Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
«Қазақстан» ұлттық телеарнасы төрт сериялы «Жамбыл» тарихи драмасын келер жылдың ақпан айында, ақынның туған күні қарсаңында көрермен назарына ұсынбақ.
Көркем туындыда көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қазақ жырының дарабозы, ғасырға жуық ғұмыр кешкен, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз мол мұра, сарқылмас қазына қалдырған, қазақтың атын әлемге танытып, өнерін өрге сүйреген Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық жолы суреттелмек. Басты рөлді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер, әнші, композитор, драматург Байғали Есенәлиев сомдайды.
– Жамбыл рөліне қалай шақырту алдыңыз?
– Ұлы тұлғаның бейнесін барынша ұқсатып сомдау кім-кімге де оңай емес. Сондықтан шығар, актер таңдау ұзаққа созылған көрінеді. Түсірілім кезінде салмақ өзіне түсетін болғандықтан, режиссерлер тобы бір шешімге келе алмай біраз толқыған сыңайлы. Біреудің түрі келсе ішкі әлемі келмейді, жан дүниесі келсе, түр-түсі келмейді деген сияқты. Қысқасы, соңына қарай мені шақырып, ұсыныс жасады. Жамбыл рөлі деген соң жан қала ма? Оның үстіне өнерден, әсіресе, театр мен кинодан біраздан бері қол үзіңкіреп кеткем. Барсам ығайлар мен сығайлардың суретін қаптатып іліп қойыпты. Бәрі – Жамбыл. Олардан озып жүлде алу қайда!? Десе де барған соң бағымды сынап көруге бел байладым. Режиссер Әнуар Райбаев сыртқы ұсқыныма қарап, біраз салмақ тастау керектігін ескертті. Сыртқа шықсам Данияр Өтебаев құлағыма сыбырлап «Бәке, керемет ойнадыңыз. Мен білсем, сіз өтесіз» дейді. Періштелер «Әумин» дей қойды ма қайдам, ойласа келе мені таңдап алыпты. Суреті ілулі тұрған дөкейдің бірі Нұржұман Ықтымбаев еді. Салып-ұрып барып, ақ батасын алдым. Менің өткеніме балаша қуанып қалды.
– Жамбыл өмірінің қай кезеңдерін сомдадыңыз?
– Алпыстан асқан кезінен бастап, өмірден озғанға дейінгі шағы менің үлесіме тиді. Есіне алып отыратын жастық келбетін Азамат есімді жас актер сомдады. Маған ең қиыны грим мәселесі болды. Бетіңе «латекс» деген клейді жағып тырыстырады да қояды. Қолдан қартайтып әжім салады. Оның астына ауа кірмеген соң, екі-үш сағаттан соң жаныңды көзіңе көрсетіп қышиды екен. Қасуға болмайды. Оның үстіне сақал мен мұрт жапсырып қойған. Ол жыбырлатады. Сол азаппен таң атқаннан, түн ауғанша жүрген күндерім болды. Әйтеуір жан-тәнімізбен жұмыс жасадық. Жұмысқа қызу кірісіп кеткен кезде әлгі қиындықтардың өзін де елеуге мұрша болмады.
Есімде ерекше қалғаны Ұлан деген бала. Фильмде мынадай эпизод бар: әкесінен қара қағаз алған жас баланың бақтың ішінде жылап отырғанын Жамбыл байқап қалады.
"Қарағым-ау, мұның не? Неге жылап отырсың? Әлде біреу ренжітті ме?" деген сөзіне әлгі бала, әкесінен қара қағаз алған себепті жылап отырғанын айтуы керек. Түсірілім басталып, режиссердің бұйры-ғы берілуі сол екен, әлгі балаға ақырын жақындап келіп «Қарағым-ау» дей беріп жүрегім дір ете қалды. Көзінің жасы мөлтілдеп, қолындағы хатқа тамшылап тұр. Эпизод сәтті шықты. Түсірілім бітіп, қайтып келе жатқанда Ұланнан "жаңа неге жыладың?" деп сұрадым. "Әкемді сағындым" дейді. "Әкең қайтыс болған ба еді?" деп қайта сұрақ қойдым. "Жоқ, ол анам екеумізді тастап кетті, бізден бөлек тұрады" деп мұңайып қалды.
Екінші бір ерекше әсер еткен оқиға Жамбылдың музей үйінде болды. Алғадайдан қаралы хабар алып, төсек тартып жатып қалған Жамбылға Динаның көңіл айтатын жері бар. Дина басқалардай емес домбырамен көңіл айтады. Айгүл Үлкенбаеваның шертісі керемет қой. Домбыра күмбірлей жөнелгенде бойымды алапат бір сезім билеп, көз жасымды тоқтата алмадым. Жатқаным Ұлы бабаның өз төсегі еді. Содан болды ма қайдам, әйтеуір Алғадайдың балалық шағынан соғысқа аттанғанға дейінгі сәтін елестетіп, қатты егілдім. Түсірілім біткен соң шығып келе жатсам, Жамбыл атаның немересі Салтанат тұр екен. Екі көзі бұлаудай, "атамыздың қайғылы сәтін бірге бөліскендей болдық" дейді. Ендігі арман көпшілік көрерменді де солай тебіренте алсақ, шіркін!
