...Ненің белгісі?..
Өзімде бұған жауап жоқ: құдайдан қорықпау ма, бір-ақ рет берілетін өмірді бағалай алмау ма, тіршілікті тәрк етіп, түңілу ме, әлде, адамның ішкі жан-дүниесінің кедейленіп, азғаны ма, жоқ, ақырзаманның белгісі ме?..
Біздің Орал қаласында 75 жасар қарт биік көпірден өзін тасжолға тастап жіберіп, бақилық болды. Ал, Алматы қаласындағы «Мерей» сауда орталығының зәулім шатыранан бір түнде 50 жастағы егіз әйелдер әдейі секіріп, өмірмен қоштасты...
Жаның шошып, жүрегің сыздайды... Бір жағынан, «кешегі сұмдық ашаршылық пен қан сасыған соғыстың аса ауыр кезінде де адамдар ертеңінен үміт үзген жоқ қой» деп ойлайсың... Екінші жағынан, мәселенің – ертеңгі күні бір турам нансыз қалудан қорқуда емес, жалпы, адам тіршілігінің қызығы мен қызуының азайып, ертеңнің үміті мен сенімінің тым тарылып кеткендігін мойындамасқа шараң жоқ...
Есесіне, ЮНЕСКО-ның Бас конференцисының 38-інші сессиясында біздің басшымыз: «Соңғы жиырма жылда біз дегеніңіз жүздеген ауруханалар мен мектептер салдық. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 19 есеге өсті. Әрбір тұрғынның кірісі орта дейгейдегі мемлекеттердің дәрежесіне жетті. Орташа өмір сүру – 70 жасқа жетті. Кедейшілік көрсеткіші 11 есеге, яғни, 34 пайыздан – 3 пайызға дейін төмендеді» – деп, сайрап тұр...
Осы кезде қазақ парламентінің қабырғасында Кәрім Мәсімовтың үкімет мүшелері қазақ теңгесінің секірісінен мемлекеттік бюджетті есептей алмай даурығып жатты. Қаржы вице-министрі Лена Кармазина қаржылық жағдайдың өте күрделі екендігін, «танго билеген» теңге бағамы мен инфляция деңгейінің алаңдатушылық туғызып қана қоймай, тығырыққа тірегенін байқамай айтып қалды. Артынша миллионер-министр, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «сасқан үйрек артымен сүңгіп», өздерінің қателіктерін басқаға былайша жауып-жапсыруға тырысты: «Ел арасында үрейді журналистер туғызып жүр. Біз тиісті есептердің қашан аяқталатынын, Ұлттық банкте талқылау жүріп жатқанын, бұл процестің бәрі жария түрде өтетінін айттық. Біз осы заң бойынша (2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң) 1 желтоқсанға дейін үлгереміз...»
Бөз бұзылмастан бұрын, сөздің бұзылатыны рас қой. Алматыдағы бір нән басқосуда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, лингвист ғалым Нұргелді Уәлиев қазір жетекші салаға айналған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін өткір сынға алды. Уәлиев былай деді: «Сөйлеу тіліміз қиындап кетті. Мәдени семантика сақталмайды. Тілдік семантика – тілдің норма негіздері – ұзақ жылдар бойы қаланады. Ол бұзылса – нағыз қауіп. Тіл экологиясы әбден бұзылды. Бұқаралық ақпарат құралдары ана тіліміздің сұрқын қашыруда. Тікелей аудармаға сүйену мен кірме сөздерді көп қолдану – қазақтың көркем сөздерін ұмыттыра бастады. Қазіргі журналистер «саламат» пен «салауат» сөздерін бір-бірінен ажырата алмайды. «Салауат» – кешірім деген сөз, мұсылман әр дұғасында Мұхаммед Пайғамбарына салауат айтады, Алладан кешірім сұрайды; сондықтан, кешірім сөзі дау-дамайды тоқтату үшін құқықтық негізде қолданылады. Бүгінгі журналистер «саламатты» дегеннің орнына – «салауатты өмір салты» – дейді»...
Иә, ештеңенің қадірі қалмай барады. Ертеде Ақсақ Темір түрік әміршісі Баязитті жеңгенде, ханның алдына келген Баязит тұтқынның денесі бір жағына қарай қисайып кеткен көрінеді. Сонда Ақсақ Темір:
- Егер Алла Тағала сен және мен сияқты ақсақ пен қисыққа тақ пен тәж сыйлаған болса, онда Құдай үшін биліктің де ешқандай құны болмағаны-ау, осы! – депті...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА