Алматыда өтетін Универсиада ойындарының бағдарламасына кіретін спорт түрлері бекітілді. Бұл туралы Алматыда Универсиадаға дайындық аясында өткізілген Отандық тауар өндірушілермен ынтымақтастық форумында Алматы қаласының халықаралық спорттық жобалар дирекциясының директоры Әсет Әбдуалиев мәлімдеді,-деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Оның айтуынша, Универсиаданың спорттық дисциплиналары мен спорттық нысандары толық бекітілді.
«Осы уақытқа дейін сноубордтың халф-пайп дисциплинасының мәселесі шешілмеген еді. Сноубордтың аталған түрін өткізу үшін 2 млрд теңгеге жер қазу жұмыстарын жүргізуді талап еткен. Бірақ біз бұл дисциплинаны қаланың орталығында уақытша конструкцияларда өтетінбиг-эйр мен шаңғы акробатикасына ауыстырдық. Оны ұйымдастыруға 2 млрд шығынның орнына 50 млн теңге кетеді,- деді Әсет Әбдуәлиев.
Универсиада бағдарламасына шаңғы сайысы, биатлон, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру спорты, сноуборд, фристайл, шайбалы хоккей, трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, бенди, таушаңғы спорты мен керлинг кіреді. Универсиаданың тарихында бірінші рет сноубордтың бигэйр түрі мен шаңғы акробатикасы ашық аспан астында өтпек. Бұл жарыстарды өткізу үшін Алматының орталығынан уақытша спорт ғимараты бой көтереді.
Қалған спорт түрлері 8 нысанда өтеді. Оның үшеуінің құрылысы қазіргі уақытта жүргізілуде. Олар 12 мыңдық Мұз сарайы, 3000 мың адамдық Мұз аренасы және 5000 адамға арналған Атлетикалық ауыл салынуда.
Алматыдағы қысқы Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпанда өтеді. Аталған дода елімізді тарихында өтетін ең ірі спорттық шара болмақ. Оған 2000 спортшы, 1000 техникалық делегат пен төрешілер тобы қатысады. Және жарысты тамашалауға 30000 турист келеді деп жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Алматыда қысқы Универсиадаға дайындық аясында отандық өнім шығарушылармен ынтымақтастық форумы өткен болатын. Қорытындысында қазақстандық өнім шығарушылармен 20 млрд теңгеге меморандум бекітіліген болатын.