– Жамбыл көзі тірісінде-ақ аңызға айналған тұлға, десек те, оның өмірі мүлде беймәлім емес. Фильм түсіру барысында кімдер ақыл қосып, кеңес берді?
– Ұлы баба туралы біраз кеңес берген Нағашыбек Қапалбек ағамызға, Жамбылдың өз ұрпақтары Мәулен аға мен Салтанатқа айтар алғысымыз мол. Өте қысқа мерзімде түсірілгендіктен алдынан өтіп, ақылын тыңдап үлгермеген ағаларымыз болса кешіріммен қарар.
Көп жағдайда дау неден туындайды? Тарихи тұлға туралы түгел шындықты экранға шығаруды талап ететін адамдар деректі фильм мен көркем фильмнің арасындағы айырмашылықты түсінгісі келмейді. Тарихи тұлғаның өміріне қатысты негізгі оқиғаларды өзек ете отырып, оны көркемдеп, халық жүрегіндегі бейнеге айналдыру нағыз шеберлік пен кәсіпқойлықты талап ететін жұмыс. Сондықтан сынаушылар болашақта осы жағын ескерсе екен дейміз.
– Түсірілім қай жерде өтті?
– Тау Түргеннің әсем жерлері көп екен. Сол аймақта үш аптадан аса түсірі-лім жұмыстары жүрді. Айтпақшы, түсірілімге дұрыс көзқарас білдірген ауыл басшылары мен тұрғындарына ризамыз. Біраз сюжеттері Жамбыл музейі мен Қызыләскер ауылының арасындағы қырқаларда болды. Қысқасы, киногерлер Жамбыл бабаның өз табаны тиген жерлерді таңдауға тырысыпты. Ең қызығы, бірінші кадрді түсірген Тау Түргендегі үйде бір жылдары Жәкеңнің өзі болып, қонып кеткен екен. Түсірілім соңынан үй иесі қатты тебіреніп соны айтқанда таңданбаған адам қалмады. Әдейі ойластырсаң да бұлай болмас еді. Біраз эпизодтар үшін Ғылым академиясының ғимараты таңдалыпты, қалғаны павильондағы түсірілімдер. Түгел айтып берсем қызық болмай қалады, қалғанын фильмнен көрерсіздер.
– Басқа кейіпкерлерді сомдаған әріптестеріңіз туралы айта кетсеңіз...
– Мен кино сыншысы емеспін, дегенмен, Алғадай рөлін сомдаған Олжас Сах деген жас актердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Динаны сомдаған Айгүл Үлкенбаева фильмнің әрін ашары сөзсіз. Күләш кейпіндегі Әйгерім Сәменова қатты ұнады. Қайсыбірін айта берейін, бәрі де орнымен таңдап алынған дарынды жандар.
Фильмді жедел арада өз дәрежесінде шығару үшін жасақталған топ жан аямай жұмыс жасады. Тіпті уақытпен де санасқан жоқ. Таңғы сағат сегізден бастап, келесі таңға дейін түсірілім жалғасқан кездер болды. Соның бәрінде қабақ шытпай, үлкен табандылық пен шыдамдылық таныта білді. Мұның бәрі де Ұлы бабаның рухына деген құрметтің белгісі болар. Әсіресе, әрбір эпизодтың техникалық және көркемдік жағынан әсерлі де кемшіліксіз шығуына бар қабілетін жұмсап жүрген режиссер Әнуар Райбаев, сценарий авторы әрі екінші режиссер Бақытжан Шормақов, оператор Қаршыға Оспанов, гримдеуші Алефтина Пагиналар өз істерінің нағыз шеберлері. Әкімшілік топ та бүкіл түсіру алаңындағыларды ас-су мен жатын орындармен түгел қамтамасыз етіп отырды.
– Жалпы, телеарналардың тарихи тақырыпта фильмдер түсіре бастауына көзқарасыңыз қалай?
– Бұрынғы кезде бір ғана Ш.Айманов атындағы киностудияға қарап аузымыз-ды ашып отырушы едік. Ондағы кинофильмдерге іліккен актерлерде арман болмайтын. Қазір телеарналардың сериалдарды қолға ала бастауы үлкен жетістік болды. Бір айлық жалақысына күні қарап отырған актер қауымы үшін бір жағы қаржылай демеу болса, екінші жағынан шығармашылық ілгерілеу. Бұл әрине, театр мен кино саласын таңдап, өмірін соған арнаған актер қауымының атынан айтарым. Ал егерде қалың көрерменнің аты-нан айтар болсам, жалғыз киностудияға қарап отырсақ, кешегі Кеңес дәуірінде орталықты ғана дәріптейміз деп жүріп елеусізде қалып қойған тұлғаларымызды елге таныту мүмкін емес. Киностудияға бөлініп отырған мемлекет қаржысымен оны бәленбай жылдарға созып аламыз. Сондықтан да соңғы кездегі телеарналардың тарихи тақырыптарды қолға алып, оған батыл түрде кірісіп кетуі құптарлық жағдай әрі біздің халқымыз үшін баға жетпес рухани қазына болмақ. Әрине, кез келген істің бастауы кемшіліксіз болмайды. Әрбір шара тек тәжірибе жүзінде шыңдалады. Сондықтан жалғастыра берген дұрыс.
Дереккөз: Айқын-ақпарат