Кеше палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері қатысқан бұл жиында күн тәртібіне сегіз мәселе шығарылды.
Бірінші кезекте отырыстың күн тәртібін бекітіп алған депутаттар алдымен Мемлекеттік қызмет туралы заңға қатысты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсылықты ұсынысын қарады.
Түсіндіре кетер болсақ, биылғы жылдың 22 қазанында Парламент қабылдаған заң Президенттің қол қоюына жолданған-ды. Өз кезегінде Мемлекет басшысы бұл құжаттың маңыздылығын атап көрсете отырып, ескерілуі тиіс жайттарды да алға тартқан. Депутаттар алдында осыған қатысты арнайы хабарлама жасаған Президент Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин:
– Негізінде Елбасы бұл заңға жоғары баға берді. Бірақ Президент осы заңның кейбір талаптары мемлекеттік аппаратты жаңартудың міндеттеріне сәйкес келмейтінін атап өтті. Ол – мемлекеттік саяси қызметте болу және оны тоқтату нормасына байланысты. Жалпы, Президент мемлекеттік саяси қызметкерлер мемлекеттік әкімшілік қызметкерлермен бірдей зейнет жасына жеткенде мемлекеттік қызметті тоқтату керек деп есептейді. Бұл жердегі мәселе өкілеттік мерзім Конституцияда, заңдарда бекітілген тұлғаларға, Мемлекет басшысының шешімі бойынша өкілеттігін бес жылға ұзартатын Президент тағайындаған мемлекеттік саяси қызметшілерге қатысты. Сондықтан, Елбасы аталған заңды Парламентке қайта талқылауға жолдап отыр, – деді.
Нақтылай айтқанда, Президент заңның 16-бабы 1-тармағын жаңа редакцияда жазуды, 59-бапты толықтыруды ұсынған. Нәтижесінде, депутаттар Елбасы ұсынысын толық қолдап, заң Мемлекет басшысы ұсынған нормалар бойынша қабылданатын болды.
Бұдан кейін «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі талқыға түсті. Бұл жөнінде Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы, депутат Гүлжан Қарақұсова баяндама жасады. Оның айтуынша, Қаржы және бюджет комитеті аталған заң жобасын қарап, қорытындысы үстіміздегі жылдың 18 желтоқсанына дейін дайын болады.
Күн тәртібі бойынша үшінші болып «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы қаралды. Осыған орай баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үш жылдық жоспардың параметрлерін қайта қарауда Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің жыл сайынғы мөлшері, орташа жылдық есептік айырбас бағамы айқындалғанын жеткізді.
Қаралған мәселеге қатысты сөз алған Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Қожахан Жабағиев аталған заң жобасының заман талабына сай түзілгенін атап өтті. Нәтижесінде, депутаттар заң жобасын мақұлдады.
Депутаттар бұдан кейін «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылауға кірісті. Бұл талқылау бойынша сөз алған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев:
– Біз мынадай болжамдарды бекітуді көздеп отырмыз: 2014 жылғы базаны 982,1 млрд. теңгеге ұлғайту есебінен 2015 жылғы ІЖӨ көлемінің түзетілуін; 1 АҚШ долларының есеп айырысу бағамының 250 теңгеден 300 теңгеге дейін өзгеруін, мұнай бағасы 2016-2017 жылдары бір барреліне 40 АҚШ доллары және 2018-2020 жылдары бір барреліне 50 АҚШ доллары деңгейінде сақталатын әлемдік тауар нарықтарындағы үдерістерді ескере отырып, нақтыланды. Ал металдардың әлемдік бағасының орташа жылдық өсу қарқыны бес жылдық кезеңде 2,4% деңгейінде болжанады, – деді.
Сондай-ақ, министр 2016 жылы номиналды ІЖӨ-нің өсуі 45 530,5 млрд. теңге көлемінде болжанатынын айтты. Оның айтуынша, бұл – тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1 525,3 млрд. теңгеге артық. Ал бұдан кейінгі өсу 2020 жылға қарай 63 991,5 млрд. теңгеге дейін (2 470,4 млрд. теңге артық) жетеді деп күтілуде, деді. Министрдің дерегінше, жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 2016 жылы 8,6 мың АҚШ долларына, ал 2020 жылы 11,5 мың АҚШ долларына дейін өспек.
