Орталық – Батыс» жобалары бойынша құрылыс жұмыстары басталатынын айтты. 2016 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», Бейнеу – Ақтау, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Астана – Петропавл жолдарын аяқтау көзделіп отыр. Бұл жобаларды дер уақытында аяқтау үшін халықаралық қаржы институттарының 5,5 млрд. доллар шамасында болатын займын тарту бағытында жұмыстар қолға алынып келеді, деді Ә. Исекешев. Бұған қоса, ол автокөлік жолда­рын дамытуға 302 млрд. теңге бө­лінгенін, бұл қаржы өз уақытында игерілетінін атап өтті.

Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» АҚ-тың өзіне жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды орындау барысы жөнінде басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев баяндап берді. «ҚазМұнайГаз» құ­рамындағы 206 компанияның тек 75-ін қалдыру туралы шешім жасалды. Қайта өңдеу және маркетинг бағыты толықтай, яғни барша мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай құю стансалары желілерін қоса отырып, «ҚМГ» қайта өңдеу және маркетингтің 51 пайызын сату жолымен жекешелендіріледі, – деді басқарма төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, «Rompetrol» компаниясын қоса отырып, «KMG International» компаниясының 51 пайыздан кем емес акциясын сатуға қою ұсынылып отыр. Болашақта «ҚазТрансГаз» және «ҚазТрансОйл» компанияларын біріктіру керек.

Менің ойымша, қазіргі кезде «ҚазМұнайГаз» құрамында екі құбыр компаниясын ұстау орынсыз, сондықтан «ҚазТрансГаз» және «ҚазТрансОйл» компания­ларын болашақта біріктіруді ұсынамын. Сонымен бірге, қызметтің өзге түрлеріне байла­ныс­ты шығыстар бөлек есепте­ліп, тасымалдау бойынша тариф­терге түспес үшін газды сату мәсе­лелерін бөлек компанияда топтау қажет, деді Ө.Шөкеев. Осы орайда ол, бұл бағыттағы бірі­гу кезінде халықтық ІРО-ға шыға­рыл­ған «ҚазТрансОйл» акциялары бой­ынша мәселе туындайтынын айта келе: «Біз бұл акцияларды мино­ритарлық акционерлердің құқық­тарын сақтай отырып біріккен ком­панияның акцияларына трансфор­мациялауды ұсынамыз», – деді.

Жиында баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев өз сөзінде: «Биылғы жылы инфляцияның жоспарланған 6-8 пайыздық дәлізі болатын секілді. Қазіргі уақытта, инфляция жылдық мөлшерде 9,4 пайызды құрап отыр», – деді. Оның айтуын­ша, 2005 жылдың тамызында еліміздегі инфляция деңгейі 5 пайыздан төмен болған екен. Мұндай жағдайда біздің қазіргі міндетіміз инфляцияның тұрақты деңгейін қамтамасыз ету және 2016 жылы оны барынша және тезірек 6-8 пайыздық дәлізге келтіру деп санаймыз. Бұл бағытта біз Үкіметпен бағалардың болжамды деңгейіне қайта оралуы үшін ауқымды жұмыстар атқаруды көздеп отырмыз, деді Д.Ақышев.

Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта теңгенің Ресей рубліне паритеті нақты ағымдағы көр­сеткіш есебі арқылы, яғни инфля­цияны ескере отырып қол жеткі­зілгенін айтты. Яғни, біз 2014 жылдың басындағы мұнай баға­сы құлдырап, Ресей рублі деваль­вацияға ұшыраған кезге жеттік. Таяу арада бағамның айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоюы неғайбыл. Себебі, теріс сценарийлердің басым бөлігі орын алып болды. Яғни, мұнай бағасы екі еседен астамға құлдырады, рубль құны түсті, – деді ол бұл жөнінде. Сондай-ақ, ол таяу уақытта сыртқы конъюнктураның айтарлықтай нашарлауы байқалып отырмағанына, ал Ұлттық банк теңге бағамы түзіліміне ықпал етпейтініне тоқталды.

Біз іргелі трендтерге аралас­пайтын боламыз. Яғни, егер мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмендейтін болса, онда бағам түзетілетін болады, деген Д.Ақышев мұндай жайт орын алғанның өзінде де айырбас ба­ғамының күрт әлсіреуіне, я болмаса нығаюына жол бермейтіндіктерін баса айтты. Біз қоғамға нарықтағы ахуалды түсіндіретін боламыз. Бұған қоса, қазіргі жағдайда айырбас операцияларынан алаяқтық табыс алудың өзі күдік тудырады. Тіпті, ұтылып қалуға да болады. Менің ойымша, біз алдағы жұмысымызды Ұлттық банкке деген сенімді қалпына келтіруден бастауымыз қажет. Бұл бағытта ең біріншісі – ақпараттық саясат. Бұл – біздің қоғамға ашықтығымызды көрсетеді. Бұл біздің бағамға, инфляцияға ықпал ететін барлық факторларды және біздің іс-қимылымызды түсіндіруге дайындығымызды білдіреді. Яғни, біз өз жұмысымызды Парламентте, Үкіметте, БАҚ-тарда барынша көрсетуді көздеп отырмыз, деді ол.

Сонымен қатар, Д.Ақышев өзінің, орынбасарлары мен бө­лім­ше басшыларының БАҚ-тармен тұрақты байланыс орнатып, орын алып жатқан қазіргі жайттарды қоғамға түсіндіріп отыратындығын атап өтті. Долларсыздандыру халық есебінен жүзеге асырылмауы тиіс. Біз халық өз қаржысын теңгемен сақтауы үшін, ең алдымен, дұрыс экономикалық ынталандыру тетіктерін құруымыз қажет, деді Д.Ақышев бұл жөнінде.

Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында басқа да ведомстволар басшылары мен компания басшылары өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жайында ой-пікірлерін білдірді.

"Қамшы " сілтейді

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Связанные Статьи