Мамыр айында тұсаукесері өткен, қалың жұртшылық жылы қабылдаған «Құнанбай» фильмінің прокатқа шығуы біраз дауға ұласты. Тұсаукесер өте салысымен фильмнің отандық кинотеатрлардағы көрсетілімі күзде басталады деген хабар тарады. Уәде етілген қыркүйек туысымен көрсетілім қазанға, қазан болғанда қарашаға шегеріліп, аяғында қазақстандық кинотеатрлар бұл фильмді көрсетуден бас тарта бастаған. Қоғамда бұл жағдай үлкен шу туғызып, көпшіліктің наразылығына тап болды.
Тіпті, 3 800 000 АҚШ доллары жұмсалып, мемлекет қаражатына түсірілген туындының тағдырына алаңдаған фильм режиссері әрі бас рөлді сомдаушы Досхан Жолжақсынов сырқаттанып ауруханаға да түскен.
Фильм сценарийін жазған көрнекті жазушы Таласбек Әсемқұловтың жары Зира Наурызбаева да дабыл қағып, мәселені оң шешуге шақырды.
«Қазақфильм» фильмді көрсетуге әрекетсіздік танытып отыр. Басында бюджеттен киностудия фильмді насихаттау үшін қомақты қаражат алған. Енді жарнамаға ақша жоқ дейді. Кинотеатрлар көрсеткісі келмейді. Олардың уақыты жоқ, американдық кинолар кезекте тұр екен. Шаршадым!» деген режиссердің жанайқайын фильм сценарийнің авторы, жазушы Таласбек Әсемқұловтың жары бұқараға жеткізді.
Көп ұзамай осы мәселеге қатысты бұрынғы Мәжіліс депутаты, «Өрлеу» Ұлттық орталығы директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов үн қатты. Оның айтуынша, мұнда «Мәдениет туралы» заң талаптары бұзылған.
«... арада жарты жылдан астам уақыт өткенімен, бұл фильм әлі көрерменге жеткен жоқ. Жеке кинотеартлар әртүрлі сылтаумен экранға шығаруға қарсылық жасауда. Бұл заң талаптарының өрескел бұзылуы болып табылады. Себебі, ҚР «Мәдениет туралы» заңының 28 бабына сәйкес «Кинематографиядағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары» болып, «шетелдік фильмдерге қарағанда ұлттық фильмдерді шығаруға, олардың таралымын көбейтуге және прокаттауға басым жағдайлар жасау» талаптары қойылған. Сондай ұлттық кино ретінде «Құнанбай» фильмі бірінші қатарында болатыны сөзсіз. Себебі халықтың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға, мемлекеттік мүдделерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кино өнері арқылы әлемдік деңгейде танып-білуге қызмет етуіне толық мүмкіншілігі бар» дейді Мұрат Әбенов. Экс-депутат отандық кинотеатрлардың жалпы заң талаптарын көп жағдайда пысқыра бермейтініне тағы бір мысал келтіреді.
«Кинотеатрлар иелері Қазақстан азаматтарының құқығын, мемлекеттік тілге қатысты заң талаптарын өрескел бұзып жүргендіктерінің тағы да бір дәлелі — ол осы 28 баптын тағы да бір талабын орындамаулары. 2012 жылдан бастап 1 қантарынан бастап» прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмдерге қазақ тілінде дубляж жасалуы тиiс». Бір де бір кино қазақ тіліне аударылмай көрсетілмеуі тиіс. Бірақ бұл талап орындалмай келеді! Басым көпшілігі мүлдем аударылмаған. Оны көріп жүрген осы мәселені бақылауға жауапты мемлекеттік қызметшілер 3 жылдан бері неге үндемей келеді? Мектеп оқушыларының 80% студенттердің 80% қазақ тілінде білім алатынын білеміз. Сонда ол жастар басқа елдегі тұратын өз құрбыларымен қатар киноға баруы құқықтары неге бұзылуы керек? Біздің жастар кімнен кем? Өз ақшаларын киноны қазақшаға аударуға қимайтын кинотеатр басшылары енді міне дайын қазақша ұлттық фильм дәрежесі бар киноны жарыққа шығаруға кедергі жасаумен көзге түсті. Тағы да заңсыздығын ақтайтын қызметкерлер табыла ма?» деген ол үкімет басындағылардың бұл бағытта солқылдақтық танытып отырғанын ашық көрсетеді.
Басқасын айтпағанда, руханият саласындағы біраз былықты осы «Құнанбай» фильмінің прокатына қатысты даудың өзі-ақ ашып берген сыңайлы. Талайдан бері коммерциялық мүдде соңында кетіп, ұлттық құндылықтарға мойындары жар бермеген кинопрокат нарығының серкелері бұл жолы да ештеңеге пысқырмаған. Танымал жазушы жазған сценарийге де, көрнекті кино қайраткері түсірген картинаға да, тіпті, бар қазақтың дана тұлғасы Құнанбайға да!
Осы жерде бар кінәні кинотеатрлардың басшылығына жаба салып, отыра беруге де болады. Сөйтіп отырғандар да бар. Бірақ, кинотеатрлардың жекеменшіктегі дүние екендігі, олар алдымен коммерциялық мүддені ойлайтыны бір бүгін белгілі болды ма? Мемлекет тапсырысымен әзірленіп, қазына қаражатына түсірілген фильмге алдымен сол мемлекеттің өзі неге жоқтаушы болмайды?! Неге «Іштен шыққан шұбар жылан» үшін тек фильм режиссері мен сценарий айналасындағылар шыр-пыр болуы керек? Мәдениет министрлігі қайда қарап отыр? Паламенттегі салалық комитет мүшелері неге үн қатпады? Қолдаушысы болмаса, жеке кинотеатрларға заң талабына ашық қарсылық танытатындай құдырет қайдан келді?
Абырой болғанда келеңсіздік көпке созылмай оң шешімін тапқандай сияқты. Мәселеге «Қазақфильм» АҚ-ы араласып, фильмнің 3 желтоқсаннан бастап отандық кинотеатрларда көрсетілетін болғанын жеткізген. Кинокомпания баспасөз қызметінің басшысы Алмас Тұяқбай: «Фильм тұсаукесері мамыр айында өтті. Прокатты күзге, студенттер Алматыға оралатын уақытқа жоспарлаған едік. Енді нақты қай күннен бастап көрсететінімізді анықтадық» деп жауап берген «Айқын» газетінің сұрауына.
Ал, енді осыдан кім не түсінді? Тарихи, мәдени құнды жәдігерді студенттердің жиналуын күтетін жалпықалалық сенбілік деңгейіне түсіргеніміз қалай? Мейлі, көрермен жиналсын деп күзді күтік ал. Күз басталғалы қашан, бірақ? Жауапты тұлғалар қыркүйектен бері не бітірген? Қалай болғанда да мұнда бір шикілік бар. «Қазақфильм» басшылығы мәселенің жоғары жақтарға жетіп, үлкен шуға ұласуынан сескеніп, шұғыл араласқан түр танытып жатқан сияқты. Шикі жауаптың сиқына қарап осындай ойға қалып отырмыз. Өйткені, кинотеатрлар тарапынан әлі ешқандай ресми мәлімдеме, уәде-ұсыныс айтылмады. Олардың не «жауап» әзірлеп отырғаны, бұл кикілжіңге қатысты қандай пікірде екендігі белгісіз. Бәлкім, мемлекеттік киногерлерге ататын «тастарын» дайындап жатқан болар...
Жомарт Абдоллаұлы