– 2020 жылы тау-кен өнеркәсібінің 6,8 пайызға өсуі есебінен 2020 жылы 4,0%-ға дейін, ал келер жылы 0,4%-ға дейін өседі деп болжануда. Мұнай өндіру көлемі де бұған дейін мақұлданған деңгейде сақталып, 2016 жылы – 77,0 млн. тоннаны, 2017 жылы – 79,0 млн. тоннаны, 2018 жылы – 82,0 млн. тоннаны, 2019 жылы – 84,0 млн. тоннаны және 2020 жылы 92,0 млн. тоннаны құрайтын болады, – деді Е.Досаев. Сондай-ақ, ол 2016 – 2020 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсімі 2,8% деңгейінде өзгеріссіз қалатынын жеткізді. Сонымен қатар, министр жылдық инфляция деңгейі 2016-2017 жылы – 6-8%, 2018 – жылы 5-7%, ал 2019 жылы 4-6% шамасында болжанып отырғанын мәлімдеді.
Отырыс барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндама жасап, өздері басқарып отырған салалар бойынша тұшымды мәліметтер берді. Ұлттық банктің жаңа төрағасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін инвестициялауға назар аударды.
– Қазіргі экономикалық жағдайларды ескере отырып, ағымдағы инвестициялау құрылымын өзгерту қажеттігі туындауда. Дегенмен, негізгі міндетіміз – халықтың жинаған зейнетақыларын қауіпсіздікте сақтау. Өзге мәселелердің барлығы екінші сатыда. Сондықтан зейнетақы қоры қаражатын пайдалану жөніндегі барлық ұсыныстар тек олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда қаралуы тиіс, – деді ол. Осы орайда, Д.Ақышев Ұлттық банк Үкіметпен бірлесе отырып, Зейнетақы қоры қаражатын үлестірудің ашық тетіктерін жасауға дайын екенін жеткізді.
Ал Бақыт Сұлтанов депутаттардың ұсынысын ескере отырып, 2016-2018 жылдары білім мен ғылымға 1 трлн. 165,4 млрд. теңге бағыттау көзделіп отырғанын, оның ішінде 399,3 млрд. теңгесін 2016 жылы бөлу қарастырылғанын айтты. Сонымен қатар, ол экономика саласындағы техникалық-кәсіби және жоғары оқу орындарынан кейінгі білімі бар білікті мамандарды дайындауға министрлік үш жылда 456,8 млрд. теңгені шығындауды жоспарлағанын, 2016 жылы осы мақсатқа 152,3 млрд. теңге бөлінгелі отырғанын жеткізді.
Депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға байланысты сөз алған Үкімет басшысы К.Мәсімов Елбасының бес институттық реформасы төңірегіндегі үлкен заңнама топтамаларын қабылдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына алғысын айта отырып: «Жалпы, негізгі экономикалық саясаттың өзегіне келсек, бұл ретте, ең бірінші кезекте 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан қазіргі қалыптасқан дағдарыстың ерекшелігіне назар аударуға тиіспіз» , – деді. Оның пікірінше, Қазақстан өзгермелі экономикалық ахуалға бейімделуі керек.
Министрлердің баяндамасынан кейін депутаттар Үкімет мүшелеріне сұрақ қойып, олардан нақты жауаптар алды. Осыдан кейін, депутаттар заң жобасын дауысқа салып, оны мақұлдады.
Жалпы, бұл күні отырыста жоғарыдағы мәселелермен қатар, «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу мен олардың айналысының кейбір мәселелері туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы, «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасы (екінші оқылым), «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы (екінші оқылым), сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжановтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселелер қарастырылды. Өз кезегінде аталған заң жобалары депутаттар тарапынан мақұлданды. Ал Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалғандықтан, оның депутаттық өкілеттілігі тоқтатылды.
Жалпы отырыс барысында депутаттар Үкімет назарына алдағы уақытта ескерілуі тиіс бірқатар өзекті мәселелерді атап көрсетті. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығына, әлеуметтік салаға, қаржы үнемдеу ісіне қатысты болды.
"Қамшы"сілтейді
Дереккөз: Егемен Қазақстан